Құқық | Право

Бір-бірімізбен соттасуды емес, бір-бірімізге жақтасуды ойлайық

Ел азаматтары өз құқықтарын қорғау үшін сотқа көптеп жүгінуде. Республика соттарына 2018 жылы – 4,5 миллион, 2019 жылы 3 миллионнан астам іс пен материал келіп түскен. Яғни, сот істерінің саны әлі көп, әр істің түпкілікті шешілуіне (бірнеше сот сатысында тараптар дауласатынын ескерсек) айлар, жылдар өтеді. Бір ғана дерек. Соттар әр жұмыс күнінде 13500 сот актісін шығарады (2019 жылғы дерек). Мұндай жағдайда сот істерінің сапасы туралы сөз болуы мүмкін емес. Әсіресе, бірінші сатыдағы соттарда судьялар арыз-шағымға көміліп қалады. Сонда “адамдардың көбісі шағымданушы болып кеткен ба?!” деген ой келеді. Құқығын қорғаған дұрыс қой. Ал азғантай қарызы үшін бір-бірімізбен бет жыртысқанымыз кімге пайдалы? Оны татуласу арқылы да шешуге болады.

Қазіргі кезде Жоғарғы Соттың бастамасымен еліміздің 17 өңірінде 47 Соттан тыс татуласу орталықтары ашылып, 413 Билер кеңесі құрылған. Нақты жұмыстар нәтижесін беруде. Соттан тыс татуласуда екі тарап ортақ келімге келсе, келісімшарт жасасып, дауды бітіммен шешеді. Одан тек пайда. Уақыт үнемдейді, қаржы шығындамайды, абыройына, денсаулығына нұқсан келмейді. Бұл – біріншіден. Екіншіден, дау-дамай өршіп, арыз-шағымдар сотқа түскенде де шағымданушыларға татуласудың баламалы түрлері ұсынылады. 2019 жылы сотта татуласушы тараптар көбейді. Мысалы, еліміздің соттарында 41658 іс медиация бойынша қаралды. Ал 7 мыңнан астам іс бейбіт келісіммен, 500-ге жуық іс партисипативтік процедура арқылы шешілді.

Үшіншіден, қазіргі кезде кейбір дауды соттың араласуынсыз шешуге де болар еді. Бір мысал. Бір адам екінші адамға қарызын қайтармаған. Сол үшін ұзақ-сонар соттасуға бар. Қарыз алушы қарызын кейін қайтарамын деп отыр. Ондайда нотариусқа барып, мәселені ушықтырмай, сонда шешуге болады.

Төртіншіден, Төтенше жағдай режимінде электронды сот ісін қолдану тиімділігін көрсетіп отыр. Бұған республика соттарында мүмкіндік мол. Сіз шағымды “Сот кабинеті” арқылы беріп көріңізші. Ол жағдайда электрондық өтініш сотқа түседі. Бұл арқылы хаттың тіркеу нөмірі, сот отырысының өтетін уақыты, т.б. мәліметтерді қысқа мерзімде аласыз. Қазір осындай тәсілмен соттарға 190 мыңнан астам электронды арыз-өтініштер түсіп, қаралуда.

Жалпы, қандай мәселемен сіз сотқа жүгінсеңіз де: отбасылық, қаржы, бизнес тағы басқалар, сізге ең бастысы – даулы мәселеңіздің тез арада және сапалы шешілуі. Ендеше, сотқа бармай-ақ, онлайн арқылы медиатордың көмегімен дау бойынша медиативтік келісім жасап, оны сотқа жолдап, соттың актісін алу – барлық жағынан дауды шешудің ең тиімді жолы болмақ. Даудың түріне қарай мамандандырылған медиаторды сот қабинетіндегі арнайы функция арқылы таңдап алып, онлайн медиативтік процедураға қатысуға болады. Медиатор дау бойынша шешім қабылдамайды, арнайы тәсілдер арқылы екі тарапқа өз мүдделерін сақтай отырып, ортақ шешімге келуге ықпал етеді, содан соң ол шешімді сот бекітеді.

Төтенше жағдайдың кезінде де өмірдің әр түрлі саласындағы процестерді тиімді ету қажеттілігін түсініп жатырмыз. Даулы мәселеңіз жылдам, денсаулыққа қауіпсіз, сапалы шешілсін десеңіз, бұған дейін халыққа көп айтылып (ақпарат таратылып), ұсынылып жүрген, тиімділігі дәлелденген медиация, келісім жасау, арбитраж, басқа да дауларды соттан тыс шешу тәсілдерін қолданып көруге неге болмасын?!

Жалпы, бүгінгідей ел болып пандемияға қарсы күресіп жатқан тұста дауласуды емес, бауырласуды, бір-бірімізбен соттасуды емес, бір-бірімізге жақтасуды ойлайық, бауырлар!

Нұрлан Қалқа

Комментарий