Қоғам | Общество

«Жұмыс қарқыны төмендеді»: Көлгінов апатты жағдайдағы тұрғын үйді сүру жұмысымен танысты

“Бұл үй пайдалануға берілген жағдайда, ғимарат құлап, ал тұрғындар астында қалар еді”, – деді әкім.

Құрылысы 2004 жылы басталған “Территория комфорта-1” тұрғын үй кешенінің 75%-ы сүрілді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тұрғын үй кешенінде 500-ден астам үлескер бар. Үйдің техникалық тексерісі ғимараттың апатты екенін көрсетті. Елорда әкімі Алтай Көлгінов аталған тұрғын үй кешенін сүру қарқынымен танысты.

“Қыс қарлы, боранды болды. Бұл өз кезегінде тұрғын үй кешенін тез арада сүруге мүмкіндік бермеді. Коронавирус инфекциясының пандемиясын ескере отырып, жұмыс қарқыны төмендеді. Құрылыс маусымын зая кетіріп алмау аса маңызды. Жаңа тұрғын үй кешенін салып бастау қажет. Құрылысы созылып кеткен тұрғын үйлерді аяқтап, пәтер иелеріне кілттерін табыстау — басты міндеттердің бірі. Нысанда санитарлық нормалар қатаң сақталуы керек”, – деді қала әкімі Алтай Көлгінов.

“Нұр Астана Құрылыс” ЖШС бөлшектеу жобасының жетекшісі Алиакбар Үмбеталин құрылыс салушы техникалық нормаларға сәйкес келмейтін бетон маркасын қолданғанын айтты.

“Бұл үй пайдалануға берілген жағдайда, ғимарат құлап, ал тұрғындар астында қалар еді”, – деді әкім.

2020 жылы елорданың құрылысы ұзаққа созылған нысандарының саны 20-ға азаяды. 7800 үлескер пәтерін алып, құжаттарын ресімдей алады. Былтыр 2,5 мың үлескер бар 10 тұрғын үй кешені пайдалануға берілді. Құрылысы ұзаққа созылған әрбір нысан бойынша қадамдық іс-шаралар жоспары әзірленді.

Комментарий