Қоғам | Общество

Атырауда полиция қызметкерлері күдіктіні ұстағаннан кейін коронавирус жұқтырып алды

Атырауда үш полицей күдікті ретінде ұсталған адамнан COVID-19 жұқтырған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі ATPress.kz-ке сілтеме жасап.

16 сәуірде жұқпалы аурулар стационарына 25 жастағы азамат жеткізілген. Белгілі болғандай, ол бұған дейін қалалық полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторында (УҰИ) қамауда болған.

Науқасқа коронавирус диагнозын қойғаннан кейін онымен бірге байланыста болған 27 адамды дереу оқшаулаған. Олардың бәрі ПТР-тестін тапсырған.

Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлнафис Танбаеваның айтуынша, тестілеуден кейін науқаспен жақын байланыста болған үш полицейден коронавирус анықталған.

Қазіргі таңда олар жұқпалы аурулар ауруханасында емделіп жатыр. Сонымен қатар, осы полицейлермен жақын қарым – қатынаста болған 18 адам анықталып, олардың барлығы карантиндік стационарға медициналық бақылауға алынды.

Комментарий