Бас тақырып | Тема дняҚоғам | Общество

«АТТЫҒА ЕРІП ЖАЯУДЫҢ ТАҢЫ АЙЫРЫЛМАСЫН»

Көзге көрінбегенмен, талай елдің берекетін қашырған пандемия қалыпты оқу процесін де онлайн жүйеге көшуге мәжбүрледі. Енді 6 сәуірден бастап оқушыларымыз оқу жылының 4-тоқсанын, үйде онлайн оқып бастайды деп күтілуде. Алайда карантин деп ауылға қайтып кеткен оқушылар бар, үйінде ноутбук түгілі, ғаламторы жоқ жанұялар бар, тіпті ауыл тұрмақ қаланың кейбір шеткі аудандарындағы ғаламтордың жылдамдығының өзі мәз емес, баласы ұялы байланыс құралынсыз, әке-шешесі ғаламторды «көтере алмайтын» қарапайым ұялы телефон ұстап жүргендер бар, бір үйде 4-5 баласы қатар оқитын да көп балалы отбасылар бар.  Мұндай жағдайда онлайн оқу әшейін көзбояушылық үшін жасалған әрекет болып қалмай ма?! Еліміз қашықтан оқытуға қаншалықты дайын?

Деректерге сүйенсек, жалпы 107 мемлекетте орта білім беретін мектептер толық жабылған. Бұл – 870 миллионға жуық оқушы білім алуын тоқтатты деген сөз. Бұған қоса 12 елдің кейбір қалаларында орта білім беру ошақтары жұмыс істемейді екен. Осыған байланысты бүгінде бірқатар мемлекеттердің алдында үздіксіз білім беруді қамтамсыз ету міндеті тұр. Сондықтан қазір індеттің алдын алу мақсатында көптеген елдер  оқушыларды онлайн оқытуға көшіруде.

Онлайн оқуға қоғамымыз дайын ба?

Осы орайда айта кетер жайт, 2017 жылы елімізде «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы қолға алынған болатын. Ақпараттық технологиялар қарыштап дамып бара жатқан заманда IT саласын дамытпасақ, дамыған 30 елдің қатарынан көріну қиын екенін түсінгендіктен бұл бастаманы қуана құптадық. Өйткені, өркениетті елдердің барлығы осы цифрлы жүйеге көшіп, өнеркәсібінің дамуын және халқының әл-ауқатын жылдан-жылға жақсартып келе жатқанын көз көріп отыр. Елбасы да: «Бұл – маңызды кешенді міндет. Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлы қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек. Бұл индустриялар қазірдің өзінде дамыған елдердің экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа дарытты» деген болатын. Рас, осы жылдар ішінде еліміздің кейбір салалары цифрлы жүйеге бет түзегенімен ол бастамалардың халықтың күнделікті өміріне қаншалықты пайдасын тигізіп жатқаны беймәлім. Тіпті халқымыз цифрлы технологияға көшіп үлгере алды ма? Халықтың әлеуметтік жағдайы IT технологияны көтере ала ма? деген сауалдарға бас қатырып көргендер жоқ ау…  Ал білім саласының цифрлы дайындығын төтенше жағдай кезіндегі онлайн оқу анықтап беретін түрі бар…

Айтпақшы…

Қазақстандықтардың өмір сапасын арттыру әрі ұлттық экономиканы цифрландыру бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде 2020 жылға дейін интернет қолданушылардың санын 80 пайызға дейін арттыру, тұрғындардың 95 пайызын цифрлы xабар таратумен қамту, азаматтардың цифрлық сауаттылығын 80 пайызға дейін арттыру көзделген болатын. Көзделген межеге жете алдық па?! Шыны керек ұялы байла­ныс, теле­коммуникация, сандық ТВ, кең­жолақ­ты интернет, ақпараттық техноло­гиялар, Е-үкі­мет, Е-сауда, интерактивті жарнама, онлайн жүйе, әлеу­меттік медиа секілді терминдерді еліміздегі кез келген ата-ана түсіне бермейді. Ал үйде балаға бағыт бағдар сілтейтін ата-ананың жағдайы осы болғанда, карантинде қамалып отырған ұстаз баланы онлайнға қалай көшіреді?! Осы орайда жоғарыдағы бағдарламадағы «азаматтардың цифрлық сауаттылығын 80 пайызға дейін арттыру» сөз жүзінде қалғанын байқаймыз… Енді онлайн оқудың білім сапасы сөз жүзінде қалмауы қоғамға сын болып тұр.

Онлайн оқуға ата-ана не дейді?

Нәзира Бердіқожаева, ата-ана:

  • Менің үш балам оқушы. Олар 6, 3 және даярлық сыныптарында оқиды.  Даярлық сыныбына онлайн оқу қарастырылмаған екен. Енді қалған екі балама онлайн оқытуды меңгертуді уайымдап отырмыз. Қазір мектептегі ұстаздар үйдегі ғаламторды, компьютердің бар жоғын сұрастырып жатыр. Бір ноутбукты бөлісіп, онлайн оқуды екі балам ебін тауып оқыр деп отырмын. Бірақ сыныбымызда басым көпшілігі көпбалалы отбасы екен. Екіншіден ғаламтордың жылдамдығы төмен, кейде телефонымызға келіп тұрған хабарламаны ашуға ғаламтордың жылдамдығы жетпей жатады. Ал сабақ қалай онлайн өтіледі? Үшіншіден байқағаным ноутбук пен компютер сыныптағы оқушылардың 30% жоқ екен. Бұрын онлайн оқу болмағандықтан енді  «көш жүре түзеледі» деп күтіп отырмыз. Бірақ шыны керек білім беретін бағдарламаларына шулап жүріп бірнеше күннен бері әлі тіркеліп бола алмай жатырмыз. Мына түрімізбен күнделікті сабақты қалай алып кететініміз қорқынышты болып тұр. Тек жұрттан қалмайық деп емес, сапалы біліммен сусындау үшін бала мен ата-аналардың да мүмкіндігін ескерсек екен. Ең бастысы көп ата-ана баласының оқуын да, тәртібін де ұстазға артып қойып, балаларын бақылаусыз қалдырған еді. Сыныпта жиналысқа жылдап келмейтін ата-аналар бар еді. Онлайн оқу осы олқылықтың орнын толтырады деген үміттеміз.

 

Онлайн оқуға ұстаз дайын ба?

Айман Сағидулла, ұстаз:

  • Онлайн сабақ өтеміз, қолдаймыз! Бірақ «Дарын онлайн» сайтының кейбір мәселелерімен келіспеймін. Бір үйде 4-5 оқушы немесе мұғалім және оның балалары тұрады. Бірақ «Дарын онлайнға» тіркелу үшін әр бірі электронды пошта ашуға тиісті. Бұл біздің жұмысымызды күрделендіретінін көріп отырмын. Неге бір отбасының балалары бір поштамен кіруге болмайды? Біріншіден, бастауыш сынып балалары электронды пошта ашып, онымен жұмыс жасауды түсінбейді. Мұғалімдердің мойнына жүк. Екіншіден, телефоннан электронды пошта ашу өте қиын. Ал компьютер, ноутбук барлық үйден табылмайды. Бір пошта арқылы 5 адам тіркелсе де балалардың жеке аттары мен туған күнінде айырмашылық бар. Сауаты бар адам шатастырмай оқи алады. Сондықтан рейтейнгті сылтау қылмай, онлайн оқудан жоғарыға беретін есепті ғана ойламай бір электронды пошта арқылы кіруді жүзеге асырса екен. Төртіншіден, пошта ашып, оның паролін жаттау балалар үшін оңай емес, әсіресе кішкентайлар үшін. Бесіншіден, неге мен «Дарын онлайнға» кіру үшін поштаға кіруім керек? Үйге келген қонақты көршінің үйі арқылы алып кіру қазақта жоқ дәстүр. Жұмысты қиындатудың қажеті қанша? Мұғалімдер үшін де оңай емес. Сайттарға кіруден бөлек паролін жаттау бір жұмыс. Ал 6 баласы бар ата-ана не істейді? 6 баласына 6 почта ашып отыра ма? Онсыз да қазіргі таңда мұғалімдер мен оқушылардың басында сайт көп. Бір поштамен бір отбасы тіркеле алатындай жағдай жасауды сұраймын. Онлайн оқытудың тетіктері күнделікті қолданысқа ыңғайлы болса деймін. «Дарын онлайнға» оқушыларды тіркеуді мұғалімдерге міндеттеп жатқандар бар. 25 оқушыға 25 пошта ашып, ұйқысыз жүрген мұғалімдер жеткілікті. Пошта дегеннің не екенін білмейтін ата-аналар не істейді? Теледидардан онлайн оқу жүреді дегенімен қазір жаппай ноутбук немесе телефон арқылы жаппай ұстаздар арқылы оқушыларды міндеттеп тіркеу жүріп жатыр. Қоғамды шошытпай, онлайн оқудың қарапайым тетіктері қарастырылса екен.

 

Бас мұғалім не дейді?
Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:

  • Өкінішке орай, басқа таңдау жоқ. Оқу процесі тоқтатылмауы тиіс. Біз осындай жағдайға тап болған басқа елдердің тәжірибесін алдын ала зерделедік. Біз қашықтан оқыту жүйесін ұстанған кезде басқа дамыған елдерде де орын алып жатқан кейбір қиындықтар туындауы мүмкін екенін жақсы түсінеміз. Бір отбасында бірнеше оқушы болған жағдайда бір компьютер мен бір смартфонды пайдалану ыңғайсыз болуы немесе қажетті техниканың мүлдем болмауы да мүмкін. Кейбіреулерде интернет байланысы да жоқ. Президент қашықтан оқытуды ұйымдастыру үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға тапсырма берді. Бұл мәселелер қазір ерекше бақылауда. Әкімдіктермен бірлесе отырып, мектептегі компьютерлерді оқушылар мен мұғалімдерге уақытша пайдалануға беру, тіпті, қажет болған жағдайда, мектептерге қосымша техника (планшеттер немесе компьютерлер) сатып алып, оларды да уақытша пайдалануға беру мәселелерін қарастырудамыз. Кейбір өңірлер бұл жұмысты бастап кетті. Эпидемиологиялық ахуалға қарай, шалғайдағы ауылдық елді мекендерде орналасқан шағын жинақты мектептерде (80-ге жуық бала оқитын) оқытуды дәстүрлі форматта жалғастыру мүмкіндігін қарастырудамыз, тағы бір мәрте атап айтамын – тек қарастырудамыз. Бұл мәселе бойынша түпкілікті шешім әлі қабылданған жоқ, бұл мәселе каникул аяқталғанша шешіледі. Ал әзірше олар да қашықтан оқытуға белсенді дайындалуда. Жаңа режимде жұмыс істеу педагогтер үшін де, балалар үшін де оңай шаруа емес, біраз күш-қуатты талап ететінін баса айтқым келеді. Бұл – отандық білім беру жүйесі үшін үлкен сын екені рас.

Түйін:

Онлайн оқуға қаншалықты дайын екенімізді аз күнде байқаймыз. Бүгінде Америкада білім алып жатқан бес балалы журналист Нәзира Байырбек әлеуметтік желіде Американың онлайн оқуға дайындығын сөз етіпті. «Біз қазір үйдеміз. Балалар онлайн оқыған соң ноутбук жетіспей, қиналып отыр едік. Мектептен хабарласып, жағдайымызды сұрады. Сөйтсек, Нью-йоркте қазір 1 миллион 100 мектеп оқушысы онлайн оқуға көшкен екен. Олардың 300 мыңы ноутбукке, компьютерге мұқтаж екенін, онсыз онлайн оқи алмайтынын жазыпты. Сонымен, білім департаменті әр балаға карантин біткенше пайдаланатын бір-бір айпад беретін болды. Оған қоса, мектептен балаларға таңғы ас және түскі ас алып кетіп отырыңыздар деп хабарлап жатыр. Тамағын білмейміз, әйтеуір балаларды қажет құралмен қамтамасыз ететініне қуанып отырмыз. Инстаграмда мұғалім болып істейтін қыз-келіншектер кейде хат жазып жатады. Онлайн оқытуға дайындалып жатқанын айтып. Ал Америкада үш-ақ күнде барлық мектеп мұғалімін онлайн оқытуға дайын қылып шығарды ғой. Шіркін дейсің іштей, Қазақстаным да осындай қолы ұзын, мүмкіндігі жоғары, бай мемлекетке айналса ғой» дейді көп балалы ана. Үш-ақ күнде онлайн оқуға толық дайын болған елдерге ереміз деп, «аттыға еріп, жаяудың таңы айрылыптының күйін кешпесек болғаны»...

Нашар | ПлохоОнша емес | Так себеБолады | НормальноЖақсы | ХорошоКеремет | Отлично МАТЕРИАЛДЫ БАҒАЛАҢЫЗ | ОЦЕНИТЕ МАТЕРИАЛ

Загрузка...

Комментарий