Судья мінбері | Судебная система

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІ – ЕЛДІҢ АЙНАСЫ

Әр қызметтің өз тартымдылығы болатыны секілді, бүгінде мемлекетттік қызметке де қызығушылық артып келеді. Әсіресе, жастар тарапынан мемлекеттік аппаратта қызмет етуге талпыныс бары қуантады. Елбасы Н.Ә.Назарбаев ұсынған Ұлт жоспарындағы «Кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру» бағытының меритократиялық ұстанымы, яғни, «төменнен-жоғарыға» өсу баспалдығының енгізілуі жастардың сенімін туғызғаны сөзсіз. Кез келген азамат өзінің іскерлік қабілетін, парасат-пайымын танытуы арқылы болашағын қалыптастырады. Ең бастысы, құлшыныс, туған елге, туған жерге қалтқысыз қызмет етуге шынайы ниет болуы қажет.

Ел мүддесі, халық игілігі бәрінен жоғары тұрғанда ғана нәтижелі жұмыс болады. Мемлекеттік қызметші мемлекеттік биліктің айнасы іспетті. Оның ар-ожданы биік, әділетті, талантты ұйымдастырушылық қабілеті бар екендігін қоғам бағалайды. Халық сенімі мемлекеттік қызметшінің мемлекеттік қызметті қаншалықты сапалы көрсеткендігіне қарап нығаяды. Сондықтан әрбір мемлекеттік қызметшінің халықтың мүддесіне қызмет етіп, көкейтесті мәселелерді заң шеңберінде шешуі талап етіледі. Дегенмен, кей-кейде мемлекеттік қызметшілер тарапынан болған келеңсіздіктер мемлекет абыройына нұқсан келтіріп жатады. Қазір бүкіл қоғам, барша жұрт жұмылып, сыбайлас жемқорлықты жою үшін күресіп жатыр. Бұл істе әрбір мемлекеттік қызметші «арды ойлаған азбайтынын» нақты түсінуі керек. Өзінің жауапкершілігін, келешегін ойлауы, санасын түзеуі тиіс. Озық отыздық төріне ұмтылған Мәңгілік еліміздегі ұлттық идея – қазақстандық патриотизм, елжандылық екендігін әрдайым есте ұстауы қажет.
Ж.ҚҰЛБАЕВА,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және
сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл
агенттігі Алматы қаласы бойынша
департаментінің бас маманы

Комментарий