Құқық | Право

Қоластындағы қызметкері жемқор болғаны үшін 11 басшы отставкаға кетуі мүмкін

2019 жылдың 10 желтоқсанынан бастап бағынышты қызметкері жемқорлықпен ұсталған жағдайда басшысы да жеке жауапкершілікке тартылатыны жайлы талап күшіне енген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің әкімшілік-құқықтық департаментінің директоры Айгүл Базарбаева бағынышты қызметкері сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаса, басшысын да жазалау тәртібі қалай жүзеге асырылып жатқанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Агенттік өкілінің айтуынша, 2019 жылдың 10 желтоқсанынан бастап бағынышты қызметкері жемқорлықпен ұсталған жағдайда басшысы да жеке жауапкершілікке тартылатыны жайлы талап күшіне енген.

«Бұл ретте басшыға қатысты отставканы қабылдау немесе оны тәртіптік жауапкершілікке тарту үшін ұсталған бағынышты қызметкер тікелей кімге бағынатынын анықтап, айқындап алу керек. Мәселен орталық мемлекеттік органдағы министрдің тікелей бағыныштылары – оның орынбасарлары, жауапты хатшысы, аппараттардың басшысы немесе аумақтық бөлімшелердің басшысы», – деді Айгүл Базарбаева агенттіктің онлайн режимде өткен баспасөз мәслихатында.

Агенттік өкілі өз сөзін нақты мысалдармен келтірді.

«Мәселен Сәтпаев қаласы әкімі отставкаға өтініш берді. Оның тікелей қызметкері жемқорлық жасаған. Бұл қылмыс 10 желтоқсанда жасалғанына қарамастан моральдық-этикалық қағидаттарды негізге ала отырып, Сәтпаевтың әкімі отставкаға кетуді өтінді. Әзірге отставка қабылданған жоқ. Ол тәртіптік жауапкершілікке тартылды», – деді ол.

Айгүл Базарбаева, сонымен қатар, Батыс Қазақстан облысында да осындай жағдай тіркелгенін жеткізді.

«Қазір Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өндірісінде осы жағдайларға қатысты бірнеше сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, кейбір іс сотта да қаралуда. Осы істер бойынша 11 басшы жауапкершілікке тартылатын болады», – деді ол.

Комментарий