Судья мінбері | Судебная система

Жемқорлықты жеңген елдер бізге үлгі

Сыбайлас жемқорлықтан ешбір мемлекет сақтандырылмаған. Тіпті әлем халқы тамсанатын азулы елдердің, дамыған мемлекеттердің өзі сыбайластық пен парақорлықтан зардап шегуде. Бұл кеселдің кері салдары Қазақстанға да тимей отырған жоқ. Заңдық жазалардың қатаңдатылып, айыппұл көлемінің жоғарылағанына қарамастан, елімізде мемлекет қаржысына қол салып, мәртебелі мамандығының беделіне көлеңке түсіріп жүрген жандар аз емес. Абыройын ақшаға айырбастағандарға ештеңе де сабақ болмай тұр. Жалпы жемқорларды жазалау арқылы қорқыту мүмкін емес. Оның нақты дәлелі – көршілес Қытай елі. Мұнда жемқорлығы дәлелденген шенеуніктер өлім жазасына кесіледі. Егер осындай қатаң жазадан қорықса бүгінгі күнге дейін Қытайда жемқорлық жойылып кеткен болар еді. Алайда, жылда қайталанатын бұл қылмыс жемқорлықтың алдын алуға басқаша қарау керектігін ұқтыратындай.

Бұған қарап сыбайластыққа мүлде тосқауыл қоюға болмайды деген көзқарас қалыптаспауы керек. Себебі, Сингапур, Австрия, Нидерланды, Швеция сияқты өркениетті елдерде жемқорлық қылмыстары жоққа тән. Бізге осындай елдердің тәжірибесі үлгі болуға тиіс. Оларда жағдай қалай? Ең алдымен бұл елдер мемлекеттік қызметтің беделін көтеруге, бұл қызметке тек таңдаулылардың ілінуіне барынша жағдай жасаған. Мемлекеттік қызметке қабылдау жүйесі ашық, қолжетімді болғандықтан, білімін жетілдіріп, мамандығы бойынша мәртебеге ие болғысы келетіндер көп. Жұмысын адал, сапалы атқарған, ынталы, белсенді қызметкерлерді өсірудің арнайы жүйесі жасалған. Ең бастысы, тұрғындар білімін жетілдіріп, мінсіз қызмет еткенде сатылап көтерілетініне, айлығы мен жағдайының жақсаратынына сенеді. Ал сенім барда кез келген жанның алға ұмтылары, армандайтыны, әрі сол арман-мақтаның орындалатынына күмәні болмайтыны шындық.

Жалпы, сыбайлас жемқорлықтың ең басты жауы – ашықтық. Сондықтан біз барынша ашық қоғам орнатуға күш салуымыз керек. Кез келген сала өз жұмысын ашық, бүкпесіз жүргізуге, қолдан жасалатын қиындықтарды азайтуға тырысқаны жөн. Қазақстандық соттың да осы бағытта жемісті жұмыс істеп келе жатқанын жұртшылық көріп, біліп отыр. Бұл бағыттағы іс-шаралар сот саласына жаңа технология мүмкіндіктерін енгізуден бастау алғаны белгілі. «Төрелік», «Сот кабинеті» сервисі тәжірибеге енгізілгенде сот ғимратына өз аяғымен келіп арыз-шағымын берген, құжаттарды қолма-қол алған тұрғындардың түсінбеушілік танытқаны рас. Бірақ, уақыт өте келе сервистің тиімді екенін, жемқорлықтың жолын кесетінін, әбігерге салмайтынын жұмыс барысында көргендер жаңа сервистің қызметіне оң бағасын берген еді. Осылайша тұрғындар мен кеңсе мамандары арасындағы байланыс жойылған болатын. Сот қоржынына келіп түскен арыз-шағымдар мен іс-материалдарының судьяларға автоматты түрде бөлінуі де жемқорлыққа жол бермеудің тиімді тетіктерінің бірі.

Сонымен қатар, сот отырыстарының толықтай дыбыс-бейне жазу құрылғыларына жазылуы, сот ғимараттарының 100 пайыз бейне бақылау камераларымен жабдықталуы да таныс-тамыр іздеп, парақорлыққа бастайтын әрекеттерге тосқауыл қойды.

Көзіқарақты жұрт кеңсе мамандарынан бастап, сот төрағасына дейін әлеуметтік желілерде отыратынын аңғарған болар. Бұған қоса, қарапайым халық әр соттың өз жеке сайтының бар екенін, әлеуметтік желілерде баспасөз хатшылары мен бұқаралық

ақпаратқа жауапты мамандардың отыратынын біледі. Мұның да пайдалы тұстары өте көп. Ең алдымен сот қызметкерлерінің ақпарат алаңында белсенді болуы өз кезегінде сотқа қатысты ақпараттардың, жаңалықтардыңғ бастамалардың дер кезінде халыққа жетуіне көмектеседі. Соттың өз өкілі отырған соң азаматтарға да көкейіндегі сауалға жауап алу оңай. Ал мұндай өзара байланыстың болмауы салаға қатысты сұрақты көбейтіп, қызметке күмәнмен қарауға алып келеді.

Міне, осы іс-шаралардың өзі сот саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыстардың бір жүйеге түскенін, нәтиженің де жақсы екенін көрсетеді.

Төленді Боранов,

Алматы қаласы Әуезов аудандық №2 сотының судьясы

Комментарий