Қоғам | Общество

Біріккен Ұлттар Ұйымының жоғары мойындауы

Біріккен Ұлттар Ұйымының шешімімен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ БҰҰ-ның тұрақты даму жөніндегі «Академиялық ықпал» бағдарламасының Жаһандық хабына төртінші мерзім қатарынан басшылық етеді. Бұл – тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыруға үлкен үлес қосып отырған жетекші қазақстандық университеттің табысты қызметінің халықаралық жоғары деңгейде мойындалуының дәлелі.

БҰҰ-ның тұрақты даму жөніндегі «Академиялық ықпал» бағдарламасы сегізінші Бас хатшы Пан Ги Мунның бастамасы. 2014 жылдан бастап әлемдік хабты басқарған ҚазҰУ, халықаралық деңгейде осындай жоғары мәртебеге ие болған ТМД-дағы алғашқы және жалғыз жоғары оқу орны. ҚазҰУ – БҰҰ-ның 10 дүниежүзілік хабтарының бірі. Ол әлемдік академиялық қоғамдастықты үйлестіріп, ғаламшар ресурстарды сақтауға, сапалы білім мен игілікке қол жеткізуді қамтамасыз етуге, инновацияларды дамытуға, экожүйелерді сақтауға бағытталған адамзаттың тұрақты дамуының 17 мақсатын іске асыруға белсенді тартуда.

ҚазҰУ әлемнің тұрақты дамуының өзекті мәселелерін шешуге бағытталған бірқатар ірі халықаралық іс-шаралардың бастамашысы. Университет ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жасыл көпір» және «G-Global» бастамаларын қолдау мақсатында ТМД жоғары оқу орындарының арасында алғаш болып «RIO+20» Жаһандық саммитінде секциясын ашты. Азия университеттері ректорларының тұрақты даму мәселелері бойынша ІІІ форумын ұйымдастырып өткізді.
2018 жылы Астана экономикалық форумы аясында ҚазҰУ бұрынғы БҰҰ Бас Хатшысы Пан Ги Мунның тікелей қатысуымен оның атындағы Тұрақты даму институтын ашты. Халықаралық академиялық ұйым ретінде, институттың қызметі білім беру, зерттеу және мәдени-гуманитарлық салаларда халықаралық ынтымақтастық пен күш-жігерді біріктіріп, тұрақты даму мақсаттарын іске асыру үшін әріптестікті ілгерілетуге бағытталған.
ҚазҰУ Жаһандық хабты басқара отырып, «Университет 4.0» – жаңа буын ЖОО моделін жасап іске асыруда. Ол технологиялық және рухани-адамгершілік платформалардың симбиозына негізделген және әлемнің жауапты азаматтарын қалыптастыруға бағытталған. «Өркениеттер Альянсымен» бірлесе отырып модель Нью-Йорк қаласындағы БҰҰ штаб-пәтерінде таныстырылды және болашағы кемел, әрі өзекті бастама ретінде әлемнің жоғары оқу орындары арасында кең таратуға ұсынылды.

Қазіргі уақытта университетте тұрақты даму бойынша, сондай-ақ халықаралық журналистика және қоғамдық медиа атты ЮНЕСКО кафедралары табысты жұмыс істеуде. Сонымен қатар, Колумбия университетімен (АҚШ) бірлесіп, «MDP Global Classroom» тұрақты даму бойынша мамандар даярлау бағдарламасы жемісті жүзеге асырылуда. ҚазҰУ «БҰҰ Моделі – Жаңа Жібек жолы» атты дүниежүзілік студенттік жобаның белсенді қатысушысы.

Жаһандық хаб ретінде ҚазҰУ-дың қызметі БҰҰ басшылары тарапынан жоғары баға алып халықаралық мойындауына ие болды. БҰҰ Нью-Йорк қаласындағы штаб-пәтерінен жуырда ҚазҰУ-ға жолдаған хатында «Академиялық ықпал» бағдарламасының жетекшісі Раму Дамодаран университеттің шын мәнінде тұрақты әлем құрудағы маңызды миссиясын атап өтіп, оған жемісті және тиімді жұмысы үшін алғыс білдірді.

Комментарий