Қоғам | Общество

«БІЗ СІЗДЕРМЕН БІРГЕМІЗ!» «ХҚО-ның қыздары» Стамбулдан сәлем жолдады

Стамбулдан жеткен сәлемнің иелері – «ХҚО-ның қыздары» атанған Эсма мен Элиф екен.

Телефондағы what’s app желісі арқылы сәлем жазған егіз қыздың анасы Әлия Алтуняй қасиетті Рамазан айымен құттықтап, «ХҚО-ның қыздарының» атынан Стамбулдағы қайын жұртында жүрген жерінен сәлем жолдапты.
Егіздердің анасы карантин кезінде алаңдап, әрі ХҚО қызметкерлеріне қолдау білдірейін деп шешіпті. «Сіздерге Алла риза болсын! Алғысымыз шексіз! Біз Сіздерді сүйеміз! Біз Сіздермен біргеміз!» делінген хабрламада. Және осы сөздермен қолдан салынған балалар суретін жолдапты.

«Мен егіздерге «Сендер ХҚО-ның» қыздарысыңдар. ХҚО мамандарының дер кезінде жедел жәрдем шақырып, мені перзентханаға уақытында жеткізбегенде, сендер туылар ма едіңдер, туылмас па едіңдер деп қоямын. Түсінсе де, түсінбесе де ыржаңдап қояды…», -дейді Әлия Алтуняй.

Иә, оқиға былай болған еді. Осыдан үш жыл бұрын алматылық Әлия босануға дейінгі құжаттарды рәсімдеу үшін Азаматтарға арналған үкіметтің Медеу ауданындағы Халыққа қызмет көрсету орталығына келген. Бірақ талон алмай жатып, оның толғағы басталып кетеді. Орталық қызметкерлері дереу жедел жәрдем шақырып, ол бөлім басшысының кабинетінде толғатып жатады.

Қызметкерлер Әлияның жанында болып, абыржымауын сұрап, оған дем береді. Жедел жердем келген бетте ол перинаталдық орталыққа жеткізіліп, екі қызды дүниеге әкеледі. Осылайша ата-анасымен бірге, тұңғыш ұлдары Әли бір күнде екі қарындасты, ХҚО қызметкерлері «екі қызды» болып қуанады…
Әлия босанып, перзентханадан шығатын күні “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы Алматы филиалының қызметкерлері егіздің дүниеге келуімен құттықтап, олардың үлкен отбасыларына денсаулық пен амандық тілеген. Сол кезде филиал қызметкерлері «бұл егіздер біздің де қыздарымыз болсын» деп келіскен.

Егіздерге ата-анасы Эсма мен Элиф деп ат берген. Яғни, түрік тілінен аударғанда – “жомарт” және “сабырлы” деп аударылады.
Содан бері ХҚО-ның қызметкерлері «қыздарының» жағдайын сұрап, егіздердің анасы Әлиямен хабарласып тұрады… Әлия да ризашылық сезіммен үнемі байланысын үзбеген.

«Эсма пен Элиф өсіп келеді. Қазір екі жарым жаста, көп нәрсені түсінеді. Өте белсенді., тіпті гипербелсенді десем болады. Бір орнында отырмайды, бәрін білуге, көруге құштар. Қазір соңғы тістері шығуда, соған аздап мазасызданатындары болмаса, өте көңілді балалар», – дейді егіздерінің қазіргі жағдайы жайлы баяндаған анасы.

Періште көңілді сәбилердің сәлемін алған Азаматтарға арналған үкіметтің қызметкерлері де «өз қыздарына» ризашылығын білдіріп, анасы Әлияға алғыстарын айтты.

Комментарий