Бас тақырып | Тема дняЕлең еткізер | АктуальноҚоғам | Общество

Тоқаев төтенше жағдай режимін ұзартатынын мәлімдеді

Төтенше жағдай режимінің мерзімі бірінші мамырда аяқталуы тиіс еді, алайда президент оны тағы да ұзартпақ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай режимін 11 мамырға дейін ұзарту туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

“Еліміздегі қазіргі ахуалға байланысты және мемлекеттік комиссияның ұсыныстарын негізге алып, мен төтенше жағдай режимін биылғы 11 мамырға дейін ұзарту туралы жарлық шығару жөнінде шешім қабылдадым”, – делінген Тоқаевтың Ақордада жарияланған мәлімдемесінде.

Президент режим мерзімін ұзарту халық бастан өткеріп жатқан күрделі кезеңнің талабы екенін айтты.
Ол заңға сәйкес 11 мамырда төтенше жағдай режимі аяқталатынын атап өтті.

“Елімізді пандемияның шеңгелінен құтқару – бәрімізге ортақ міндет. Мен үшін әр азаматтың өмірінен қымбат ештеңе жоқ”, – деді мемлекет басшысы.

Тоқаев төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия карантин талаптарын жеңілдетуге дайын екенін жеткізді.

Карантин талаптарын жеңілдетуді, ең алдымен, вирустың таралуын қатаң бақылауда ұстап отырған облыстар мен қалалардан бастауға болады, деді президент.

Төтенше жағдай режимі

Қазақстанда коронавирус індетіне байланысты төтенше жағдай режимі президенттің жарлығымен 16 наурызда бір айға енгізілген еді. Одан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев оны бірінші мамырға дейін ұзартты.

Соңғы мәліметтер бойынша, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 2 717 адамға жетті. 682 адам сауығып шықса, 25 науқас көз жұмды.

Комментарий