Қоғам | Общество

“Не жалақы бермейді, не бетперде бермейді”: Таразда таза ауыз сумен қамтамасыз ететін мекеменің 200-ге жуық қызметкері наразылық білдірді

Тараз қаласында таза ауыз сумен қамтамасыз ететін мекеменің екі жүзге жуық  қызметкері  жұмыс істеуден бас тартып отыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі  “Еуразия бірінші арнасына” сілтеме жасап.

“Жамбыл су” мекемесінің басшылығына наразылық білдіру үшін бір топ жиналған. Бірнеше сағатқа созылған айқай-шудың соңы төбелеске ұласа жаздады. Жиналғандардың айтуынша, мекеме басшылығы не жалақы, не қарапайым вирустан қорғайтын бетперде бермейді. Алайда, жиналған жұмысшылар соңында өздері кінәлі болып қалған. Себебі, олар карантин талаптарын бұзған.

“Бірде-бір техника  рейске бүгін шыққан жоқ. Өйткені мына мекемеде ешқандай қаражат жоқ. Айлық жоқ. Бензинге ақшасы да жоқ. Бүгін техниканың бәрі тұр. Қаланың бәрі сусыз. Қазір диспетчер бәрі тұр мұнда”, – деді “Жамбыл су” мемлекеттік мекемесінің механигі Қали Айдашбеков.

Жиналғандардың сөзінше, карантинге қарамастан мекеме жұмысын жалғастырған. Себеп – халықты ауыз сумен қамтамасыз ету керек. Алайда бір айдан бері таңнан-кешке дейін қызметін атқарып жүрген жұмысшыларға басшылық “жалақының  жартысын  ғана төлейміз” деп мәлімдеген. Осыдан кейін жанжал пайда болған.

“Ескерту бойынша толық айлық төленеді деп айтқан бізге. Біз сол келісім-шарт бойынша жұмыс істедік. 8 сағат бойы. Өзіміздің денсаулығымыздың қауіптісіне қарамай, осы халыққа қызмет етеміз деп жүріп, жұмыс атқардық. Енді бізге 4 сағаттық жұмыс істедіңдер деп сол 4 сағаттың ақысын ғана төлейін деп жатыр. Сонда біздің қалған сағаттарымыз қайда? Біз қанша халықпен жұмыс істеп тәуекел етіп жатырмыз. Сол мекеме банкрот болып қалмасын деп”, – деді  “Жамбыл су” мемлекеттік мекемесінің бақылаушысы Салтанат Қылышбаева.

Осы мекеменің тағы бір қазметкері Жеңіс Бекбауовтың айтуынша, басшылық тарапынан әділетсіздіктер болады.

“15 жыл істеген адамның кішкене разрядын көтеру керек. Бірақ 15 жылда істеген адамның разрядын көтермейді. Ал бүгін келген адамның разрядын 6-разряд, 5-разряд етіп көтереді де, ол жұмыс істеп жүрген жоқ. Ондай адамдар да бар мысалға. Ал біз суға да түстік, аурудың арасында да жүрміз, оны ешкім бағалап жатқан жоқ”, – деді ол.

Жұмысшылар мұндай жағдай болатынын білгенде 42500 теңгені алып, үйде отыратын едік, дейді.

“Бұл төрт сағат болатын болса, біз жанымызды қинамай, бала-шағамыздың қасында отырып, үкіметтің берген 42 500 теңгесін алып, отыра беретін едік. Біз де кішкене балаларымызға нан болсын деп. Жанымызды қинап, жұмысқа шықтық”, – деді  “Жамбыл су” мемлекеттік мекемесінің бақылаушысы Салтанат Қылышбаева.

Белгілі болғандай мекеме басшылығы қызметкерлерге бетперде алып, сақтансын деп әрқайсысына 450 теңге төлепті.

Сонымен қатар, мекеме басшылығының айтуынша, барлық жұмысшыларға жалпы соммасы 13 млн теңге көлемінде ақшалары әлдеқашан төленген.  Енді олар өздеріне шағым түсірген қызметкерлерге карантин талаптарын бұзып, жиналыс өткізгендері үшін полицияға арызданбақшы.

“Жалғыз біздің кәсіпорын емес, Қазақстанның барлық салаларының өзінде экономикаға карантин шаралары кері әсерін беріп жатыр. Бұл біздің кәсіпорныға да тиіп өтті. Жұмысшылардың жиналып тұрғандары, бұл – барып тұрған заң бұзушылық. Карантинді бұзып, жалған ақпарат таратумен айналысып жатыр”, – деді  “Жамбыл су” мемлекеттік мекемесінің қаржы және экономика жөніндегі басшысының орынбасары Гүлмира Тоқаева.

Комментарий