“Айбалта – 2019” оқу-жаттығуы осы жылдың 3 мамырына дейін жалғасады. Қазақстан қорғаныс министрі генерал-майор Нұрлан Ермекбаевтың бұйрығымен Қарулы Күштердің құрамалары мен әскери бөлімдері “Айбалта – 2019” ірі ауқымды стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуын өткізу аясында оқу дабылы бойынша көтерілді.
“Оқу-жаттығуға Құрлық әскрелері, Әуе қорғанысы күштері, Арнайы операциялар күштері, арнайы әскерлер мен материалдық-техникалық қамтамасыз ету бөлімдері мен бөлімшелері тартылды”, – деп жазылған қорғаныс министрлігі таратқан хабарламада.
Әскерлердің теміржол көлігімен қозғалуы үш бағыт бойынша жүзеге асырылды. Оған 20-дан аса әскери эшелон тартылды. 8 лек құрамында автомобильді көлікпен 400-ден аса бірлік әскери техника марш жасады. Қозғалыстың ұзындығы 300-ден бастап 1000 шақырымнан асады.
“Айбалта – 2019” стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуы Алматы облысының “Көктал” оқу-жаттығу полигонында өткізіліп жатыр, осы жылдың 3 мамырына дейін жалғасады.
Комментарий