Аптадағы сұхбат | Интервью неделиҚоғам | Общество

Еренғайып ОМАРОВ, Қайнар академиясының ректоры:«ШЕТЕЛДЕ ОҚЫМА ДЕП ЕШКІМГЕ ШЕКТЕУ ҚОЯ АЛМАЙМЫЗ»

– Еренғайып Сәліпұлы, коронавирус індетіне қатысты жарияланған төтенше жағдайдан кейін барлық білім беру ұйымдары қашықтан оқыту түріне көшті. Бұл үрдісті Қазақстанда ең алғаш өзіңіз жетекшілік жасайтын жоғары оқу орны жүзеге асырғанын бүгінде біреу білсе, біреу білмейді. Соны бүгін өз аузыңыздан естудің реті кеп тұрған сияқты.
– Қашықтан оқуды енгізу туралы әңгіме Қазақстанда алғаш рет 2005–2006 жылдары шыға бастады. Қашықтан
оқытудың бастамасын көршілес елдер арасында Ресейде бірінші боп Славян университеті бастады. Олар спутник арқылы оқытамыз деп сондай жүйені өздеріне кіргізген. Кейін Қазақстанда өздерінің филиалын ашып, ол кезде компьютерді қолданбай қашықтан оқытуды телевизор арқылы енгізіп жүрді. Ал, спутник хабарын қабылдау үшін үлкен антенна керек екен. Сол себепті еліміздің білім министрлігі осы әдісті таңдаймын деген білім ордаларына антенна сатып алыңдар деді. Ал, оның өзіне млн долларға жуық ақша кетеді екен. Сондықтан біз 2006 жылы министрлікке қашықтан оқытуға интернет жүйесін қолдануды ұсынып, 2007 жылы қашықтан оқыту жүйесін эксперименталды түрде Қайнар университетінде жүргізу туралы министрліктің арнайы бұйрығы шықты. Оны 3 жыл тексеріп, толық дәлелдедік. Содан бастап Қазақстанда оқу жүйесіне интернетті қолдана бастады. Бұл біздің бастама еді. Бізді ол кезде біреу түсінді, біреу түсінбеді. Қазір енді бәрі интернетпен істейді. Спутник деген жайына қалды.
– Қашықтан оқытуға білім беру ұйымдары дайын ба еді?
– Коронавирус эпидемиясын ешкім күткен жоқ. Сабақты тоқтатуға болмайды ғой. Шұғыл түрде, алдымен жоғары оқу орны, кейіннен колледждер мен мектептер қашықтан оқуды жаппай кіргізе бастады. Енді дайындықты қарасақ, Алматының өзінде көп жерде интернет дұрыс жұмыс істемейді. Кейбір мектептердің де жағдайы мәз емес. Ал, қала ішіндегі мектептердің жағдайы болса да, оқытатын сабақ жүйесі дайын емес боп шықты. Әрине мектептерге қарағанда жоғары оқу орындары біршама дайын екен. Қашықтан оқыту деген оқудың формасы емес, көмекші құрал ғой. Күндізгі бөлімде оқитындар енді сабақты үйінде отырып оқиды. Енді осы оқыған сабақтарды тексеру жағы қалай? Тексеру екі түрлі. Оқушының қатысқанын, мұғалімнің сабақ бергенін және оқушы мұғалімге сабағын тапсырды ма, тапсырмады ма дегенді тексеру керек боп жатыр. Мұғалім сабақты өткізді ме, өткізбеді ме дегенді біз ғана емес, министрлік де тексереміз дейді. Кейбір жерлерде мұғалімдер енді кірісіп жатыр, көпшілігі бұрыннан дайын. Оған: 1. Оку әдістемелік кешен; 2. Силлабус; 3. Видео лекциялар офлайн режимде; 4. Презентация; 5. Слайдтар; 6. Электронды кітапхана. Силлавус, контент дейді оларды интернет жүйесіне арналған оқулықтар деуге де болады. Бізде бакалавр, магистрлерді дайындайтын жоғары, 9 сыныпты бітіргендер оқуға түсетін бакалаврға дейінгі колледж, одан кейін мектеп бар. Яғни, үздіксіз оқу жүйесі жасалған.
– Қайнар академиясында бұл жұмыс қай деңгейде еді? Интернет арқылы қашықтан оқудың өзіндік қандай жүйелері бар?
– Біз 2019 жылдың жазынан мұғалімдер арасында қашықтан оқыту жүйесін қолдану бойынша жұмысты қолға алдық. Соған байланысты лекция, семинар жұмысының сұрақтары, есептері дайын болсын деп ескерткенбіз. Содан кейін кейбір жерде зертхананы қалай қолдануға болады деп оны да есептеп, дайындап жаттық. Сөйтіп жүргенде мынандай жағдай орын алды. Біз қашықтан оқытуға 80 пайыздай дайын тұр едік. Онлайн оқуға көшеміз деген соң 3-4 күнде оны 100 пайызға жеткіздік. Одан кейін қазір интернет жүйесі бір жерде жылдам, бір жерде баяу, бір жерде жоқтың қасы ғой. Бізде интернеттің Қазақстандағы ең күшті жүйесі тұр 300 Мбит/сек-тық, оның өзі күндіз 200-150 дейін төмендеп кетеді, керісінше түнде және демалыс күндері 300-ден де аздап асады. Біздегі интернет оптоволоконды сым жүйесімен қойылған. Ондағы ақпарат лазермен тарайды. Оның ең бір тиімді жері жылдамдығы мықты, ақпарат жоғалмайды, ақпаратты көп жібере алады және қабылдау жүйесі де мықты. Студенттің шыққанын мұғалім камерамен көріп тұра алады. Жалпы интернетті оқу жүйесіне қолданудың бірнеше бағдарламасы бар. Қазір кем дегенде ватсап, zoom, platonus, moodle, телеграмм, электрондық пошта, Coursera және microsoft деген сияқты оншақты жүйе бар. Оның көбі Қазақстанға таныс. Бәрін қолдану қажет те емес. Біз рlatonus-ты бұрыннан қолданып жүрміз. Рlatonus-ты Қазақстанда алдымен Қайнар университетінен бастаған болатынбыз. Оны ойлап тапқан қазақстандық компанияны қай жерге барса да ешкім қабылдамаған. Алғаш 2007 жылы оны біз ғана қабылдадық. Оларды басында 3-4 кісі ғана істейтін, ал программаның авторлары қазақтың екі қызы болатын. Содан кейін барып, олар Қайнарға енгіздік деп министрлік арқылы барлық жоғары оқу орнына қабылдауды ұсынды. Көпшілігі қабылдады. Еліміздегі негізгі жүйе қазір осы. Сол сияқты шетелден шыққан Moodle да жақсы жүйе. Жалпы бұл жағынан қиыншылық жоқ. Кейбіреуі тегін.
– Қашықтан оқу демекші, соңғы жылдары әлемдегі оқу ақысы өте қымбат және ең беделді саналатын озық жоғары оқу орындарынан ешқайда бармай-ақ тегін білім алуға, егер қажет боп жатса сынақтарды шартты бағаға ақылы түрде тапсырып, диплом да алуға мүмкіндік жасалып жатыр. Осы арада бұл мәселені де қозғай отырсаңыз?
– Дұрыс айтасыз. Әлемдегі ең мықты жоғары оқу орындарының сабағын неге басқаларға оқытпаймыз деп, 2012 жылы АҚШ-та американдық бір азамат Стэнфорд университетінің профессоры Дафна Коллер, вьетнамдық Эндрю Ын деген әріптесімен бірлесіп осы идеяны жүзеге асырады. Олар жасаған жүйелерін Coursera деп атайды. Кейін ол өзінше жеке университет сияқты боп кетті. Бастапқы кезде қызығушылар оншақты студенттен басталып, кейін саны жүздеп, мыңдап өсе бастаған соң олар АҚШ-тағы ең озық 20 оқу орнының 10-ын көндіреді. Жоғарыда айтып өткенімдей негізгі идеясы тегін оқыту. Тек диплом алам десе әр пәннен ақылы түрде емтихан тапсырып, сертификаттарды жинап диплом алады. Онда қазір 30 млн астам студент оқиды. Онда ешкім жасына, жынысына, нәсіліне, дініне қарамайды. Алғашында тек ағылшынша
білетіндер оқыды, енді олар әлемнің 35 тілінде (орысша, қазақша да) оқытып жатыр. Қазір сол жүйе бойынша АҚШ университеттері бағдарламасын осы Алматыда біреулер қазақшалап жатыр. Енді оларды қазақша да оқуға болады. Бұдан 5-6 жыл бұрын осы оқу жүйесін Давостағы симпозиумда талқылады. Бір қызығы Ресейде 2013 жылы ГосДума осы мәселені қараған екен. Сorsar деген шықты. Ресейдің азаматтары ағылшынша білсе болды соны оқып жатыр деп. Содан кейін ресейліктер қашықтан оқу жүйесін мықтап қолға алды. Қазір интернетті қараңыз Ресейдің университеттері Қазақстанның студенттерін арзанға оқытам деп шақырып жатыр. Оқу ақысы жылына 100 мың теңге ғана. Бізде 100 мың теңгеге колледжде де оқи алмайсың.
– Бірақ, бізде де, шетелде де барлық мамандықты қашықтан оқытуға болмайды деген принцип бар ғой?
– Иә. Оны үкімет ойлауы керек. Негізінен көп елде медицина, әскери, ұшқыш және музыканы қашықтан оқытуға тыйым салған. Кей жерде шет тілінде. Бұл жерде оның бәрін шешетін сол мемлекеттің өзі. Кезінде бізде сырттай оқу бөлімін жауып тастады. Қазір енді амалсыз бәрін қашықтан оқытып жатырмыз ғой. 2000 жылы 4 ректор АҚШ-қа бардық, сонда қарасақ атақты Гарвард университетінің өзі сабақтың 40-60%-ын
қашықтан оқытады екен. Қашықтан оқу жүйесі дегенге тереңірек қарасақ бұл бір үлкен мәселе. Оған бала үйден шықпасын деген жағдаймен ғана қарауға болмайды. Егер ол толық жүзеге асатын болса көп мәселе шешілуі мүмкін.
Соңғы 20-25 жылда дүниеге келген балаларды Z-балалар дейді, олар туа біткен таланттар. Олар айтқанды қағып алады, ойы жүйрік. Қашықтан оқыса ең алдымен бала әке-шешесінің қасында жүреді. Оған киімі мен жү­ріс-тұрысына, тамағына, кітабы мен өзге құрал-жабдығына қосымша қаржы қажет емес. Өйткені, қазір мемлекеттік грантпен түскендер де оқуға қосымша ақша шығындайды. Сосын кітап мәселесі де шешілер еді. Бұрынғыдай қаптатып оқулық шығарып керегі жоқ. Сабақ беретін мұғалім өзінің кітабын мемлекеттік бағдарламаға қарап, басқа кітаптарға қарап қалай бергісі келеді. Солай жазып алады. Үкіметтің де ақшасы үнемделеді. Айтпақшы мектепті де электрондық жүйеге көшіргелі жатыр ғой. Жыл сайын қаншама млрд-таған
теңге оқулық шығаруға кетеді. Соның өзі жетпей ата-аналар өздері сатып алып жатады. 1-2 сыныптағы кейбір балалардың кітабы өзінен үлкен. Қазір орта және жоғары сыныптағы мектеп оқушылары көп жағдайда мұғалімнен артық біледі. Тақырыпты айтса қажетті материалды бес минутта-ақ өздері интернеттен тауып ала алады. Қазір заман солай болып бара жатыр. Біздің жастардың білімі шетелдің жастарынан кем емес. Тіпті
теңбіз дей аламыз, әйтпесе жоғарымыз. Енді өмірге бейімділігі де артық болу керек. Оның бәрі жаңа технологияның арқасында жүзеге асады. Қазіргі жағдай мемлекеттің және ЖОО дайындығын тексерді. Эпидемия кезінде дайындығы қандай дегендей. Оқу жүйесі жағынан дайын екенбіз. Ендігі сынақ медицинаға, мемлекетке кеп түсіп отыр. Жауапкершілік көп мәселені тудырып жатыр. Соның бірі – ауруханаға дәрігерлер мен медбикелер жетіспеуде. Дезинфекция жасайтындар да қажет екен. Кім білген? Енді ашылып жатыр. Сондықтан, ЖООларға пандемия кезіндегі қажеттілікке сай мамандар дайындауды жүктеу керек. Олар алғашқы көмекті көрсете алатын болуы керек. Жаппай техникалық мамандықты оқыта бермей, шенеунікті қаптата бермей, ақшаны осыған жұмсау керек. Ауруханалар салған дұрыс.
– Елбасы Қазақстанда Орталық Азия аймағындағы білім хабын құру жайын қозғап еді. Бұл мәселе қаншалықты жүзеге асты? Жеке оқу орнының басшысы ретіндегі көзқарасыңызды білсек?
– Қазақстандық оқуға ынталылар шетелде көп. Бірақ, көбісі үйінде отырып оқығысы келеді. Бізде керісінше сендер оларды алып келіңдер дейді. Қазіргі жағдайдан кейін олар енді мүлдем келмейді. Бәрі үйден шығуға қорқады. Сондықтан енді қашықтан оқытуға көбірек көңіл аудару керек. Ол көп мәселені шешеді. Кезінде біздің оқу орнымызда Түрікменстаннан 100 шақты студент оқитын. Кейін оларды алуды азайттық. Себебі, ол жақта мектептегі білім деңгейі 9 сыныптық қана. Рұқсат берсек сол жерден де, Қырғызстан мен Өзбектаннан оқуға дайын. Басқасын емес, өзіміздің оқу орнымыз туралы айтатын болсам бізде шетелдің студенттері көп емес. Қырғызстан мен Өзбектаннан бөлек, Ресейден, Қытайдан, Тайваннан, Кореядан, Жапониядан, Түркия, Украинадан келіп оқығандар болды. Бірақ, олар бір-екіден ғана. Бір-бірлеп оқыту өте қиын. ҚР Тұңғыш Президентінің осындай хаб жасайық деген ұсынысы өте дұрыс болатын. Қазақстанға көп студенттер арзан
болғаны үшін келеді. Бәрі қашықтан оқуға бола ма дейді. Мысалы үндістандықтар негізінен медицина саласына келгісі келеді. Онда медицина университетіне түсу мүмкін емес екен. Сосын Қазақстан мен Ресейдің медициналық оқу орнына түсуге тырысады. Сол дипломмен ғана олар өз еліндегі медицина
университетіне түсуге жолдама алады. Онда біздің дипломмен тек ауылдық жерде жұмыс істей алады, ірі және орташа қалаларда жұмысқа алмайды. Дипломдарымыз нострификациядан өтпейді екен. Ал, жақсы жұмысқа орналасу үшін үнді дипломымен АҚШ, Еуропада оқуға мәжбүр. Яғни, жақсы дәрігер болу үшін Үндістанда үш сатыдан өту керек.
– ҚР Президенті бір сөзінде жоғары оқу орындарының санын қысқарту жайын қозғаған еді. Еліміздегі білім сапасына көңіліңіз тола ма?
– Сапасы төмендеу жоғары оқу орындары бар шығар. Алайда, Алматыда жоқ деуге болады. Себебі, мұнда бәсекелестік бар. Ал, кейбір жерлердегі шағын қаладан не аудан орталығынан ашылған оқу орындарының сапасы шынында да көңілге күмән ұялатады. Өйткені, қазір Алматының өзінде ғылым кандидатын табу оңай жұмыс емес. Олардың саны жылдан жылға азайып бара жатыр. Оншақты жыл боп қалды бұрынғы диссертация қорғау жүйесі жоқ, мүмкін болса қайта қалыптастыру керек. Ал, жаңадан енгізілген PhD докторларының кейде сапасы аса мәз емес және аз дайындалады.
Жалпы оқу деген әр адамның өзіне байланысты ғой. Жақсы оқимын десең жердің түбінен келсең де жақсы оқып кетесің. Гарвард университетінде де кейбір студенттер 15-20 жыл оқиды. Себебі ол жақсы баскетболшы, футболист болуы мүмкін. Ондай жағдай барлық жерде бар. Ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүгіріп өтетіндер кеңестік дәуірде де болған. Сондықтан, сапасы төмен оқу орындарын жабу керек не біріктіру керек деген талап дұрыс. Осы арада бұл мәселе неден шықты дегенге ой жүгіртейікші. Кезінде үлкен бір қателік болды. Шамасы 20 жыл бұрын 80 млн халқы бар Түркияда 15-16 университет болса, 15 млн халқы бар Қазақстанда 150 оқу орны бала оқытады, соған орай білім ордаларының санын қысқарту керек деген идея шықты. Бірақ,
олар бір нәрсені түсінбеді. Қазақстанның жері үлкен ғой. Сондай-ақ, ол кезде Түркияда ЖОО дегеннің мәнісі болмады. Онда оқу абыройлы емес еді. Кейін ғана компьютер жүйесі, интернет, ғылым мен техника күшейген соң олар да ойлана бастады. Қазір онда 207-дей ЖОО бар. Соңғы ашылғандарының жартысы жекеменшік. Бұған дейін бәрі мемлекеттік болды. Түркияда білім мен ғылым дамып келеді, әсіресе, медицина мен құрылыс саласы мықты дамыған. Қазір дүниежүзінде университеттер саны өсіп келе жатыр. Кім жақсы маман дайындайды деп біз өзіміз үшін жүгіреміз. Жұмыс орны болса біздің студенттер дайын тұр. ЖОО орындары бәсекелестікке шыдамай өздері жабылады. Содан кейін жоғары оқу орнын бітіргендер өз мамандығымен жұмыс істеу керек деген де қате түсінік бар. Баласына әйтеуір оқуға түссең болды дейтіндер көп. 17-18 жаста мамандық таңдау қиын ғой. Кей кезде бірқатар мамандықтың қажеттілігі артса, кей кезде кемиді. Оларда көп жұмыс орны да болмауы мүмкін. Қазір робот, блокшейн дегендер шықты. Блокшейн дегеніңіз үлкен документтік база, қойма сияқты. Үлкен сандар деген ұғым шықты. Біраз жылдан кейін көп заңгердің керегі жоқ екен. Он шақты жылдан кейн нотариус та керек болмай қалатын шығар. Кадр бөлімі керек адамының анықтамасын интернеттен қарай салады. Сол сияқты адвокат та көп керек емес. Қазір интернетте барлық жағдайға қатысты дайын тұрған өтініш, шағым, арыз келісім шарттардың үлгісі бар. Болашақ қалай дамиды соны ойлау керек, оны форсайт дейді, бірақ, елдің көбі білмейді.
– Білім беру ісін көптеген елдер саяси және экономикалық тұрғыдан бөлек, стратегиялық маңызы бар идеология құралы ретінде де қарастырып, оған ерекше көңіл бөледі.
– Гарвард университеті мықты студенттерді алуға тырысады. Бірінші мақсаты ақылды адамдарды жинау. Екіншісі, соларды кейін саясат үшін өздеріне қолдану. Сосын онда барып оқып келгендердің кей жағдайда бізде жұмыс істеуі қиын болып жатады. Себебі ол жақтағы менталитет бөлек. Сыртта 4-8 жылға дейін жүрген соң біздегі жұмыс істеу тәсілін білмейді кейбірі. Сонда көргенін осында жасаймын деп жеккөрінішті боп жатқандар да бар. Өйткені, бұл жақтағы кісілер де шетелге бармағаны болмаса ақымақ емес. Сондықтан, шетелге жібермес үшін біздің мемлекет біраз жұмыстарды жасауы керек. Жасыратыны жоқ бітірушілердің көбі бірыңғай тестілеуден қашады. Жақсы оқыды дегендердің өзі құлап қалсам масқара болам деп қорқады. Әке-шешесі де басыңды ауыртып қайтесің, шетелде емтихансыз қабылдайды сосын бірдемесі болар, деп бағыт айтады. Тест грант бөлу үшін ғана керек боп тұр. Ресей бізден шамамен жылына 30-40 мың оқушыны алып
кетеді. Орыс болмаса да, кейбірі сонда сіңіп қалады. Ресейде мемлекет ЖОО-ға жылда ақша бөледі. Сосын орын далада қалмасын деп мұғалімдері жан-жаққа шығып адам жинайды. Біздің небір білімді балалардың шетелге кетуінің бір себебі осында.
– Қазір халықаралық ынтымақтастық аясында бір емес, бірнеше жоғары оқу орнының дипломына ие болуға мүмкіндік жасалған. Шетелде білім алуға құмарлық қажеттіліктен бе, әлде имидж үшін жасалып жатыр ма?
– 40 шақты шетелдік ЖОО-мен байланыстамыз. Оның ішінде оншақтысымен тығыз қарым-қатынастамыз.
Студент алмасу жүйесі бойынша біздің студенттер онда, олардан бізге келеді. Осылайша екі диплом алуға болады. Бірақ, онда бір жағына басымдық берсе, екіншіден, әлсіреп қалады екен. Көбіне басқа мамандықты алғысы келеді. Біздегі ереже бойынша ұқсас мамандықты ғана оқуға рұқсат етіледі. Шетелде оқыма деп ешкімге шектеу қоя алмаймыз. Оқу жүйесінің бір қызығы біз мамандық бойынша жалпылай оқытамыз. Шетелде бір бағытта ғана оқытады. Бізге 60 жас шамасындағы Турин университетіндегі экономика факультетінің деканы, ғылым докторы келді. Италия экономикасы бойынша лекция оқыңызшы деп едік, оқи алмаймын деді. Келген соң сұрасақ «мен бір мәселені ғана білем. Жұмыссыздық пен оның экономикаға әсерін ғана зерттеймін» дейді. Бізде ондай жеке пән де жоқ екен. Италия экономикасы бойынша 1 лекцияны әзер жасады. Бізге «Болашақ» бағдарламасымен Италияда оқып келген жастардың біреуі келген. Жұмысқа алдық. Кейін сұрастырсақ онда мынаны да, ананы да оқытқан жоқ дейді. Ал, оның сонда оқығаны біздегі әдебиетте бір парагроф та емес екен. Қазақстандағы оқу жүйесі олардан кең және қашықтан оқу енді
студенттерге жаңа мүмкіндіктер береді. Еліміздегі бітірушілер шыны керек көп жағдайда жан-жақты дайындалған маман болып шығады. Мысалы біздің оқу орны экономика факультетінде оқыған балаға банкте, биржада жұмыс істеуді үйретеді, психология мамандығы психологиялық сүйемелдеуді қажет ететін мекемелерді қолданбалы және іргелі міндеттерді шеше алуға қабілетті арнайы кәсіби-психологиялық құзыреттіліктері қалыптасқан тәжірибелі-психологтармен қамтамасыз етеді. Құқықтық пәндер кафедрасы халықаралық және ішкі құқықтық қызмет саласында бағдарлануға, адам құқықтарын қорғау саласында
теориялық және практикалық білімді белсенді қолдануға, жоғары білікті заң көмегін көрсетуге және еңбек нарығында бәсекелестік жағдайында табысты бейімдеуге қабілетті, үйлесімді дамыған және кең білімді кадрларды дайындауды жүзеге асырады. Басқа мамандықтар да солай жұмыс істейді. Жалпы студенттерді
өмірге лайықты заманауи маман болуға үйретеміз. Оқу орнында практикаға көбірек көңіл бөлу керек деп ойлаймын, оқығанын кейін қайда, қалай қолдануға болатынын үйрету қажет.
– Сұхбатыңызға рақмет.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»

Нашар | ПлохоОнша емес | Так себеБолады | НормальноЖақсы | ХорошоКеремет | Отлично МАТЕРИАЛДЫ БАҒАЛАҢЫЗ | ОЦЕНИТЕ МАТЕРИАЛ

Загрузка...

Комментарий