Бас тақырып | Тема дняҚоғам | Общество

ӨМІРІН СОЛАЙ ҮЗДІ ӨЛЕҢ…

Даудырлап сөйлеп, тізесіне түсетін костюмінің етегін желге кеулетіп, аңқылдап жетіп келіп тұратын досым, әріптесім, сырласым әрі мұңдасым Аманхан ақынның бұл фәниден өте шыққанына қу жүрегім әлі де сенер емес. Бірақ, кешелі бері турасын айтып, туғанына жақпаған ақынын жоқтап күңіренген қалың жұрттың сай сүйекті сырқырататын сөздеріне қарап отырып, тосыннан естілген жамандықтың қаңқу сөз емес, ақиқат екендігіне еріксіз иланып, сыңарынан айырылған қозыдай жетімсіреп қалдық.

Бей опа жалған-ай, сонда да өмірі жанымызда жүретіндей көретін Аманханның өлшеулі ғұмырының түгесілгеніне сенгің келмейді. Енді ол поэзия деген қасиетті нәрсені дүмбілез дүниелерімен ластайтын кем таланттардың мінін бетіне басып, айтыспайды. Бірақ, ол алпыс сегіз жылдық ғұмырында өзі жақсы білетін өнер мен әдебиеттің тазалығы үшін талайлармен тартысып, жаға жыртысып өтті. «Өнердегі кем таланттардан қорқу керек» деп отыратын. Аманханмен бірге бүкіл дәуірдің бір кезеңі тарихтың тасасына сіңіп, қалың жұрт бас қосып, қауқылдасып отыратын әлеуметтік желі де жетімсіреп қалған сияқты. Ақынның сан мыңдаған оқырманы енді бұдан былай оның «құрметті достарым», «мен бүй деппін» деп басталып, әрі қарай өнер мен қоғам туралы айтатын салмақты ой-пікірлерін естімейді. Неге екенін білмеймін, көңілге түйген ойларын түгел сарқып жеткізе алмаған Аманхан өзінің жүрісі тәрізді тіршілікте бәріне де асыққан сияқты болып көрінеді де тұрады. «Торығып жүрмін» дейтін ол. Бір-бірімізді сағынып тұратын едік. Кейде түн ортасында қоңыраулатып, «келіп кетсейші, жаңадан туған айға қарап, жалғызсырап отырмын» дейтін жабығып. Аманхан досым мына қызығына тойдырмайтын бес күндік жалғаннан неге жалықты екен, неге торығып түңілді екен? Әлде бір-біріне күле қарап сөйлегенімен, бір бүйірінде пендешілігі бұғып тұратын кейбір адамдардың аярлығынан безді ме екен? Жамандыққа қимағандығымнан шығар, «неге олай» деп сұрауға да батылым жетпеді. Қазір досымның өзімен бірге ала кеткен жан сырын бөлісе алмағаныма өкініп, бармақ тістеп отырмын.
Соңғы рет телефон шалғанында басшылық қызметін өзгеге тапсырғанын, ендігі арманы соңынан ерген тұяғы Аянының бас құрағанын көріп, немересін жетектеп жүру еді. Алайда қатал тағдыр қазақтың біртуар ақыны, арда азаматы Аманханның маңдайына құда-құдағиымен төс қағыстырып, келінінің маңдайынан сүю қызығын жазбаған екен. Алла Тағаланың өзі аян берді ме екен, Аманхан соңғы жылдары өлім туралы көбірек жаза бастады. Сергей Есенинге еліктеп, «Ажал кейпіндегі менің қара адамым» деген өлең де жазды. Енді бір өлеңінде «күзде өлемін» дейтін. Періштелер әумин деп қоя ма екен деп, іштей шошитынмын. Жамандыққа қимағандығымыздан шығар. Бірақ, жаратқан ием, Аманханға өзі армандап жүретін тіршілік біткен сарғайып, сұрқай тартатын күрең күзді бұйыртпады. «Сендер Аманханның қадірін өлгеннен кейін білетін боласыңдар» дейтін. Құдай аузына салды ма екен, қателеспепті, қалт айтпапты, қазір ақын Аманханның өмірдегі орнын жоқтап, әрбір қылығын жүрегіміз сыздап, еске алып отырмыз. Тұтамға толмайтын тіршіліктің аяулы да ауыр кезеңдерін бірге өткізген Аманхан туралы әңгіме көп, тек айту ауыр. «Әй, сен қу, мен өлгеннен кейін бейсенбілігіме келіп, Күләйдің шайын ішіп отыратын шығарсың» дейтін. Бірақ, мына заман Аманханның бейсенбілігі түгілі, жүзін топырақ бүркейтін дидарын соңғы рет көріп, топырақ тастауды да бұйыртпай отырса, оған не шара…
Бақұл бол, аяулы дос, қазақтың аңқылдаған АМАНХАНЫ!
Елеусіз МҰРАТ

Қоштасу
Дүние қалды қаңырап,
Ұл-қызы қалды аңырап.
«Жақсы адам ба еді» дегенде,
«Жақсы адам» дедік жамырап.
Салғандай сүрең қарттыққа із,
Жұбату сөзін айттық біз.
Ақ көңіл, адал, аңғалақ,
Ақынды жерлеп қайттық біз.
Топырақ салдық асыға,
Қарайды демде басы да.
Қанатын кеткен қайырып,
Қызының жатты қасына.
Көңілдер нені тоқыды,
Ажалдың болмас соқыры…
«Азығың енді осы» деп,
Молдекең құран оқыды.
Жүректер жылап жүздеген,
Өмірін солай үзді өлең.
Аманат етіп Аллаға,
Қайттық біз барған ізбенен.
Келместей бейне кезек түк,
Атқарып міндет мезеттік.
Әлімнің ұлын…
Болған соң,
Әлемнің дертін сөз еттік.
Көрінбес кейде алды-арты,
Кептеліс те жоқ албаты.
Қайғылы көзбен қарайды,
Қоршауда қалған Алматы!
Әлібек ШЕГЕБАЙ

Аманхан ағаның он жылдан аса ғұмыры «Заң газетімен» бірге өткен екен. Осы уақыт ішінде ақынның тәлімін көрген, қамқорлығын сезінген жандар аз болған жоқ. Ұлтқа қатысты мәселеде үндемей қала алмайтын ағамыздың қаламынан қаншама көркем, публицистикалық дүние туындады. Енді соның бәрі естелік! Аманхан Әлімұлының қазақ журналистикасына да, қазақ әдебиетіне де, қазақ қоғамына да берері әлі көп еді. Амал нешік! Мезгілсіз келген ажал баладай аңғал ақынды арамыздан ерте алып кетті. Жатқан жеріңіз жарық болсын, жақсы аға! Ақынның ағайын-бауырына, үзеңгілес достарына, жары – Күләй апамыз бен баласы Аянға қайғысына ортақтасып, көңіл айтамыз!

«ЗАҢ ГАЗЕТІНІҢ» ҰЖЫМЫ

 

Комментарий