Қоғам | Общество

«ШАБЫТ» ҮЙІРМЕСІНІҢ ҮЙРЕТЕРІ КӨП

 Қазақ тілі мен әдебиеті пәні аясында, ақын-жазушыларды құрметтеу шығармаларын оқып насихаттау мақсатында, 2008 жылдан бастап,   «Шабыт»үйірмесін құрып өнерлі білімалушылармен жұмыс жүргізіп келемін.  «Шабыт» үйірмесінің жұмысы білім алушыларды шығармашылыққа бейімдеп,  жеке тұлғаның өнерін дарындылығын танытады. Осы орайда білімалушылармен тығыз қарым-қатынас орнатып,  үйірме жұмысын  ұйымдастырудың маңызы зор екенін білдім. Осындай жұмыстарды үнемі жүргізу білімалушыларды шығармашылыққа баулуға,  шәкірт бойындағы қабілет көзін ашып  тілін байытуға,  қиялын ұштауға,  өз бетінше ізденуге зор әсерін тигізеді.

Үйірме жұмысының шығармашылыққа баулуда бірнеше ерекшеліктерін санамалап айтуға болады:

үйірме мүшелері өзіндік ойлау ерекшеліктері басым,  түрлі болжамдар жасауға қабілетті,  қиялы ұшқыр, өзін танытуға құштар келеді;

үйірме мүшелерінің барлығы шығармашылықпен айналысуға ұмтылып тұрады, шығармашылық күшін сынауға тырысады;

үйірме мүшелерінің қиялдары жүйрік,  жандүниесі нәзік, өлең оқуға құштар,  лирик болып келеді, болмыстары поэзиядан құралады;

«Шабыт» үйірмесінің оқушы үшін шабыт баспалдағы-жаңаны жасау,сахналау,өзі сомдаған образдан өзі оқыған шығармадан алған ләззаты болмақ.Үйірме мүшелерінің қатысуымен колледжімізде көптеген іс-шаралар өткізілді. Атап айтсақ, әр жылы ақиық ақын М.Мақатаевтың туған күніне орай «Айтатын саған сырым бол….» «Жазылар естеліктер мен туралы» «Қазақ поэзиясының Хантәңірі» атты әдеби-сазды кеш ақынның 80 жылдық мерейтойына арналып қалалық деңгейде өтті.

Сонымен бірге, биылғы оқу жылында,  үйірме мүшелері  ақын Фариза Оңғарсынованың шығармашылығына арналған  «Жыр – менің жалғыз тарланым, жанымды жырмен жалғадым» атты әдеби-сазды кеш,  тәуелсіздігіміздің 27  жылдығына орай  «Нұр Отан» партиясының Түрксіб аудандық филиалы мен колледжіміздің ұйымдастыруымен өткен «Мен тәуелсіз Қазақстанның  ұрпағымын»  атты фестивалінде  «Тәуелсіздік –азаттығым бақ күнім!» атты әдеби –сазды кеш ұйымдастырып, үйірме мүшелері  «Нұр Отан» партиясының Түрксіб аудандық филиалы «Алғыс хатымен» марапатталды.

Неміс философы Зиммель «Білімді адам – ол өзі білмейтінді қайдан табуға болатынын білетін адам» деген екен. Сондықтан білімалушылардың сабақтан тыс уақытта білім үйірмелеріне қатысуы маңызды. Олай болса,  өз кәсібін жетік меңгерген маман дайындаумен қатар білімалушыларды ізденушілікке,  еңбекқорлыққа тәрбиелеу заман талабы. Үйірме жұмысының да шығармашылық ізденістегі білімалушыға үйретері мол екендігі шындық.

«Шабыт» үйірмесінің атқарған жұмысының нәтижесін қалалық байқауларда жеңімпаз атанған білімалушылар дәлелдеп берді. Атап айтсақ, Президент күніне орай Астана қаласы «Халықаралық ғылыми педагогикалық білімді дамыту академиясы» ұйымдастырған шығармалар сайысында  үйірме мүшесі, ІІ курс білімалушысы Бекберген Зухра ІI дәрежелелі дипломмен марапатталса, «Рухани жаңғыру» аясында өткен мәнерлеп өлең оқудан қалалық байқауда үйірме мүшесі, ІІ курс білімалушысы Бақаш Мағжан  ІІІ орын иеленді.

Колледжімізде өткізілетін іс-шараларға да «Шабыт» үйірмесінің тигізетін көмегі зор. Бойында тектілік бар ұрпағымыз -Абай мен Мұхтардың ұлылығын,   Мағжан мен Мұқағалидың сыршылдығын өнеге тұтып, тәуелсіз елдің болашығын білімділікпен алға жетелер деп сенім артамын.

                                                                                                 Абирова Шынар, қазақ тілі мен             әдебиеті пәнінің оқытушысы, «Шабыт» үйірмесінің жетекшісі

 

Комментарий