Бас тақырып | Тема дняТағдыр | Судьба

КҮРШІМДЕГІ АУЫЛДАР ЖОҒАЛЫП КЕТУДІҢ АЛДЫНДА ТҰР

Мен Семей қаласының тұрғынымын. Туған жерім Шығыс Қазақстан облысындағы Күршім ауданының Теректібұлақ ауылы. Біздің аудан Ертіс өзенінің шығыс жағында жатқандықтан орталықтан алыс деп есептеледі. Егер Өскемен мен Семейден Күршім ауданына қатынайтын тура жол болса ауыл шалғай саналмас еді. Тіпті, Ертіс өзенінен өтетін тура көпір болғанда да өркениеттен алыста қалмайтынымыз анық. Көпір салынады деген сүйінші хабарды құлағымыз шалғалы көп болды. Бірақ, әзірге ешкім халықты қуантуға асығар емес.

Бұдан бөлек, Өскеменнен бұрынғы Зырян, қазіргі Алтай қаласына дейін баратын темір жолды Күршім мен Зайсанға дейін апаратын болыпты дегенді естіп бір желпініп қалғанбыз. Уақыт өтіп жатыр, бұл хабардың да іске асатын түрі көрінбейді. Тағы бірде Теректібұлақ ауылынан 18 шақырым беріде орналасқан, елуінші жылдары қарқынды жұмыс істеген Шірігаяқ шахтасы қайта ашылады деген сыбыс тараған. Әлі күтіп жүрміз, бұл сөз де қауесет күйінде қалатын
секілді. Облыс тұрмақ, ауданға жету қиын болғандықтан бүгінде Теректібұлақ ауылының тұрғындары бірінен кейін бірі көшіп жатыр. Осылай кете берсе, болашақта бүкіл Теректібұлақ қаңырап бос қалатын түрі бар. Күршім неше түрлі ағаш пен дәрілік шөптер өсетін Алтайдың
ең әдемі жері ғой! Кезінде тұрғыны көп болған шырайлы өлке қазір қараусыз қалып барады.
Теректібұлақ ауылының кейпі одан да жаман. Бұрынғы 300 үйдің орнында қазір 70-тей ғана үй қалған. Күршім өзенінің оң жағында орналасқан 10 ауылдан бар-жоғы екі ауылдың түтіні түзу шығып тұр. Теректібұлақ ауылы бір кезде бүкіл Күршім ауданының мақтанышы еді. Бір өзінде 6-7 мың сиыр, 6 мыңдай жылқы мен он мыңнан асатын қой ұстады. Ауыл шетінен тонналап астық, жүгері жиналатын. Сол алқаптың бәрі енді қаңырап бос жатыр. Ешкім онда егін екпейді. Жақында Шығыс Қазақстанда жаңа үлгідегі кішігірім қала тектес, мал өсіруге лайықталған он ауылды агроқалашық етіп салуға мемлекеттен қолдау көрсетіледі дегенді естідім. Сол таңдаудың бірі Теректібұлаққа түссе қандай керемет. Табиғаты тамаша, жері
құнарлы, мал өсіруге өте ыңғайлы бұл аймақты жандандырса, қаланы бетке ұстаған көшті тоқтатуға мүмкіндік туар еді. Шеттен келген қандастарымыздың да ауылға тез үйреніп, ата кәсібімізді табыстың көзіне айналдыруына мүмкіндік бар. Теректібұлақ ауылын аман алып қалу Күршім өзенінің қазір қаңырап қалған оң жағалауына қайта жан бітіру деген сөз! Австралияда университет бітірген жастардың жұмысты ауылынан бастайтынын естігенде таңғалдым. Және бір қызығы, сол мамандардың көбі шетелдіктерге еліктегеннен гөрі, отандық бизнесті дамытуға, қолда барды ұқсатуға тырысады екен. Мал өсіруден, мал
өнімдерін өңдеп пайдаланудан озық тұрған елдің сапалы қызметіне қызығушылар аз емес. Және Австралия осы кәсіпті меңгеріп-ақ әлемдік нарықтан өз орнын тауып отыр. Ендеше, біз де неге шалғай ауылдардың жағдайын көтеріп, әлеуетін пайдалану арқылы, ата кәсібімізді жандандыру жолымен табысымызды еселемейміз? Жапонияға, Америкаға еліктеген жақсы. Солар секілді көлік шығарып мол пайдаға кенелеміз дегенге де қарсылық жоқ. Бірақ, әркім өзі
білетін, қолынан келетін шаруамен айналысқаны жөн ғой. «Өзің білме, білгеннің тілін алма» деген қарғыстың үлкені дейді қазақ. Сол айтпақшы, өзгелердің пікірімен санаспаудың  салдарынан бүгінде екі мыңдай ауыл жер бетінен құрып, тағы мыңдағаны Теректібұлақтың
кебін киіп отыр. Ауылдың тозуы қалаға көшкен қазақтың санын көбейтуде. Үлкен үмітпен келгендерді қаланың да маңдайдан сипап, жағдайын жасап бермейтіні анық. Пәтерден пәтерге көшіп, жанбағыс үшін тәшкі сүйреп жүргендер ауылға жағдай жасалса жылы ұяларын тастап кетпес еді. Сондықтан, Күршім ауданына, соның ішінде Теректібұлақ ауылына көңіл бөліп, тіршілігін жандандыруға күш салынса деймін.
Ерхан МӘЖІК

Комментарий