Судья мінбері | Судебная система

Құқықтық мәдениет – жемқорлыққа жол бермейді

Қоғамымызда түбегейлi шешiмi табылмай тұрған мәселе – жемқорлық. Қазақстанда оның алдын алу жолдары жылдан-жылға ұлғайтылып, түрлі шаралар жүзеге асуда. Мысалы, елімізде сыбайлас жемқорлықты жою мақсатында түрлі заңнамалық актілер қабылданды. Рұқсаттар мен мемлекеттік қызметтерді жеңілдету үшін электронды үкімет пен электронды сандық қолтаңба, «бір терезе» қағидаты енгізілді. Арнайы қызметтер құрылды. Өйткені, сыбайлас жемқорлықпен күрес мемлекет саясатының негізгі басымдығы.

Меніңше, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тиімділігі қоғамда әділдік, парасаттылық, сенім қағидаттары қалыптасқанда ғана артады. Сонда ғана қоғамдық сана өзгеріп, әрбір адамда жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік көзқарасы орнығады. Екіншіден, бұқаралық ақпарат құралдарын, ғаламтор, әлеуметтік желілерді кеңінен қолдану да жемқорлықтың алдын алуға ықпал етеді. Мұндай шаралар бізге қоғамда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша атқарылып жатқан іс-шараларды кеңінен жариялауға, әрбір азаматқа жеткізуге мүмкіндік береді. Айтып отырған мәселеде жас буынға жемқорлықтың теріс салдары туралы ақпаратты дұрыс жеткізудің де маңызы зор. Себебі, сыбайлас жемқорлық тек қоғамға емес, жалпы жастар санасына да қауіп төндіреді. Ааматтар, әсіресе, жас ұрпаққа өмірдің жоғары деңгейіне жетудің негізгі әдісі заңға қайшы қызметпен байланысты деген терең өнегесіз сенім қалыптасуы мүмкін. Сол үшін олардың бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттің қалыптасуына, өз құқықтары мен міндеттерін терең ұғынып, орындауына көмектесуге көп болып атсалысуға тиіспіз. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана, мәдениет қалыптасқан жағдайда адам адамгершілікке жат қылықтардан бойларын аулақ ұстап, заңға қайшы әрекеттерге жол бермейді. Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін шындық.

Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, сыбайлас жемқорлықпен күресте әр мемлекеттің өз әдіс-тәсілі бар. Бізге де солардың өзімізге тиімдісін алу артық болмайды. Одан кейінгі тағы бір жайт, мемлекеттік мекемелердің ашықтығы мен жариялылығын толық деңгейде қамтамасыз етудің де ықпалы зор. Яғни, мемлекеттік мекемелердің халыққа қолжетімділігін одан әрі арттырудың берері мол. Егер азаматтар қызметтер мен кеңестерді әкімшілік кедергілерсіз алса, парақорлықтың жолы кесіледі. Осы тұста тоқталарлығы, бұл күнде ел соттарының қызметі қолжетімді. IT-технологиялар сот төрелігінің ұтқырлығы мен ашықтығын арттырып қана қоймай, процесті жеделдетуге мүмкіндік беруде. Мысалы, «SMART сот» жобасы аясындағы іс-шаралар сот төрелігіне кедергісіз әрі қолайлы қолжеткізуді қамтамасыз етуге бағытталған. Бағынышты қызметшілер сыбайлас жемқорлыққа барса, оның басшысының жауапкершілікке тартылуы да бұл дертті жоюға ықпал етеді. Осылайша әрбір мемлекеттік орган ұжымында сыбайлас жемқорлық фактілері төмендейтініне сенімдіміз.

Қоғамның күш-жігерін барынша біріктіріп, осы дерттің одан әрі ушықпауы үшін оны тоқтатудың барлық амалын қолдану арқылы ғана бұл құбылысқа тиімді түрде қарсы тұруға болады. Сондықтан, сыбайлас жемқорлықпен күресу республикамыздың әрбір азаматының азаматтық борышы.

Жанар Ибрагимова,

Алматы облыстық мамандандырылған

ауданаралық экономикалық сотының судьясы

Комментарий