Экономика

Ағылшын заңнамасы – инвестиция тартудың кепілі

«Астана» халықаралы қаржы орталығын құру туралы» ҚР Конституциялық заңында қаржы орталығының басты міндеттерінің бірі – қаржы саласына инвестиция тартуға қолайлы орта қалыптастыру екені айтылған. Инвестиция тарту үшін құрылған Қазақстандағы өзге де институттардан «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) ерекшелігі неде? Ең басты ерекшеліктіктерінің бірі – ағылшын заңнамасын пайдалануында.

Шетелдік кәсіпкерлер мен инвесторлар үшін қандай да бір елге қаражат құю үшін ең басты нәрсе – ол елдегі заңнаманың дұрыстығы және сақталуы. Атап айтқанда, заңды тұлғалар арасындағы, жеке тұлғалар мен заңды тұлғалар арасындағы, сонымен қатар заңды тұлғалар мен мемлекет арасындағы дауларды шешуде халықаралық нормаларға сай тәуелсіз және әділ сот шешімін қамтамасыз ететін құқықтық негіздің болуы қажет. Осы орайда, халықаралық бизнес тарапынан мойындалған ірі қаржы орталықтарының тәжірибесі АХҚО-да да пайдаланылды. Яғни, қаржы орталығының жұмысы Англия мен Уэьстің құқығының қағидаттарына, нормалары мен прецеденттері арқылы, «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» ҚР Конституциялық заңымен және АХҚО актілері арқылы реттеледі.

XII басырдан бастау алатын ағылшын заңнамасы прецеденттеден құралуымен ерекше. Сот алдына түскен істі қарауда судъя субъективті көзқарасын араластырмауы үшін, бір тарапқа бұра тартпауы үшін және әр судъяның кәсібилігі үкім мен шешім айтуда әрқилы ықпал етпеуі үшін ағылшын заңнамасы прецеденттік қағида негізінде құрылған. Прецеденттік қағидада бұрынғы ұқсас істерде қандай үкім мен шешім қабылданғаны басшылыққа алынады. Яғни, қазір қандай да бір даулы мәселе туындаса, ағылшын заңнамасындағы сот осындай жағдай туралы бұрынғы істерде қалай үкім етілгеніне сүйенеді. Аталған сот жүйесінің тәуелсіздігі мен көпшілік тарапынан мойындалуы қазіргі таңда ең ірі халықаралық қаржы орталықтарының осы жүйемен жұмыс істеуіне себеп болып отыр. Атап айтсақ, Лондон, Нью-Йорк, Дубай, Сингапур секілді қаржы орталықтарының бәрінде ағылшын соты пайдаланылады. АХҚО-да да осы жүйенің жұмыс істеуі инвесторлар мен кәсіпкерлердің заңнаманың әділдігі мен сақталуы жағынан ешқандай қиындық туындамайтынына кепілдік береді.

Сонымен қатар, АХҚО Соты мен Халықаралық төрелік орталығы Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотынан тәуелсіз. Бұл тұрғыда, шетелдік компаниялар АХҚО-дағы жұмыс барысында мемлекеттік органдармен дауласатын болса, АХҚО Соты мен Төрелік орталық екі жаққа да бірдей қарап, әділ шешім қабылдай алады.

АХҚО-дағы қатынастарды реттейтін тағы бір заңнама «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» ҚР Конституциялық заңы. Бұл заң 2015 жылдың 7 желтоқсанында қабылданды. 22 баптан тұратын заң АХҚО құқықтық негізін айқындайтын негізгі құжат. Заңда қаржы орталығы қатысушыларының ақшалай міндеттемелері мен валюталық реттеу, инвестициялық резиденті, салық режимі, виза режимі, шетелдік жұмыс күшін тарту қамтылған. Сонымен қатар, орталық актілерінің тілі, құжат жүргізу мен өтініш қарау тілі, сот ісі мен мәмілелер тілі де осы құжатта қарастырылған. АХҚО қызметі арқылы шетелдік компанияларды тартуға қолайлы жағдай жасау үшін аталған заң Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңымен салыстырғанда айтарлықтай жеңілдіктер ұсынатыны анық. Мәселен, салық режимі қолданыстағы Салық кодексінен тәуелсіз болса, виза режимі мен шетелдік жұмыс күшін тарту үшін АХҚО көші-қон органдарынан айтарлықтай жеңілдіктер алған.

АХҚО жұмысы жоғарыда аталған ағылшын заңнамасы мен «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» ҚР Конституциялық заңнамасымен қатар АХҚО актілері арқылы да реттеледі. Мәселен, орталық актілерін әзірлеу, уәкілетті органдармен келісу, тіркеу, қолданысқа енгізу, жариялау, өзгерістер, толытырулар енгізу, сондай-ақ олардың қодану тәртібі орталық актілерінде айқындалады.

Ал жоғарыда аталған ағылшын заңнамасы мен «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» ҚР Конституциялық заңнамасы және АХҚО актілерінде қамтылмаған мәселелер ҚР Конституциясы мен қолданыстағы заңнамасы арқылы реттеледі.

Қорыта айтар болсақ, «Астана» халықаралық қаржы орталығы шетелдік компаниялардың Қазақстанда бизнес жасауы мен қаражат құюына сенімді құқықтық негіз қалыптастырады. Осы орайда, халықаралық ең озық қаржы орталықтарында жұмыс істейтін кез келген компания АХҚО-да да сол кәсібін ешқандай кедергісіз емін-еркін өркендете алады.

Автор: Бауыржан Мұқанов, АХҚО Әкімшілігінің PR менеджері.

Комментарий