Қоғам | Общество

Бейне қоңырауларға жауап беретін онлайн-операторлар

Алматыда ондай 50 оператор жұмыс істеуде. Филиалда 1414 колл орталығының операторларынан басқа, бейне қоңырауларға жауап беретін онлайн-операторлар да бар екен.

Бүгінгі күні ЭЦҚ көмегімен барлық мемлекеттік қызметтердің 80% алуға болады. Сондықтан азаматтарға ыңғайлы болу үшін жақында электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) онлайн алу сервисі іске қосылды. Карантинге байланысты көптеген азаматтар мемлекеттік қызметтерді үйде алу үшін мобильдік азаматтар базасында тіркелуі немесе ЭЦҚ-сы болуы тиіс. Ал тіркелгенде олардың сәйкестендіру рәсімін растау үшін Алматыда 50 оператор жұмыс істейді. Егер азаматтың телефон нөмірі мобильдік азаматтар базасында тіркелмеген жағдайда, жүйе оны ХҚКО операторымен байланыстырады, ол азаматты бейнебайланыс арқылы сәйкестендіреді, бірқатар қосымша сұрақтар,(құжаттардың деректерін, тіркеу орнын және т. б.) қояды.

«Қазіргі күні қоңыраулар өте көп түсіп жатыр. Кей кезде клиенттің жұмысын толықтай өзің жасап беруге тура келеді… Қызықты жағдайлар да болып жатады. Бір-екі күн бұрын Дышыбаев Мұхит деген бір танысым видео қоңыраумен хабарласып, маған түсті.

Мұхит өзінің әкесін Mgov mobile-ға тіркегелі жүгінген екен. Ол кеңес беріп отырған мені көріп таң тамаша қалды. Камераның алдында әкесімен бірге отырып, бейнебайланыста болдық. Біз үшін мұндай жағдайда тілдесу қызықты болды әрине. Әкесін тіркеп риза болған ол, көрсетілген қызметке алғысын білдіріп қоштасты», – дейді Алатау аудандық фронт-офисінің маманы Қаламқас Іргебаева.

     Тағы бір бейнебайланыс операторы Жансая Қаткенова,  2016 жылдан бері Жетісу аудандық фронт-офисінің маманы. Екі баланың анасы. Мектеп жасындағы балалары бүгінде Шелек ауылындағы атасы мен әжесінің жанында, сабақтарын қашықтықтан оқып жүр. Ал жолдасы Алматы қаласының ІІД-нің аға тергеушісі. Карантин кезінде ол да күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Жансая тып-тыныш үйде отырып, бар ынтасымен жұмысқа көшкен, бейне қоңырау операторының міндеттерін де толығымен меңгере алған. Ал қабылданатын бейнеқоңыраулар саны кезекте қанша қоңыраудың тұрғанына байланысты екенін айтады.

    “Сұраудың орташа уақыты мен сөйлесудің орташа уақыты бар. Бізде нақты белгіленген уақыт жоқ, бірақ клиенттердің барлық сұрақтарын мүмкіндігінше тезірек шешу керек. Мысалы, Мен күніне 120-150 өтініш қабылдаймын“, – дейді ол.

Комментарий