Саясат | Политика

Президенттікке үміткерлер арасынан кімдерді көргіңіз келеді?

ҚР Президентінің үндеуінде айтылғандай маусымның 9-ы күні елімізде кезектен тыс сайлау өтеді. Додаға екіақ ай қалғанын ескерсек, оған дайындық бүгіннен басталуы тиіс. Осы ретте біз ҚР Президенті болуға кім лайық және оның бойында қандай қасиеттер болуы тиіс деген сұраққа жауап іздеген едік.

Мақсат ЖАҚАУ, саясаттанушы:
– Бұл сайлау ешқандай да кезектен тыс емес, барлығы Конституцияға сәйкес. 2020 жылы желтоқсанда болады деген сөз Елбасының тұсында қабылданған шешім. Президент өзгерді, Конституция бойынша жаңа Президент қызметіне кіріскен соң екі ай көлемінде сайлау мерзімін анықтауы керек. Яғни, барлығы өз тәртібінде өтіп жатыр. Президенттікке үміткерлердің арасынан кімді көргіміз келеді,– дегенде, өз басым бірінші Қасым-Жомарт Тоқаевты айтар едім. Егер ол сайлау додасына түссе, оның кандидатурасын әр қазақ қолдайды, дауыс береді деп ойлаймын. Себебі, меніңше әзірге Президенттікке Қасым-Жомарт Тоқаевтан озық, лайықты тұлға жоқ сияқты.Елбасымыз ол кісіні тектен-тек тағайындап кеткен жоқ қой. Ол кісі әбден саясат алаңында шыңдалған, мемлекеттік қызметте тәжірибесі өте мол азамат. Білімі де жеткілікті. Кешегі өткен кездесулерде көрдіңіздер, ағылшын тілінде келіссөздер жүргізді. Тек ағылшын, орыс тілі ғана емес, әлемнің бірнеше тілін біледі. Өзі кезінде елшілік қызмет атқарған, дипломатиясы да мықты. Міне, осы себептен және Аманат жүгін арқалай алатын, аманатқа қиянат жасамайтын адам болған соң да Елбасымыз оған ел тізгінін сеніп тапсырды.
Әрине, сайлау тартысты әрі әділ өтуі тиіс. Ол үшін біздің әрқайсысымыз белсенділік танытып, дауыс беруіміз керек. Әйтпесе, қоғамда «менің дауысым не шешеді дейсің?» деген кертартпа көзқарас бар. Бұл – біздің мемлекетіміз, біз оның құраушысымыз. Сондықтан, осындай саяси кезеңдерде әрбіріміздің дауысымыз маңызды. Сайлауға қатысайық, ел тағдырын шешуге ат салысайық. Болмаса, үйде жатып алып, «сайлау әділетсіз өтті» деп, тоғышарлық танытпай-ақ қояйық.

Әзімбай ҒАЛИ, саясаттанушы:
– Президентіміз Конституцияға сәйкес, бірақ, кезектен тыс сайлау өтетінін мәлімдеді. Меніңше, бұлай ету ең алдымен саяси тиянақтылық үшін қажет. Үндеудің маған ең бір ұнаған тұсы – Қ.Тоқаевтың «Сайлаудың таза, ашық, әділ өтетініне кепілдік беремін» дегені. Ал, сайлауда қандай үміткер жеңуі тиіс дегенге келсек, ең алдымен ол – қазақтілді әрі ұлтжанды азамат болса. Сосын экономикалық геосаясат жағынан білгір болса. Мысалы, көрші мемлекеттерде ондай болмады. Айталық, Түркіменстанда Сапармұрат Ниязовтың кезінде халық қатты тарықты. Енді Бердімұратов келді де, халық тоймаса да, бірінші өзіне алтын ескерткіш қойды. Өзбекстанда да жағдай мәз болмады, бес миллион өзбек Ресейде жұмыс істеп жүр. Мұны өз елдеріндегі жағдайдың жақсылығынан дей аламыз ба?! Тәжікстанда да бірінің артынан бірі екі басшы болды, бірақ, жағдай оңалмай тұр әлі. Халқының тұрмысы өте төмен.
Осы Орта Азия елдерімен салыстырғанда, бізде жағдай шүкір дерліктей. Енді бізге тіл мәселесіндегі біршама кемшіліктерді жоятын Президент керек. Әйтпесе, қазір қазақ тіліне деген сұраныс өте төмен. Әсіресе, жоғарыда отырған шенеуніктер арасында. Қазір 91 пайыз қазақ баласы қазақ мектебінде оқиды. Бірақ, бұл – қарапайым халықтың таңдауы. Ал, мемлекет тарапынан ондай емес, яғни, элита қазақша сөйлемейді. Бұл мемлекетшілдікке жатпайды. Экономиканы алсақ, Н.Назарбаев сәтті модернизация жасап, нарықтық қоғам орнатты. Енді алда жаңадан сайланатын Президент саяси реформа жасайды деген
үмітіміз бар. Сайлау легитимді болуы үшін тартысты өтуі керек. Сондықтан, алдағы сайлауда лайықты үміткер, ол Қ.Тоқаев болғанның өзінде, бірінші емес, екінші турда жеңгені жақсы. Президент сайлауы туралы заңды либералдап, қашып жүрген оппозиционерлерге келіп, сайлауға қатысып, жеңілуге құқық беру керек. Өйткені, қазір Тоқаевтың жұлдызы жоғары боп тұр. Сол себепті, ұтатын жағдайда оңтайлы, саяси тартыста жеңіске жеткені жөн. Екінші турда әрі аса көп басымдықпен емес. Демократияға сәйкес әрекет жасауымыз керек.

Сауалнаманы әзірлеген М.ӘБСАТТАР, «Заң газеті»

Комментарий