Бас тақырып | Тема дняҚұқық | Право

АЖЫРАСУ ҮЙРЕНШІКТІ КӨРІНІСКЕ АЙНАЛЫП БАРАДЫ

– Алмагүл Екібайқызы, Ақтөбе қаласының №3 сотында қандай азаматтық істер жиі тіркеледі?
– Талап арыздардың дені азаматтар арасындағы дауды, соның ішінде отбасы-неке қарым-қатынасынан туындаған дауларды құрайды. Атап айтқанда, 2019 жылы сотта 3409 азаматтық іс қаралды. Оның ішінде отбасы-некелік қарым-қатынастан туындаған 2343 іс (68,7 %) болды. Сотта негізінен ерлі-зайыптылар арасындағы заңды некені бұзу, кәмелетке толмаған баланы асырап-бағу үшін алимент өндіру, бала үш жасқа толғанға дейін жұбайын асырау үшін қаражат өндіру, ортақ мүлікті бөлу және т.б. арыздар қаралды.
– Өткен жылы неке бұзу жөнінде қанша арыз-шағым түсті? Көбіне ажырасуға қандай жағдай себеп болады?
– Ерлі-зайыптылардың көпшілігі бар мәселені ажырасу арқылы шешуге болады деп есептейді. Алайда одан кейін алимент өндіру, ортақ мүлікті бөлу секілді даулар туындайды. Жағдай одан әрі күрделене түседі. Бұдан бөлек ажырасуға – ішімдік, есірткі, құмар ойынға тәуелділік себеп болады. Әсіресе, жастар арасында құмар ойынға салынып, отбасынан айрылатындардың қатары артып отыр. Ал, егде жастағы ер адамдардың арасында ішімдікке тәуелділік басым. 2019 жылы қаралған неке бұзу туралы істерге талдау жасасақ, дәл осындай себептермен ерлі-зайыптылардың 21,8 пайызы ажырасқан. Сондай-ақ, жұбайының көзіне шөп салу, өмірлік көзқарасы мен мінезінің сәйкес келмеуі, діни сенімінің әртүрлі болуы, тұрмыстық зорлық-зомбылық әрі жұмыссыздық пен баспананың болмауы секілді тұрмыстық мәселелер де ажырасуға себеп болады. Кейбір отбасында ерлі-зайыптылардың арасына атааналары түседі. Әсіресе, әйелдің шешесі отбасының тірлігіне килігетіні байқалады. Кей жағдайда келіні мен енесі келіспей жатады. Дегенмен, 2019 жылы қаралған неке бұзу туралы істердің 50 пайызы қос тараптың бітімге келуімен аяқталды. Бұл аз нәтиже емес. Өйткені, ажырасуға келген ерлі-зайыптыларды татуластырып, оларды қайта қосу орасан зор еңбекпен келеді.
– Ажырасатындардың дені қай жаста?
– Неке бұзуға арыз беретіндердің дені 30 жасқа дейінгілер мен 30-60 жастың арасындағы ерлі-зайыптылар. Көбіне неке бұзуға әйелдер арызданады. Шағымын қайтып алатын да солар. Ал, ер адамдар сирек арызданғанмен, оларды райынан қайтару қиын. Статистикаға келсек, жастардың дені сотта татуласып, некесін сақтап қалды деуге болады. Олар отбасында болған жағдайды көңілдеріне жақын қабылдайды. Жаңа түскен келін отбасы мүшелерімен, енесімен тіл табыса алмайды. Жолдасының достарымен қыдыруын қоймағанына ренжіп, төркініне кетеді. Мұның соңы екі әулеттің ортасында әңгіме-сөздің жүруіне себеп болады. Екі жас бір-бірін жақсы көргенмен, арадағы әңгімеден соң аралары салқындайды. Осының әсерінен
кей жағдайда екі жақ бітімге келе алмай, жастар ажырасып жатады. Мұны болдырмау үшін жастарға отбасы құрмай тұрып, үй болудың маңызын, ерлі-зайыптылардың міндетін түсіндіретін арнайы курстарға, психологтарға бару қажет деп санаймын. Өйткені, олар үйленгеннен кейінгі отбасылық өмірге дайын болмайды. Барлығы бірдей ата-ананың, қоғамның алдындағы міндетін білмейді. Яғни, жаңа түскен келін ендігі ғұмыры күйеуінің елімен біртұтас екенін, сол әулеттің кейінгі ұрпағының анасы болатынын жете түсіне бермейді. Өз кезегінде жас жігіттер де шаңырақ құрғаннан кейін өзінің алдына «отағасы», «асыраушы» ретінде қойылған міндетті орындауға құлшына кірісе қоймайды. Көбі сол «мамасының баласы» рөлінен шыға алмай, мың сылтаумен жұмыс жасамай, бойдақтық өміріндегі жүрісін тоқтатпай, «Ауырдың үстімен, жеңілдің
астымен» өмір сүруге құмар. Екі жасты үй болуға дайындау – ата-ананың міндеті. Алайда, сотқа ажырасуға келгендердің арасында жасы алпысты алқымдап қалған ерлі-зайыптылар да кездеседі.
– Есіңізде ерекше қалған іс?
– Кей жағдайда бір-бірін жақсы көріп үйленген екі жастың ажырасуына ата-анасы, яғни, құдалардың араздығы себеп болып жатады. Бұл оқиға өткен жылы болды. Күйеу жігіт жағы екі құдалықты бірге өткізіп, кіші келіннің анасының саусағына алтын сақина тағады. Ал, үлкен келіннің анасына гауһар тасы бар сақина салады. Даудың шығуына осы себеп болған. Құдағиына ренжіген қыздың анасы құдасының үйіне қайта-қайта барып, айқай шығарады. Осыдан кейін ерлі-зайыптылардың арасында келіспеушілік туындайды. Cөйтіп, ақыры анасы қызына «ажырасасың» деген талап қойған. Судья-медиатор ретінде ерлі-зайыптылардың арасында, құдалар мен құдағилардың арасында бітімгершілік шарасын жүргіздім. Алайда, сынған кесе жамалған жоқ. Жас келіннің өзі «Бізді ажыратыңызшы, менің анам бәрібір бізді бірге тұрғызбайды, құлағыма тыныштық керек, шаршап кеттім» деп жалынды. Ал күйеуі «Иә, біз бірбірімізді жақсы көреміз, бірақ енем бәрібір бізді бірге тұрғызбайды» деді. Амал жоқ, соттың шешімімен некені бұзуға тура келді. Ерлі-зайыптылардың екі жастағы баласы анасымен қалды. Бәлкім, күндердің бір күні екі жас бір-біріне қайта қосылар.
– Жастардың ажырасуына отбасылық өмірдің қиындығына шыдамауы себеп болады делік. Ал, ақыл тоқтатқан ерлі-зайыптылардың некесін бұзуға қандай жағдай түрткі болады?
– «Орта жас дағдарысы» дегенді естуіңіз бар шығар?! Басында ерлі-зайыптылардың ажырасуына жұмыссыздық, баспананың жоқтығы және т.б. факторлар себеп деп ойлаушы едім. Жоқ. Мәселенің бәрі – ең бастапқыда ерлі-зайыптылардың үй болуға дайын болмауында, еркектердің отағасы рөлін пассивті түрде атқаруында, еріншектігінде, бойкүйездігінде, ал, кейіннен орта жас дағдарысына ұшырауы себеп екен. Өйткені, ерлі-зайыптылардың көбі жоғары білімді болғанымен, ешқайсысы өз мамандығымен жұмыс істеп жүрген жоқ. Мұндайды қазақ «аяғына тұрмаған» деп айтады. Яғни, 30 жас пен 60 жастың арасындағы ажырасушы ерлі-зайыптылардың көбі жас кезінде аяғына тұрмай тұрып, ерлі-зайыпты атанған кезіндегі қыз бен жігіттер. Көбі жоғары білімі туралы қалақтай дипломды қалтаға салып алып, азын-аулақ тиын-тебенге жұмыс істейді. Ақыры тұрымыстық жетіспеушіліктің соңы күйеулерінің арақ ішуіне, соңыра әйелін ұрып, құмар ойынға еліктеуіне, жағдайы жақсы басқа әйелдің қолына кіруіне ұласады. Таяуда бір әйел 30 жылдан астам уақыт отасқан күйеуінен ажырастыруды сұрап келді. Ол «өмір бойы арақ ішкеніне, ұрып-соққанына балалар
үшін шыдап келдім. Қазір балалар есейді, әрқайсысы өз алдына жанұя болып отыр. Ал, күйеуім балам мен келіннің көзінше арақ ішкен күйінде мені балағаттағанын, ұрып-соққанын қоймайды. Бұрын да бірнеше рет уәдесіне сеніп соттан талап арызымды кері қайтарып алдым. Енді райымнан қайтпаймын» деген уәж келтіреді. Мұндай кезде күйеуі «ұрғаным рас, жаздым-жаңылдым, кешір, енді қайталамаймын» деп ант-су ішіп жатады. Міне, осы кезеңге ғалымдар «орта жас дағдарысы» деген айдар таққан. Меніңше, бұл адамның жауапсыздығы, ерлі-зайыптының бір-бірін қадірлемеуі, сыйламауы. Шын мәнінде ерлі-зайыптылар бір-бірін меншіктегендіктен ұрып-соғуға, небір ауыр сөздерді бір-біріне айтуға құқығым бар деп ойлайды.
– Сотқа дейін татуласып, отбасыларын сақтап қалғандар бар ма?
– Ақтөбеде «Анаға тағзым» ғимаратында 2019 жылдың сәуір айында «Отбасын сақтау орталығы» ашылды. Онда ерлі-зайыптыларға құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, отбасылық өмірдің құндылықтарын насихаттайды. 2019 жылы мамандар 277 ерлі-зайыпты жұпқа кеңес берген. Оның ішінде 220 жұп сот ұйғарымымен келген. Соның арасында 170 жұп татуласып, отбасын сақтап қалды. Ал, 57 жұп орталыққа соттан тыс неке бұзу мәселесімен жолыққан. Олардың барлығы да татуласты.
– Татуласуға қанша уақыт беріледі?
– Ажырасуға келген ерлі-зайыптылар көбіне бір-бірін тыңдамайды. Мәселенің басын ашып, сөйлеспейді. Татуласудың орнына бірін-бірі кінәлай бастайды. Өз басым шапылдасып, ұрысып жатқан ерлі-зайыптыларды жақсы көремін, қуанамын. Өйткені, мұндай отбасыларда ең болмағанда 70 пайыз татуласуға үміт бар. Яғни, олар әлі күнге дейін ыстық-суығы басылмаған, әңгімесі таусылмаған жұбайлар. Кейде сотқа жүздерінде ешқандай эмоция жоқ ерлі-зайыптылар келеді. Екеуі бір-бірінен әбден шаршап кеткен. Олар қойған сұрағыңа
қысқа ғана жауап беріп, өз айтқанынан қайтпайды. Заң бойынша, татуласуға 6 ай уақыт беріледі. Жақында бір ерлі-зайыптының сот арқылы некесін бұздық. Ер адам әйелін қызғанып, ұрып-соғады. Мұнымен қоймай, балаларын, әйелін «өртеп жіберемін» деп қорқытады екен. Оны сотта өзі де мойындады. Екеуіне татуласуға 4 ай уақыт бердім. Алайда, әйел адамның, балалардың өміріне қауіп төнгендіктен, ажырастыруға тура келді. Біз барынша екі жақты татуластыруға тырысамыз. Көбіне татуласқандардың арасында бірлі-жарымы жарты жылдан соң келіп, қайта арызданады. Алайда, олар көп емес. Өткен жылы Ақтөбе қаласының №3 соты ерлі-зайыптылар арасындағы дауды медиация арқылы шешу бойынша облыста бірінші орынға шықты.
– Үкіметтен көмек алу үшін ажырасатындар да бар шығар…
– Атаулы көмек алу үшін формальды түрде ажырасуға арыз бергендер өткен жылдың сәуір-мамыр айында көп болды. Дені – 4-5 баласы барлар. Олар алғашында атаулы көмек алу үшін күйеуімен ажырасып жатқандарын айтпайды. Ажырасу себебін сұрасаң, «күйеуім ұрады, жұмыс жасамайды, ішеді» дейді. Тек артынан күйеуімен сөйлесу кезінде ғана түпкі ойларының мемлекеттен көмек алу екенін түсіндік. Оларға құқықтық жұмыс жүргізіп, талап-арыздарын кері қайтартуға тырыстық. Бірақ, біреуі ақыры ажырасып тынды. Ерлі-зайыптылар ұрысып, біраз былықтың беті ашылды. Бұл жерде атаулы әлеуметтік көмек отбасындағы мәселелерді ушықтырып жіберді десе болады.
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан
Жансая ЕСМАҒАНБЕТОВА,
АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫ 

ПлохоТак себеНормальноХорошоОтлично (Пока оценок нет)

Загрузка...

Комментарий