Қоғам | Общество

ТҰҢҒЫШ НӨМІР. ТҰҢҒЫШ БАС РЕДАКТОР…

КҮЛЛІ ЖУРНАЛИСТЕРДІҢ ЕСТУ АППАРАТЫН ПІЛДІҢ ҚҰЛАҒЫНША ЖЕЛП-ЖЕЛП ЕТКІЗГЕН ЖАҢАЛЫҚ СОЛ ТҰСТА БІЗДІ ДЕ БЕЙТАРАП ҚАЛДЫРМАДЫ. «МАРАТ ТОҚАШБАЕВ АҒАМЫЗ ЗАҢ, ҚҰҚЫҚ САЛАСЫНА АРНАЛҒАН ГАЗЕТ АШУ ҮШІН ЖУРНАЛИСТЕР ІРІКТЕП ЖАТЫР ЕКЕН» ДЕГЕН ХАБАРДЫ НАҚТЫ КІМНЕН ЕСТІГЕНІМ ЕСІМДЕ ЖОҚ.

Дереу Көкбазардың қарсысындағы Журналистер үйінің 3-қабатында отырған Марат ағамыздың алдынан бір-ақ шықтым. Ағамыз екі ауыз сөзге келместен мен жұмыс істеп жүрген редакция басшысының атына қузау хат жазып берді. Әуелгіде «қузау хаты несі?» деп түсінбегем. Сөйтсем бұл Марат ағаның сәтті аудармаларының бірі екен. «Уведомлениенің» қазақшасы. Кейін де ағамыздың жетекшілігімен құқық аласындағы талай-талай терминдердің
мемлекеттік тілдегі сәтті баламаларының табылғанына қаншама куә болдық. Осылайша ресми тұрғыда Әділет министрлігінің органы болып есептелетін «Заң газетінде» құқық қорғау бөлімінің редакторы деген лауазыммен жұмысқа кірісіп кеттік. Сайдың тасындай іріктелген тілшілер жаңа қызметтерін ерекше белсенділікпен, айрықша энтузиазммен бастағандары есімде. Бұған дейінгі жұмыстарымның бәрінде дерлік басшылармен оппозициялық қарым-қатынас ұстанумен келген маған жаңа редакторым – Марат ағаның жұмыс стилі, қол астындағылармен қарым-қатынас мәдениеті ә дегеннен ұнады. Жастық желікпен қандай көзқарастарымды болса да ашық айтатын мені, тіпті, кейбір орынбасарларымен тең дәрежеде ұстағаны да рас. Бірқатар қызметкерлердің тікелей менің ұсынысыммен жұмысқа алынуы да кездейсоқтық болмаса керек. Осындай кіршіксіз сенімнің нәтижесінде жаңадан дүние есігін ашқалы тұрған «Заң газетінің» тұңғыш нөміріне кезекші болу құрметі де маған бұйырды! Екі айдан аса уақыт дайындалған алғашқы нөмірдің өмірге жолдама алатын уақыты да келіп жетті.
…Баспахана конвейерінен алғашқы болып, әдетте, аға газеттердің, белсенді, таралымы мол
басылымдардың өтетіні белгілі. «Дайын емес әлі!» деген зекігеннен әрмен жаттанды жауаптардан кері қайтқан соң, үшінші әлде төртінші мәрте тағы келіп тұрмын. Баспахана машинасының бояуы мен майы қатар сіңген саусақтарын кір-кір майлы шүберекке еріне сүртіп тұрған оператор жігіт:
– Газеттің тұңғыш нөмірі дұрыстап «жуылмаса» жарыққа жіберілмейтінін білесің бе? – деп сұрады мысқылдап. Сұрағына сұрақпен жауап қатып жатырмын:
– Түн ортасында арақты қайдан табамын?
Мәселені түсіне қойғаныма риза болған оператор жігіт оп-оңай иліге кетіп, Панфиловшылар
паркінің алдындағы киоскілерде әлгі дүниенің қалай сатылатынын, нендей пароль айтылуы керектігін егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Ақ тер-көк тер боп екі шиша жартыны алып мен де жеттім, менің артымнан көп ұзамай жасыл «ИЖ-комби» мәшинесімен Марат аға да келді.
Қолында жеңгей ұстатып жіберген түйіншегі бар. Операторлар да риза, біз де қуаныштымыз. Осы бір сәттің тарихи оқиғаға айналарына сәп салмай, қолдарым дірілдеп, баспахана бояуының иісі аңқып тұрған «Заң газетінің» 1-нөмірінің 1-бетіне «Жарыққа!» деп қол қойып жатырмын! Енді бірнеше жылдардан кейін осы газетке өзімнің де бас редактор боларымды, ол кезде қайдан білейін?!
Тұңғыш нөмірі осылай дүниеге келген «Заң газеті» биыл 25 жасқа толып отыр. Тұңғыш газеттің кіндігін кескен тұңғыш Бас редактор Марат Байділдаұлы Тоқашбаев болса саумал сәуір айының 18-жұлдызында мерейлі 70 жастың табалдырығын аттамақ. Мерейтой құтты болсын!
Кәдірбек ҚҰНЫПИЯҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Комментарий