Қоғам | Общество

«Қазынада ақша жоқ болса, депутат пен министрлердің айлықтарын тоқтатып, дәрігерлерге берейік!» – заңгер

«Президенттің айтқанын орындаңдар, енді дәрігерлердің ақшасын жемей-ақ қойсаңдаршы!» – дейді ол.

Бүгін белгілі заңгер Айгүл Орынбек facebook парақшасына Шымкенттегі инфекциялық аурухана дәрігерлеріне айлық төленбей жатқанын жазды. Осы мәселені алға тартқан ол, жоғары билікке шүйлігіп, қала әкімдігін де сынға алып отыр, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Қазынада ақша жоқ па? Вируспен күресуге бөлінген ақша қайда кетіп жатыр? «Қорғанатын киім, маска жоқ», – деп бір шулады дәрігерлер. Енді келіп, «айлықтары төленбей жатыр» деген шағым түсуде! Науқастармен тікелей байланысқа түсіп жүрген дәрігерлерге емес, аптекаға дәрі тасып жүрген провизорларға айлық қосылып беріліпті.

Бұл шағым Шымкент қаласының дәрігерінен түсіп отыр. Егер қазынада ақша жоқ болса, депутат пен министрлердің айлықтарын тоқтатып, дәрігерлерге берейік!

Бүйте берсек, халықты емдейтін дәрігерлерді таппай қаламыз! Президенттің айтқанын орындаңдар, енді дәрігерлердің ақшасын жемей-ақ қойсаңдаршы! Біздің жемқорлар вирустан да қорықпайды!

Шымкент қаласының әкімі Әйтенов мырза! Мына шағым инфикционный ауруханасынан келіп түсті. Комиссия құрып, вируспен тікелей күресіп жатқан дәрігерлердің айлығы уақытылы берілгенін қадағалайық!» – деді Айгүл Орынбек, дәрігер шағымын жариялай отырып.

Бұл ретте, дәрігер билік өкілдерінің қысымынан қорқып, заңгерден өзінің аты-жөнін көрсетпеуді өтінген.

Комментарий