Бас тақырып | Тема дняЭкономика

ТОЙЫМСЫЗДАРҒА ТОСҚАУЫЛ БОЛА МА?

Жоғарының жағдайы жоқтарға деп беретін жомарттығы жаһанға жарияланған күннен-ақ атқарушы органдардың көлденең кедергісі, темірдей тексерісі басталады. Сөйтіп, қара халықтың қорадағы сиырын қойшы, жалғыз тауығынан алынған жұмыртқадан қалтаға қанша қаржы түсетіні дәлелденіп, амалдың жоқтығынан алған несиенің өзі табыс көзіне айналып шыға келеді.
Содан кейін бе, жәрдемақы берілетінін естісе жұрттың жүрегі ауырады. Әлеуметтік төлемге зәру жандар бауын тапса, байлауын таппай жүргенде, ебін тауып, есебін жүргізетіндер жағдайы жоқтардың тізіміне кіріп, елден бұрын ай сайын ақшасын санап отырады. Өйткені, комиссия көпбалалы отбасылардың кірісін есептеп, кредитін түгендеп жүргенде, табысы бар, зәулім коттеджде тұратындар «дайын асқа тік қасық» болып жатады. Осылайша, мұқтаж жандардың мүмкіндігі шектеліп, жәрдемақыға жарымай-ақ жүргені. Есесіне, табысын туысының атына тіркеп әп-сәтте тақыр кедейге айналып шыға келетін әккілердің тойымсыздығына тосқауыл қоятын құзырлы орынды көрмейсің. Алайда, Еңбек және әлеуметтік қорғау экс-министрі Мәдина Әбілқасымова сияқтылардың алтын алқа иелерінің алатын азын-аулақ ақшасын мысалға алып, «миллиондап беріп жатырмыз» деп міндетсінетінін қайтерсің. Алланың алдында арым таза болсын дейтіндердің ай сайын алатын он алты мыңын міндет ететіндер үйде отырып-ақ миллионмен декреттік демалысқа шығып, өмірі жұмыс істемей-ақ зейнетақы алып отырғандарға келгенде айтарға сөз жоқ. Себебі, дербес кәсіпкерлік аштырып, декретке шығатындардың дені қаржылық сауаты төмен қара халықтың қатарынан болмайтыны
белгілі. Тіпті, бала күтіміне байланысты берілетін жәрдемақыны жарытып алудың жолын үйретіп жүрген де сол миллион алуды бес саусағындай білетін салық қызметінің мамандары. Мәселен, салық басқармасында істеген алматылық келіншек әлеуметтік желіде қордан қосымша ақша алудың жолын үйретіп, қыз келіншектерді балалы болып қана қоймай, бай болуға да баулып жүр. Ол өз оқырмандарына кәсіпкер ретінде тіркеліп немесе ДК бар адамның мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан декретке шығар алдында және ай сайынғы бала күтіміне байланысты ақша алудың тәсілімен бөлісіп, есептеу формуласын тәптіштеп түсіндіреді.

Алаяқтықтың артуына атқарушы орган кінәлі
Қазір әлеуметтік желіде миллион алудың жолдарын үйрететін мұндай адамдар көп. «Егер тұрақты жұмысыңыздың айлығы аз болса, қосымша дербес кәсіпкерлік ашып, әлеуметтік аударым мен зейнетақыны екі жақтап құю арқылы жәрдемақыны көбейтуге болады! ДК ашу қиын емес! Жабу да қиын емес! Тек есебін тапсырып, салықты уақытылы төлеп отыру керек! ДК-нің түріне келсек, мен жеңілдетілген салық режимін ұсынамын» деп ашықтан ашық жарнамалап, халықты сұраншақтық пен пайдакүнемдікке итермелеуде. «Дербес кәсіпкерлігімді заңды түрде аштырдым. Менің өз басыма да әлгіндегідей ұсыныс айтып, көбірек жәрдемақы алу үшін зейнетақы қорына ақша аударым жасап тұрғысы келетіні жөнінде ұсыныс жасаған жақын құрбыларым болды. Бірақ, келіскен жоқпын. Себебі, ондай пайдакүнем жұмысшы қажет емес. Өзіме өзім жұмыс істеп, кәсібімді қалай көркейтсем деп жүрген адаммын. Елімізде аналарға жасалып жатқан қолдаудың
аздығынан да осындай алаяқтыққа бару артуда. Өйткені, жұмысындағы айлығымен декреттік демалысқа шығатын болса, Үкімет тағайындаған жәрдемақымен жан бағу мүмкін емес. Сондықтан, аналардың ісіне қарсы емеспін, тіпті қолдаймын. Аналарға жасалып жатқан жәрдемақылардың соңы сиырқұйымшақталып, басқалардың қалтасына кетіп жатқанын көріп жүрміз. Әрбірден соң аналардың алаяқтыққа баруына атқарушы органдардың үлесі зор», – дейді жеке кәсіпкер Ұлбосын Омарова. Сөзінің жаны бар. Алматы облысында тұра тын бір танысым арман болған 21 мыңды төрт баламен әкімдіктің есігін күзетіп жүріп ақыры ала алмаған. О баста сан түрлі қитұрқылықпен құрылған бағдарламаны жергілікті әкімдіктің жауапты қызметкерлері ары қарай сағызша созып жүргенде, ақыры тоқтап тынды. Күйеуінің алатын жалғыз жалақысына жыл сайынғы еңбек демалысы мен мерекелік сыйақысы есептелетін мұндай бағдарлама біздің елде ғана бар. Сонда 21 мың теңге алу үшін демалыссыз жұмыс істеп, айлап-жылдап берілетін сыйақыдан бас тартуы керек екен.
Сайттан сыбыс жоқ
Енді міне 21 мыңға ауыз салған сол сұраншақтар 42 мыңға да қарық болып жатыр. Жақсы жаңалықты естуден үміттілер телефонына тесіліп, телеграмботқа телміріп отырғанда тағы да төтенше жағдайды табыс табу деп ұққандардың үлесі өскен. Жүйкесі жұқарған халық жаға жыртысып әлек, ал, жарлының асына ортақтасатын сұраншақтардың сағанағы сарқ. Әлеуметтік төлем әділетсіздігі туралы айтып жүргендердің қарасы көп. «Тоқаев уәде еткен 42500 теңгені алу үшін өтініш берген 2 мыңға жуық азамат 2020 жылдың басынан іс жүзінде айына 500 000 теңгеден немесе одан да көп айлық алып келген» – дейді, ресми ақпарат көзі. Жарты
миллион немесе одан көп жалақысы бар адам болса, олар қатардағы қарапайым жан емес. Дәрігер, мұғалім, инженер-техниктер арасында дәл сондай жоғары жалақы алатын адам аз. Сондықтан, тегін ақшаға құнығатын да сол баяғы билік дәлізінде жүргендер болса керек. Өркениетті елдерде мұндай тірлік өте ұят саналады. Ал,
бізде пысықтыққа жататын шығар. АҚШ-та «орташа америкалыққа арналған сауда орны» дейтін ірі супермаркеттер бар. Онысы іс жүзінде кедейлерге арналған әлеуметтік сауда орындары деген сөз. Ондағы заттардың бағасы өте арзан, расымен де қолжетімді. Сол сауда орындарында дамушы елдерден келген туристер, жолаушылар ғана өріп жүреді. Жергілікті тұрғындар да онда келіп-кетеді әрине, көбі қара нәсілділер, көпбалалы кедей адамдар. Ал, оған әл-ауқаты жоғары адамдар жоламайды. Онда барып, зат-тауар көріп немесе сатып алып жүрсе өте ұят саналады. Ал, бізде сондай дүкен ашылса ашкөз шенеуніктер барлық затын көшіріп алып кетіп, жеке сауда орнын ашып, 2-3 есе баға қосып шімірікпестен сатып тұратын шығар. Негізі, ресми ақпарат 42500 теңгеге өтініш берген жоғары жалақы иелерін аты-жөнімен ашық жариялауы керек. Халық білсін, пайдакүнемдердің кім екенін, ындыны кеткендердің шынайы сиқын көрсін»,
– дейді Мәдениет қайраткері, ғалым Қуандық Шамахайұлы. Ал, белгілі журналист Нәзия Жоямергенқызы: «Бизнесмендер мен ауқатты адамдарға «Сіздің мемлекеттен 42 500 теңге алуға қақыңыз бар» деген СМС «өз еркімен» барып жатыр. 42 мыңның қажеті де жоқ оларға. Ал, сол ақшаға шын мұқтаждар карантинді ұмытып, әкімдіктегілермен жаға жыртысып, 42 мыңның соңында жүр. Еңбек министрлігі «Ойбай, сайт жасаймыз,
көмек ақшаны тез аласыңдар» деген. Сайтынан сыбыс жоқ. Сонда біздің Үкіметте, жалпы мемлекетте дені дұрыс ІТ маманы жоқ па? Ал, халық, ауылдағы ағайын үміттеніп әлі отыр. Ақшасы көптерге жібермеңдер «тегін ақша ал» деген СМС-ті, ақшасы жоқтарға жіберіңдер!», – дейді.

Жауаптыларда жанашырлық аз
Танымал журналист, продюсер Әлия Құдайбергенова мемлекеттік қызметтегілердің бойында ұлтқа жанашырлық болмай, жәрдемақының жыры бітпейтінін айтады. «Қызмет барысында жағдайы төмен отбасылардың жұпыны өмірін көргенде жүрегің ауырып келетін кездер болады. Шындығында бір үзім нанға әрең ақша тауып, балалары киер киімге жарымай басын тау мен тасқа соғып жүргендер жетерлік. Қыстыгүні қақаған аязда темір вагондарда өмір сүріп жатқан жағдайы төмен отбасыларды көрдім. Үкімет беріп жатқан ақша сондай әлауқаты төмен, жарымжан жандардың қолына тисе екен дейсің. Алайда, жағдайы төмен отбасыларға бөлінетін қаржының бөліске түсіп, одан кейін пысықайлардың пайдасына шешіліп жататыны өкінішті. Қазір карантин кезінде деп бөлінген ақшаға ебін тауып, есебін жүргізіп, елден бұрын әлеуметтік төлемді пайдакүнемдер алып жатыр. Жоғары жақтың жомарттығынан халық хабарсыз. Түсіндіру жұмысы өте төмен. Екіншіден, жәрдемақыға жауапты мекемелердегі адамдардың жүрегінде иман, бойында ұлтқа деген жанашырлық болмай, жарымжан жандардың жәрдемақысына жармасып, алаяқтық жолмен миллиондап ақшалы болуға асығатындардың азаятынына күмәнім бар», – деп отыр. Заңгер Айгүл Орынбек біздегі бассыздықтың басы озық елдердегідей әлеуметтік жағдайы жоқ отбасылар туралы орталық базаның жоқтығынан басталатынын айтады. «Халықтың қамын ойлаған кез келген мемлекетте статистикалық база жұмыс істейді. Онда жағдайы жоқтар, жарымжан жандар, көпбалалы отбасылар, яғни, көмекке мұқтаж адамдардың тізімі көрсетілген. Ал, бізде халықтың жағдайы түгілі, есебінің өзі дұрыс емес. Өйткені, қажетті құжатын әлі күнге жасата алмай жүрген адамдар бар. Жергілікті атқарушы органдар қара басының қамы үшін кейбір адамдарға жағдайы жасалынған болса да «сыйақысын» берсе, мемлекеттің ақшасын бөліп береді. Екіншіден, мұқтаж адамдардың құқықтық сауаты төмен. Білген күннің өзінде алаяқтық пен жемқорлықтың салдарынан тиісті көмекке қол жеткізуге қауқарсыз. 18 миллион халыққа статистикалық базаны бір жылдың ішінде жасауға болатын еді. Осы олқылықтың орнын толтырсақ, ашкөздердің жолына тосқауыл қояр едік», – дейді заңгер. Жарымжан жандардың жәрдемақысына, мүмкіндігі шектеулілерге беретін мемлекеттің  азын-аулақ ақшасына ортақтасып үйренген жалған кәсіпкерлер мен ар-ұяттың шекарасын білмейтіндер бұл дүниеде сұралмаса да, ақыретте әр ісі үшін жауап берері хақ. Біздікі мұқтаж жандарға берілуі тиіс әлеуметтік көмек көпшілікке карантин кезінде көлеңкесін түсірмей кетсе екен деген ой ғана.
Жадыра МҮСІЛІМ 

ПлохоТак себеНормальноХорошоОтлично (Пока оценок нет)

Загрузка...

Комментарий