Қоғам | Общество

“Баланы туасыңдар да көмек тілеп келесіңдер”: Алматы облысында жергілікті әкімдік көпбалалы ананың бетін қайтарып тастаған

Карантиннің кесірі жұмыссыз қалған отбасыларға ауыр тиіп жатқаны сөзсіз. Алматы облысының тұрғыны Гүлмира Бейсебаева – 9 баланың анасы. Кіші қызы ақыл-есінің ауытқушылығының ауыр түрімен ауырып, мүгедек болып қалған. Stan.kz тілшісі көмекке мұқтаж отбасының жағдайын сұрап білді.

2000 жылға дейін ауылда тұрып, кейін Гүлмира Бейсебаева күйеуімен ажырасып кеткен соң қалаға шиеттей бала-шағамен қалаға қоныс аударған. Алматы облысына қарасты Талғар қаласында тұрады. Қазіргі таңда жұмыссыз.

“Осыдан бір жыл бұрын ғана екі жыл істеген дүкенімнен кетуге тура келді. Қазір денсаулығымның нашарлап кетуіне баланысты үйде отырмын. Тек арасында жалдамалы үй тазалаушы болып жұмыс істейтінім болмаса, басқа ешқандай жұмыс істемеймін. Бұрын істеген дүкен басшыларының шақыртуымен анда-санда үйлерін тазалап барып тұрамын”, – дейді тоғыз баланың анасы.

“Кіші қызымның денсаулығы нашарлап, мүгедек болып қалды. Жақында ғана Алматыдағы республикалық балаларға арналған психика-терапиялық ауруханасында ем алдық. Енді алты ай сайын ем алып тұру керек. Дәрігерлер ақыл-ес кемістігінің ауыр түрі деген диогназ қойды. Шынымызды айтсақ, қызымыздың мұндай дертке шалдыққанын кейіннен байқадық. Қызымыз өспей қалды, түрлі витаминдер беріп оңалып кететін шығар деп үміттеніп жүрдік. Бірақ жыл сайын денсаулығы нашарлай түсті. Қазір – он жаста, бірақ бойы өспей қалған, салмағы небәрі 13  келі ғана”, – дейді етегі жасқа толған ана.

Бар байлығым балаларым деп жүрген Гүлмираның үлкен қызы отыз жасында қатерлі ісікпен ауырып, бір жыл бұрын қайтыс болыпты.

гульмира бейсебаева

“Үлкен қызым күйеуге тимеген еді. Одан кейінгі екі ұлымның отбасы бар, олар бөлек тұрады. Қалған қыздарымның екеуі – студент, екеуі – оқушы, бірі тұрмысқа шықпаған, ал кіші қызым – мүгедек”, – дейді алтынқұрсақты ана.

Балаларымның бәрін бір өзім сүйреп, жетілдіріп жүрген адаммын деген ана осы уақытқа дейін әкімдіктегілер де мұңын тыңдап, көмек қолын созуға асықпағанын айтады. Қайта көп баласын айтып, бетіне басатын көрінеді.

“Еңбекші ауданында тұрған кезде көпбалалы анамын деп барғанда әкім орынбасарының “Баланы туасыңдар да беттеріңе ұстап, көмек тілеп келесіңдер” деген сөзі менің жүрегіме қатты батты. Содан кейін ешкімнен ешқандай көмек алған адам емеспін, сұрап та көрген емеспін”, – деген Гүлмира Бейсебаева тек осы жолы ғана жаны қиналған соң өзі туралы жазып, көмек сұрауға мәжбүр боп отырғанын айтады.

Комментарий