Елең еткізер | АктуальноҚоғам | Общество

Бас мүфти қазақстандықтарды 10 сәуірде бір мезетте дұға жасауға шақырды

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы барша мұсылман қауымын 10 сәуір, жұма күні намаз уақытында бір мезетте дұға жасауға шақырды.

«Құрметті Дін Басшылары, мұсылман бауырлар! Бүгінде COVID-19 коронавирус жұқпалы дерті жер бетіндегі әлем жұртшылығын алаңдатып отырғаны баршаңызға мәлім. Өкінішке қарай, бұл індеттен әлемде мыңдаған адам көз жұмды. Әлемде осы дерттен қаза тауып, қара жамылған отбасылардың қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Алла алдынан жарылқасын!

Әлемде етек алған індеттің алдын алуда адамзат Ұлы Жаратушының мейіріміне мұқтаж екендігін айқын сезінуде. Сол үшін әрбір ұлт өкілі, барша адам баласы жұдырықтай жұмылып, шын жүректен Жаратқанға жалбарынып, адамзаттың амандығын сұрайтын сындарлы сәтте тұрмыз. Алланың ардақты Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Дұға – мұсылманның қорғаны», – дегені баршаңызға мәлім.

Осы ретте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ислам әлемінің ғұламаларын, күллі дін қайраткерлерін, дін саласының оқытушы-ұстаздары мен Құран қариларын және барша мұсылман қауымын 10 сәуір жұма күні намаз уақытында «Біз – біргеміз, тілегіміз – ортақ» деген игі бастама аясында күллі адамзаттың амандығы үшін бір мезетте алақан жайып, дұға жасауға үндейді.

Ізгі тілекпен, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы»,-делінген хабарламада.  

Комментарий