Аймақтар | Регионы

Алматы облысында қазір әлеуметтік маңызды азық-түліктің 193,1 мың тонна қоры бар

Алматы облысында әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының ай сайынғы қажеттілігі шамамен 111 мың тонна болса, қазір өңірде 193,1 мың тонна қор бар. Мәселен, тұрақтандыру қорында 26,8 млн. теңге болатын 121,7 тонна тауар бар, атап айтқанда, бидай ұны – 94 тонна, қант – 27,7 тонна екен.

Азық-түліктің 19 түрінен тұратын әлеуметтік маңызды тауарлар бағасының өсуіне жол бермеу мақсатында облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы «Жетісу» ӘКК-мен бірлесіп тұрақтандыру қорында, өндіруші кәсіпорындарда, қоймаларда азық-түлік тауарларының қоры қанша екеніне тұрақты бақылау жасап, мониторингілейді.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының хабарлауынша, облыс әкімінің тапсырмасымен халықты азық-түлікпен және бірінші кезектегі қажеттіліктермен үздіксіз қамтамасыз ету үшін бюджеттен қосымша 2 млрд. теңге бөлінді. Соның 1 млрд. теңгесі – әлеуметтік маңыздағы азық-түлік тауарларын сатып алу интервенциясын жүргізуге, 1 млрд. теңгесі – кәсіпкерлік субъектілеріне займдар беру үшін қарастырылды. Бөлінген қаржыға қосымша 5,9 мың тонна ұн, 100 тонна күріш, 20 тонна рожки, 5 мың литр күнбағыс майы, 1000 тонна қант, 200 тонна картоп, 100 тонна пияз бен 1 тонна тұз сатып алу жоспарланған. Нанның бағасын ырықтандыру мақсатында 2019 жылдың ІV тоқсанында бірінші сұрыпты бидай ұнын жеткізуге 52 наубайханамен агенттік келісімдер жасалды, бұл мақсатқа «Жетісу» ӘКК-нің айналымдағы қаржысынан 260 млн. теңге бөлінді. Сол сияқты займ берудің негізгі шарттары бекітілді. Қазіргі кезде кәсіпкерлік субъектілерін іріктеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Сонымен бірге бүгінгі күні «Жетісу» ӘКК «Алель Агро» (құс еті), «Сары-Бұлақ» (тауық жұмыртқасы), «Үштөбе-Айдын» (сүт өнімдері), «Нұр Агро» (пияз) ЖШС-лары мен «MPS» (сиыр еті) мал шаруашылығы кешені сияқты тауар өндірушілермен ынтымақтастық туралы меморандумдар жасасты. Жасалған осы меморандумдарға сәйкес тауар өндірушілер бірінші кезектегі қажетті азық-түлік тауарларымен төмен бағада облыстың сауда нысандарын қамтамасыз етеді. Арзандатылған тауарлар сатылатын сауда нысандарының тізімі жасалды, бүгінгі күні осындай 17 дүкен белгіленді. Жеткізушілердің жоғарыда аталған тауарларды жіберу бағасы нарықтағыдан 10-15% төмен болады.

Сондай-ақ облыста 295 әлеуметтік сауда нүктелері, 174,3 мың тонналық 141 жеміс-жидек қоймасы, жалпы алаңы 96 га 100 жылыжай, 103 мал бордақылау алаңы (жылына 25,6 мың тонна ет) және 76 сүт-тауарлы ферма (87 мың тонна сүт) жұмыс істейді.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, әлеуметтік маңыздағы тауарлар бағасының өсуіне жол бермеуге бағытталған жұмыстар жалғасады.

Комментарий