Қоғам | Общество

Елімізде дауыл салдарынан бір адам көз жұмып, 160-тан аса ғимарат зардап шекті

Еліміздің үш облысында дауыл салдарынан бір адам қаза болып, 160-тан астам ғимарат зардап шекті. Бұл туралы ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті жедел штабының өкілі Любовь Абланова айтты.

Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының 2 қаласы мен 22 ауданында екпіні секундына 30 метрге дейін жеткен қатты дауылдың салдарынан 160-тан астам ғимарат пен құрылыстың шатыры қирады.

“Сондай-ақ Ақмола және Қостанай облыстарының 9 ауданында электр желілері зақымданған. Зақымдалған нысандар мен материалдық шығындардың көлемі қазіргі таңда анықталып жатыр”, – дейді ол.

Сонымен қатар ол Ақмола облысының Бурабай ауданында қатты дауылдан бір адам қаза болғанын айтты.

“7 сәуірде Ақмола облысы Бурабай ауданының Ұрымқай ауылында 28 м/с дейін қатты жел соғып, көлік сарайының шатырын құлатқан. Салдарынан 1980 жылы туған күзетші жарақат алып, оқиға орнында көз жұмған. Шатырдың ауданы мен құрылыс түрі анықталып жатыр”-, дейді ол.

Одан бөлек, өңірдегі боран салдарынан кішкентай бала мен келіншек және зейнеткер зардап шекті. Атап айтқанда, Сандықтау ауылында жеті жасар балаға ғимарат шатыры құлап кеткен. Ол жабық ми-бассүйек жарақатын алған, қазір жағдайы қанағаттанарлық.

“Бүгінгі күні ауа райының қолайсыздығына байланысты Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында 12 республикалық және Қостанай облысында 20 облыстық маңызы бар автожол жабылды. Ауа райының нашарлауына байланысты Төтенше жағдайлар комитеті мен өңірлердегі жедел штабтың жұмысы жалғасып жатыр”, – дейді Любовь Абланова.

Комментарий