Аймақтар | Регионы

Жетісуда жаңадан 23 мектеп салынады

Алматы облысында жақында тағы 23 жаңа мектеп бой көтереді. Бұған дейін жоспарланған 16 мектепке қосымша тағы 7 мектеп Жұмыспен қамту жол картасының арқасында салынбақшы. Бұл туралы бүгін Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Үкіметтің селекторлық отырысында хабарлады. Бір жылда 23 мектептің құрылысын жүргізу Жетісу өңірі үшін аса маңызды. Себебі облыста үшауысымды 32 мектеп бар.

Отырыста Амандық Баталов төтенше жағдай кезінде халықты, бизнесті қолдау шараларының маңызды екенін атап өтті. Аймақта 156 мың адам жұмыспен қамтылған ірі (48) және орта (158) кәсіпорындарда өндіріс көлемінің төмендеуі және қызметкерлерді босату тіркелмеген. Мәселен, өңірде биылғы жылдың бірінші тоқсанында күтілетін өнеркәсіп көлемі – 203 млрд.теңге немесе 102,1%, ауыл шаруашылығы – 80 млрд. теңге немесе 101,5%, құрылыс – 24,8 млрд. теңге немесе 101%, инвестициялар – 64,2 млрд. теңге.

Мемлекет Басшысының Жұмыспен қамтудың жаңа Жол картасына 1 трлн. теңге бөлу туралы шешімі жаңа жұмыс орындарын құруға үлкен көмек береді. Мемлекеттік сараптама қорытындысы алынған жобалық-сметалық құжаттаманың арқасында облысқа 22,8 мың жұмыс орнын құра отырып, 977 жобаны іске асыруға 109,2 млрд. теңге бөлінді. Оның 58,9 млрд. теңгесі немесе 54%-ті әлеуметтік-мәдени саланың 429 жобасын іске асыруға бағытталады.

Мектептер құрылысымен қатар, 5 ауылдық дәрігерлік амбулатория салу жоспарланған. 53 елді мекенде сумен жабдықтау нысандарын қайта жаңарту мен жөндеу, 84 елді мекенде абаттандыру жүргізіліп, 220 елді мекенде 500 шақырым жол жөнделеді.

«Облыста бұрын да Жол картасы бойынша жұмыстар атқарылды, бірақ мұндай көлемде қаражат алғаш рет бөлініп отыр. Сондықтан, біздің міндетіміз -оларды уақытында және сапалы игеру, жұмыспен қамту мәселелерін шешу», – деді Амандық Баталов. Оның айтуынша, “Еңбек” бағдарламасы аясында жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 22 мың адамды қамту жоспарлануда. Сонымен қатар, жекеменшік инвестициялар есебінен 367,6 млрд. теңгеге 75 объекті іске қосылып, 5 мыңнан астам жұмыс орындары ашылады. Оның ішінде жалпы сомасы 142 млрд. теңгеге шетелдік «Alacem» (Сингапур), «Феникс Фид Милс» (БАӘ), «СТК Sokol» (Нидерланд), «Мистрал Энерджи» (ҚХР) компанияларының қатысуымен жүзеге асырылатындары да бар. Соның нәтижесінде, облыс бойынша қолдау шараларының арқасында жұмыстан шығарылған және жұмыссыз тұрғындар үшін 65 мың жұмыс орны құрылатын болады.

Облыс басшысы бір ең төменгі жалақы – 42500 теңге мөлшеріндегі әлеуметтік төлемдермен қамтуды кеңейту туралы шешім халықтың көптеген мәселелерін шешетінін де атап өтті. «Бұл біздің облыс үшін де өзекті, себебі бізде өз бетінше

жұмыспен қамтылғандар саны – 265 мың, жұмыссыздар – 48 мың. Төлемдерді барлығы 300 мыңнан астам адам алады», – деді Амандық Баталов.

Комментарий