Қоғам | Общество

«Тараз әкімдігі қалғып отырады, қашан оянатыны белгісіз» – Бердібек Сапарбаев

Неге балалар 1874 жылы салынған ғимаратта оқуы тиіс? Неге жаңа мектеп салу туралы ұсыныстарды көтермейсіз? Барлығы үшін әкім жауапты. Егер нәтиже болмаса, сізге ешқандай уәде берудің қажеті жоқ.
Бердібек Сапарбаев Тараз қаласын дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізді. Басқосуда Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаев облыс орталығының тұрғындарының барлық қол жетімді байланыс арналары, соның ішінде әлеуметтік желілер арқылы түскен хабарламаларында ескертілген көптеген кемшіліктерге қатысты жауап беруге мәжбүр болды. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы, Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Қала тұрғындары қалалық қызметтер мен тікелей Тараз әкімдігінің жұмысына байланысты 16 мыңнан астам өтініш жолдаған. Әлеуметтік желілерде облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың атына қалалық әкімдіктің қызметіне қатысты 178 өтініш келіп түссе, олардың 33-і ғана орындалды. Тұрғындарды негізінен қоғамдық көлік жұмысының нашарлығы, автобус аялдамаларының жай-күйі, жол жамылғысы, қоқыстың, ашық люктердің көптігі, ағаштарды заңсыз кесу және тағы басқа осы секілді мәселелер толғандыруда.

Айта кетейік, ағымдағы жылға арналған жоспар ауқымды. Екі жаңа мектеп, үш дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынып, 54 көппәтерлі тұрғын үй, 88 шақырым жол мен тротуарлар жөнделмек. Балалар және футбол алаңдары бар 165 аула ретке келтіріледі, онкологиялық аурухананың, Құмшағал және Шалғай Қарасу алқаптарына газ және су құбырларын тарту жұмыстары жалғасын табады. Нәтижесінде кемінде алты мың жұмыс орны құрылады деп жоспарланған.

168 нысанның құрылыс-жөндеу жұмыстарына қажетті 45,9 миллиард теңге бөлінген.

Бердібек Сапарбаев атап өткендей, жалпы облыс бойынша түрлі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің орындалмауы Тараз қаласы әкімдігінің қызметімен байланысты болып отыр.

“Қалалықтар өздерін толғандырған мәселелерін шешіп беруді өтініп облыстық әкімдікке қоңырау шалып, әлеуметтік желілер арқылы дабыл қағуда. Себебі ұйымдастыру жұмыстары әлсіз, тиісті бақылау жоқ”, – деді аймақ басшысы.

Жолаушылар көлігінің тұрақсыз қозғалысы, ескі және тар автобустардың лас және ыңғайсыз салондары, жүргізушілер мен кондукторлардың мәдениетсіздігі қала тұрғындарының көптен бері көтеріп келе жатқан басты мәселелерінің бірі.

Тараз қаласының әкіміне адамдардың қажеттіліктерін ескере отырып, маршруттарды жүйелендіру, жаңа, сыйымды автобустар сатып алу мәселесін шешу, электронды билеттендіру мен GPS-бақылауды енгізу бойынша тапсырмалар жүктелген болатын. Өкінішке орай, әлі күнге бірде – бір тапсырма орындалмады. Тараз әкімдігі қалғып отырады, қашан оянатыны белгісіз”, – деді Бердібек Сапарбаев.

Облыс орталығын санитарлық тазалау жұмыстары да сын көтермейді, қаланың әр бұрыштарында қоқыс үйінділері жиналып қалған.
Айтқазы Қарабалаев тараздықтар карантин кезінде үйде отырып, қалдықтарды көп шығарып жатқандығын айтып ақталуға тырысты.

“Мұндай жағдайда тиісті қызметтердің тасымал санын арттыру керек, қоқыс контейнерлерін жиі тазалап отыру керек. Күн сайын бізге ашық люктерге қатысты 5-6 хабарлама түседі. Оған кез келген уақытта, әсіресе, түнде бала да, ересек адам да құлап кетуі мүмкін. Мұндай салғырттық адам өліміне әкеліп соқпасына кім кепіл!?”, – деп сөзін жалғастырды әкім.

Бұл мәселені шешу үшін көп ақша қажет емес, бірақ тиісті құрылымдардың оған мойны жар берер емес.

Тағы бір мәселе – бой көтеріп жатқан көппәтерлі үйлердің сыртқы келбеті. Мердігерлер өз қателіктерін түзетуге асығар емес. Құрылыс сапасын бақылауға арналған мемлекеттік органдар қайда қарап отыр? Кейбір үйлерде әлі күнге дейін газ бен су жоқ. Мұндай жағдайда адамдар қалай тіршілік кешеді? Бердібек Сапарбаевтің осы секілді көптеген сауалдарына нақты жауаптар берілген жоқ.

Қалалық билік Тараз қаласының орталығына таяу маңдағы сақалды құрылыс мәселелерін әлі күнге шеше алмай отыр. Құрылысы тоқтап тұрған нысандардың иелеріне өз міндеттемелерін орындау бойынша тиісті шараларды қабылдауға неге қауқарсыз?

“Қызыл сызыққа қатысты талаптарының бұзылуы әдетке айналды. Құрылыс нысандары тротуарлардың үстіне шығып, қарапайым адамдардың қозғалысына кедергі келтіруде. Сондықтан халықтың наразылығы түсінуге болады. Аялдамалардың жай-күйі де көңіл толмайды. Шатыр соғып, адамдарға ыңғайлы орындықтар орнату соншалықты қиын жұмыс па? Мен бұл туралы қала әкіміне бірнеше рет айтқанмын. Бірақ ештене өзгерген жоқ. Мұның барлығы – жауапты тұлғалар тарапынан бақылаудың жоқтығынан”, – деп Б.Сапарбаев.

Арықтардың бәрі бітелген, көптен бері су ағудан қалған. Бір кездері Қазақстанның ғана емес, бүкіл Одақтың ең жасыл қалаларының бірі болған шаһар бір кездегі даңқын жоғалтты.

Тараз қаласы әкімінің ағымдағы жылдың бірінші тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есебі кезінде Бердібек Сапарбаев өз ескертулерін айтып, орындалмаған тапсырмаларды еске салды. Нақтырақ айтсақ, ол тұрғын үй және басқа да құрылысқа қажетті бос жерлерге талдау жүргізуге қатысты тапсырмалар еді.

“Қала әкімдігінің басшылары өнеркәсіп кәсіпорындарына бармайды, шағын және орта бизнес субъектілерімен байланыс орнатпайды. Шенеуніктердің басты міндеті – кабинетте отыру емес, экономиканы алға жылжытуға ықпал жасайтын кәсіпкерлік қол ұшын созу. Келесі мәселе – білім беруге қатысты. Неге балалар 1874 жылы салынған ғимаратта оқуы тиіс? Неге жаңа мектеп салу туралы ұсыныстарды көтермейсіз? Барлығы үшін әкім жауапты. Егер нәтиже болмаса, сізге ешқандай уәде берудің қажеті жоқ”, – деді аймақ басшысы.

Кеңесті қорытындылай келе Бердібек Сапарбаев негізгі аспектілерге назар аударды. Тараз – Жамбыл облысының бет-бейнесі, туристерді тарту орталығы. Сондықтан қала әкімдігіне өңірді дамыту бойынша зор жауапкершілік жүктеледі.

“Қала шаруашылығының әрбір бағыты бойынша талдау жүргізіп, ыстық нүктелерді анықтаңыз. Қала тұрғындарын толғандыратын мәселелерді шешу үшін арнайы жұмыс топтарын құрыңыз. Қоғамдық бақылауды реттеңіз. Облыс орталығының тұрғындарымен нақты кері байланыс орнатыңыз, олардың шағымдарына жедел жауап беріңіз. Сіз тұрғындарға көмектесу үшін осы лауазымға тағайындалғансыз. Ірі, шағын және орта бизнес кәсіпорындарымен тығыз жұмыс істеңіз, олардың мәселелерін назарға алу керек. Мұндай жиналыстарды жиі өткізіп отыратын боламыз. Бастапқыда тоқсан сайын ұйымдастырамыз. Сіздің жұмысыңыз туралы жарты жылдың қорытындысы бойынша бағалайтын боламыз”, – деді Бердібек Сапарбаев қала әкіміне қарата сөйлеп.

Комментарий