Бас тақырып | Тема дняҚоғам | Общество

ҚАЗАҚСТАНҒА КРЕМАТОРИЙ ҚАЖЕТ ПЕ?

Мұсылман халқының түйсігіне жат «крематорий» десе қазақтың денесі түршігеді. Бақилыққа аттанған адамын ақ жауып, арулап қоятын біздің халық үшін мәйітті отқа тастау ақылыңды отқа тастаумен бірдей. Крематорий салудағы басты себеп – зиратқа бөлінетін жердің жоқтығы. Осындай сылтаумен Мәскеу кеңес кезінің өзінде-ақ Қазақстанға «өлікті өртеу» әдісін ұсынған. Сол кездегі басшымыз Дінмұхаммед Қонаев өзінің табандылығының арқасында Мәскеу билігінің тізеге басар пәрменінен жол тауып шыққан болатын.
Қазақстанда қазір крематорий салу мәселесі ауық-ауық көтеріліп тұрады. Оны қолдаушылар да, қарсы болғандар да көп. Бұл ұсынысқа әсіресе дін өкілдері қатты қарсылық көрсетті. Исламда да, христианда да мәйітті өртеу күпіршілік саналады. Діни түсінік бойынша топырақтан жаралған адам, Жер-анаға қайта оралуы керек. Қазақстанда мәйітті өртеуді құптайтындардың көш басында қаладағы жерлеу рәсімін ұйымдастырушы ұйым өкілдері тұр. Олардың дәлелі де – қала аумағында зиратқа бөлінетін жердің тарлығы. Осыған қарап санаға салмақ салып ойланатын болсақ «Қазақстанға крематорий керек пе?» деген сұрақ миыңды шыңылдатады. Әрине, күннен күнге «алып қалашыққа» айналып бара жатқан «Кеңсайдың» проблемасын
крематориймен шешуге болмайтын шығар. Десек те, дәл бүгінгі таңда «Жұқпалы аурудан қайтыс болғандарды қайтеміз?» деген сұрақ атойлап тұр.
26 наурыз күні коронавирустан 64 жастағы әйел қайтыс болғанын естігенде «Енді оны қайда, қалай жерлейді?» деген сұрақ барлығымызды ойландырғаны анық. Оның Ақмола облысының Қосшы ауылының маңына жерленгенін естігенде «Бұл қалай?» деп таңғалдық. Бірақ, қарапайым халық пен журналистердің сұрағына не әкімшілік органдары, не жерлеу рәсімін ұйымдастыратын бюролар жарытып жауап бере алмады.
Іле-шала Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев мәлімдеме жасап, өлгендердің санитарлық талапқа сай жерленетінін алға тартты. Жуырда тағы екінші науқас коронавирустан көз жұмды. Бұл цифрдың әлі қаншаға барып тоқтайтынын да ешкім болжай алмайды. Жақында ғана еліміздің бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова Қазақстанда коронавирустан қайтыс болған адамдарды жерлеу тәртібі бекітілген жарлыққа қол қойылды. Қазір біздің білетініміз «Қазақтар дәстүр бойынша денені табытқа салмайды. Бұл
жағдайда коронавирустан көз жұмған адамның денесін дезинфекциялық ерітінді сіңірілген төсек жаймаға орап, сыртынан полиэтиленді пленкамен қаптайды. Артынан қайтадан тығыз матамен орайды» деген нұсқаулықта. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Covid-19 инфекциясын жұқтырып, қайтыс болғандарды жерлеудің ортақ ережесі жоқ екенін, әр мемлекет өзінше ереже бекіткенін алға тартты. Қазақстанда санитарлық нормаға сәйкес жұқпалы аурулардан қайтыс болғандар қабірінің түбіне қалыңдығы 10 см хлорлы әк салынады екен. Мәйітті тасымалдауға болмайды. Алматы қаласындағы жерлеу және зираттарды ұстау жөніндегі ереже бойынша мұндай адамдардың қабірі әдеттегідей 1,5 метр емес, 2 метр тереңдікпен қазылады. Жерлеу бюроларында да әртүрлі ереже қолданылады. Тіптен мықты қара полиэтилен қапшыққа салып жерлеуді ұсынатын бюролар да бар. Сонда қалай? Мұсылманда топырақтан жаралған адам, топыраққа сіңіп кету үшін жұқа кебінге оралады. Өйткені сүйектен ажырап, суға айналған ет топыраққа тез сіңіп кетуі керек. Негізінен Қазақстанда өлген адамның денесін кремациялауға мүлде тапсырыс жоқ деп айтуға болмайды екен. Осы мақаланы жазу барысында Алматыдағы «Амон» жерлеу бюросының директоры Сергей Александровичпен хабарласқан едік: «Қазақстанда крематорий салу керек пе немесе керегі жоқ па?» деген сұраққа жауап беру қиын. Крематорий қажет дейін десем, адам денесін кремация жасауға өткен жылы 14 қана тапсырыс болды. Оның өзіндік себебі бар. Біз тапсырыс болған жағдайда мәйітті Ресейдің крематорийлерінде жасаймыз. Бұл өте қымбатқа түседі. Ашығын айтқанда бір адамды кремациялауға мәйіттің иесі 500 000 теңге шығындауы қажет. Өйткені, өлген адамның денесін Ресейдің крематорийлеріне жеткізу үшін де бірқатар дайындық жұмыстары қажет. Мысалы, тиісті құжаттарын жинау керек, денені бальзамдау керек, жеткізу шығыны, сонымен қатар крематорийдің қызмет көрсету құны да бар. Кремацияланған адамның мәйіт күлі салынған қобдиша тиісті мекенжайға жеткізіледі. Егер өзімізде крематорий болса, бағасы мұндай қымбат болмас еді. «Керек емес» деп те айта алмаймын, өйткені, исламда адам денесін өртеуге тыйым салынғанмен, Қазақстанда осы салтты жат көрмейтін ұлыс өкілдері де көп тұрады ғой». Расында, «Қазақстанға крематорий керек пе?» деген сұраққа жауап беру қиын. Мәйітті өртеуге тапсырыс берушілердің аз болуы қызмет көрсету бағасының қымбат болуына да байланысты екені сөзсіз. Бұл орайда тағы да бір ойланатын жайт бар – ірі қалаларда үй-күйі жоқ қаңғыбастар да көп болады. Мысалы, тек, Алматы қаласының өзінде бір жылда жүзге жуық осындай адам қайтыс болады екен. Олардың арасында басқа ұлт өкілдері де жетерлік. Крематорийдің қажеттілігін жоққа шығармайтын тағы бір мәселе бар. Мысалы, медициналық мекемелерден жиналатын биоқалдықтар да жерге көміледі. «Алматы қаласы мамандандырылған жерлеу рәсімдері бюросы» ЖШС мамандарының айтуынша бір молаға 70 килограмм биоқалдық (мерзімінен бұрын және өлі туған шақалақтар, медициналық аборт қалдықтары) көміледі екен. Мамандардың айтуынша мұндай биоқалдықтарды өртеу үшін крематорий қажет. Бір сөзбен айтқанда ерте ме, кеш пе Қазақстанға крематорий салу қажеттігі туындайтыны анық. Әрине, бұл жерде өлген адамдарды жаппай өртеу қажет деген пікірден аулақпыз. Бізде көп ұлыстың өкілдері өмір сүргенмен, мәйітті қалай жерлеу керек екенін әр адам өзі шешеді.
Гүлнәр МАҒЗҰМОВА

Нашар | ПлохоОнша емес | Так себеБолады | НормальноЖақсы | ХорошоКеремет | Отлично МАТЕРИАЛДЫ БАҒАЛАҢЫЗ | ОЦЕНИТЕ МАТЕРИАЛ

Загрузка...

Комментарий