Қоғам | Общество

ҒЫЛЫМДАҒЫ «ТӨҢКЕРІСТЕРМЕН» ТАҢДАЙ ҚАҚТЫРАР КЕЗ АЛДА

12 СӘУІР – ҒЫЛЫМ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ КҮНІ

«КҮШ – БІЛІМДЕ» ДЕЙДІ ХАЛҚЫМЫЗ. АЛАЙДА СӨЗ БЕН ІСТІҢ АРАСЫНДАҒЫ АЛШАҚТЫҚ БІЗДЕ ӘЛІ ҚЫСҚАРҒАН ЖОҚ. ӨЙТКЕНІ, ХАЛЫҚТЫ ЖАЛПЫ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІММЕН ҚАМТУ ЖАҒЫНАН ӘЛЕМДЕ АЛДЫҢҒЫ ҚАТАРДА ЖҮРГЕНІМІЗБЕН, ӨЗГЕ КӨРСЕТКІШТЕРІМІЗ ЖАҒЫНАН ӘЛІ ДЕ ӘТТЕГЕН-АЙ ДЕЙТІН ТҰСТАРЫМЫЗ ЖЕТКІЛІКТІ.

Тәуелсіздік жылдары білім мен ғылым саласындағы үкімет мүшесінің 12 рет ауысып, олардың бұл қызметті орта есеппен 2,3 жылдан ғана атқарғанын ескерсек, саладағы түйткілді мәселенің қайдан, қалай пайда болғанын оңай аңғаруға болады. Өйткені, әр министр өзінше өзгеріс жасауға тырысып, бұл саланы сынақ алаңына айналдыруы әлемнің көптеген елдерінен айтарлықтай артта қалып қоюымыздың басты себебі болғанын бүгінде ешкім жоққа шығара алмайды. Оны Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымының (PISA) ересектердің (16- 65 жас) құзыреттілігін халықаралық бағалау бағдарламасында (PIAAC) оқу бойынша – 34, математикалық сауаттылықтан – 33 (39 елдің ішінен) және ақпараттық-коммуникативтік технологиялар саласындағы сауаттылық бойынша – 32 (36 елдің ішінен) орынды иеленгенімізден де байқауға болады.
1 млн адамға шаққандағы ғалымдарымыздың саны 662-ден ғана келеді екен. Бұл АҚШ-тан (4256) – 6,4, Ресейден (2852) – 4,3, Беларусьтен (1805) – 2,7 есе аз. Бұл бұқаралық ақпарат құралдарында жиі айтылып жүрген «бізде ғалым көп» деген сөздің шындыққа еш жанаспайтынын көрсетеді. Сондықтан, жаңа мемлекеттік бағдарламада үкіметке ғылымның зияткерлік әлеуетін нығайту үшін зерттеуші мамандардың үлесін 2,8-ден 5,2 пайызға және 35 жасқа дейінгі ғалымдардың үлесін 2-ден 9,6 пайызға ұлғайту міндеті қойылып отыр. Мәселен, 2018 жылғы мәлімет бойынша жас ғалымдардың саны 6566 адам екен. Бұл ғылым саласына тартылған қызметкерлердің 35 %, ал 40 %-ы 35-тен 54 жасқа дейінгілер, 30 %-ы 55 жастан асқандар. Сол сияқты ғылыми зерттеулермен және әзірлемелермен айналысатын 384 ұйымның 39 %-ы экономиканың
кәсіпкерлік, 27 %-ы мемлекеттік сектор, 25 %-ы жоғары білім беру ұйымдарына, 9 %-ы ғылымның коммерциялық емес секторына тиесілі. Ғылым саласында ғылыми қызметкерлерге еңбекақы төлеудің төмен деңгейі және ғылыми-зерттеу қызметін ынталандыру тетіктерінің болмауы; ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар (ҒЗТКЖ) нәтижелілігінің төмендігі және индустрия мен бизнес тарапынан ғылыми нәтижелердің талап етілмеуі; бизнестің инновациялық белсенділігі үлесінің төмен болуы; ғылыми саланың инвестициялық тартымдылығының аздығы және ғылыми зерттеулерді қаржыландырудың төмендігі саланың
дамуын тежеуде.

Сарапшылардың айтуынша, білім және ғылым жүйесіндегі бұл жағдай өзгермейтін болса, жүйесіз және үздіксіз жасалып жатқан реформалардан еліміздегі ұлттық адами капитал нашарлап, кәсіби кадрлардың азаюы және еліміздің экономикалық әлеуетінің төмендеуі жалғаса береді.
ҚР Үкіметінің 2019 жылғы 27 желтоқсандағы № 988 қаулысы бойынша бекітілген «Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020–2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» әзірге тығырықтан шығар жалғыз жол болып отыр. Оны іске асыру үшін түрлі қаржы көздерінен 11 578 млрд. теңге
қарастырылуда. Атап айтқанда оның 9 565 млрд теңгесі республикалық бюджет, 716 млрд теңгесі жергілікті бюджет, 13 млрд теңгесі Дүниежүзілік банк қаржысы болса, 1 284 млрд теңгесін жеке инвестициялар құрамақ. Яғни, 2020 жылы – 1 161 млрд теңге, 2021 жылы – 1 336 млрд теңге, 2022 жылы – 1 708 млрд теңге, 2023 жылы – 2 311 млрд теңге, 2024 жылы – 2 383 млрд теңге, 2025 жылы – 2 679 млрд теңге бөлінеді. Яғни,
ғылымға арналған шығыстардың 0,34 %-ын республикалық бюджет және бірлесіп қаржыландыру есебінен, 0,66 %-ын жеке инвестициялар қаражаты есебінен қаржыландыру жоспарлануда. Бұрын ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың (ҒЗТКЖ) нәтижелерін коммерцияландыруды гранттық қаржыландыру бойынша орташа жалақы 287 мың теңгені, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру бойынша
157 мың теңгені, базалық қаржыландыру бойынша 72 мың теңгені, ең төменгі жалақы 51 мың теңгені құрады. Мәселен, 2018 жылы ғылымның мемлекеттік секторындағы жалақы 119 мың теңгені құрады, бұл еліміздегі орташа көрсеткіштен (163 мың теңге) төмен. ҒЗТКЖ-ға жұмсалатын шығыстар көлемі 2015-2018 жылдары ЖІӨ-нің 0,17 %-нан 0,12 %-на дейін қысқарды. ҒЗТКЖ-ға жұмсалатын ішкі шығындарды қаржыландырудың 51,3 %-ы республикалық бюджет, 40,9 %-ы кәсіпорындардың меншікті қаражаты және 7,8 %-ы басқа көздер құрады. Осы арада бір ғана Samsung Electronics компаниясының 2019 жылы зерттеулерге мен әзірлемелерге жұмсаған қаржысының 16,5 млрд долларды құрағанын айта кеткен жөн шығар. Олар бұған дейін бұл саладағы өз инвестициясын 2030 жылға дейін 5 еседен астам ұлғайтатынын да жариялаған болатын.
Статистика бойынша ЖІӨ-дегі білім мен ғылымға арналған шығыстардың көлемі 2018 жылы 3,3 пайызды құраған болатын. Биыл ол 5,1 пайызды, ал 2025 жылы 7 пайызды құрауы тиіс. Оның ішінде ғылымға арналған шығыстардың үлесі 2020–2025 жылдары 0,132-тен 1 пайызға дейін ұлғаймақ. Ал ғылыми-зерттеу ұйымдарының сапасы жағынан Қазақстан Дүниежүзілік экономикалық форумның Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінде алдағы 5 жылда 80-нен 63 орынға көтерілмек. Ал, ҒЗТКЖ іске асыратын мемлекеттік ЖОО-ларының, ҒЗИ-дың жаңартылған сертификатталған ғылыми жабдықтарының үлесі 13,5-тен 15 пайызға ұлғаймақ. Сондай-ақ, ғылыми әзірлемелердің нәтижелілігін арттыру және әлемдік ғылыми кеңістікке интеграциялануын қамтамасыз ету бағытындағы қорғау құжаттары мен авторлық куәліктердің өсімі 7,8-ден 21,9 пайызға көтерілмек. ҒЗТКЖ-ға жұмсалатын шығындардың жалпы көлеміндегі кәсіпкерлік сектор шығыстарының үлесі 48,8- ден 57,4 пайызға, аяқталған қолданбалы ғылыми-зерттеу жұмыстарының жалпы санындағы коммерцияланатын жобалардың үлесі 25-тен 30 пайызға артпақ. Алайда, коронавирус індетінің
таралуына байланысты елде және әлемнің бірқатар елдерінде жарияланған төтенше жағдайдан кейін оның жоспарға сай жүзеге асуы біршама күдік тудырып отырған жайы бар. Үкіметтің есебі бойынша «Білім беруді және ғылымды дамытудың 2016–2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасындағы» мақсаттар мен міндеттер 93,4 %-ға орындалған. Бизнес тарапынан ғылыми қызметті бірлесіп қаржыландыру үлесі артып, оның үлесі 3 жыл ішінде 4,8 млрд теңгені құраған көрінеді. Халықтың және нысаналы аудиториялардың (ата-аналар, педагогтер, білім алушылар және т.б.) білім және ғылым саласындағы мемлекеттік саясатты оң қабылдауы мен түсінуін қалыптастыру, сондай-ақ, мемлекеттік органдардың БАҚ-тағы теріс және резонанстық тақырыптарға ақпараттық ден қоюы жөнінде шаралар қабылдау үшін 2016–2019 жылдарға арналған бағдарламаны талдамалық және ақпараттық-медиалық сүйемелдеу бойынша жоба ( PR-жоба) іске асырылған. Білім және ғылым саласында жүргізіліп жатқан саясатқа халықтың қанағаттану деңгейіне
әлеуметтік сауалнама кезінде сұралғандардың 22,3 %-ы толық қанағаттанғанын, жартысынан астамы (50,2 %) қанағаттануы мүмкін екенін айтқан. Ширек бөлігі теріс баға берген. Яғни, мемлекеттің білім мен ғылым саласындағы мемлекеттік саясат әлі халықтан толық қолдау таба алған жоқ. Оны мектептер мен кәсіптік-техникалық колледждерде және жоғары оқу орындарындағы қашықтан білім беру жұмысының ұйымдастырылуына қатысты дау-дамайдан да көруге болады. Сондықтан, бұл бағыттағы іс-шаралардың әділ бағасын «Адасқанын – артындағысы біледі, жаңылғанын – жанындағысы біледі» дегендей уақыттың еншісіне қалдырған жөн шығар. Өйткені, ЖІӨ-нен білім беруге арналған шығыстардың үлесі Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымының (PISA) орташа көрсеткіші (5 %) мен БҰҰ Білім және мәдениет жөніндегі
ұйымы (ЮНЕСКО) ұсынған (4-6 %) деңгейге тек 2025 жылы жетуі мүмкін. Ал, ол кезде басқа елдердің көрсеткіші қандай болары әзірге белгісіз. Сол себепті, біздегі білім мен ғылымға қатысты саясат озық елдермен теңесуге немесе озуға емес, қуып жетуге ғана бағытталып отыр.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»

Нашар | ПлохоОнша емес | Так себеБолады | НормальноЖақсы | ХорошоКеремет | Отлично МАТЕРИАЛДЫ БАҒАЛАҢЫЗ | ОЦЕНИТЕ МАТЕРИАЛ

Загрузка...

Комментарий