Әлемде | В мире

Қытайға коронавирустың екінші толқыны келуі мүмкін

Қытай билігі COVID-19 вирусының таралуын тоқтатқанын мәлімдеді.

Қытай билігінің хабарлауынша, соңғы күндері тек ондаған адамнан коронавирус табылған. Олардың көбі – шетел азаматтары.

Ал Синхуа агенттінінің хабарлауынша, шамамен үш мың адам коронавирустан емделіп жатыр. 70 мыңнан астам адам айығып, үш мыңдай адам қайтыс болған. Соңғы тәулікте коронавирустан үш адам қайтыс болған.

Бірнеше күн бұрын АҚШ пен Италияда вирус жұқтырғандар саны Қытайдан асып кеткен.

Бірақ билік шетел азаматтарынан вирус табылып жатқандықтан эпидемияның екінші толқыны болу қауіпін жоққа шығармайды. Бірнеше күн бұрын Қытай шетел азаматтарын кіргізуді тоқтатты.

Guardian газетінің жазуынша, Қытайда вирусқа байланысты шетел азаматтарынан сескену құбылысы байқалған.

Эпидемия ошағы саналатын Ухань қаласында бірқатар карантиндік шаралар алынып жатыр. Ухань мен бірқатар қалалар арасында әуе байланысы қалпына келді. Метро істей бастады. 8 сәуірден бастап қалада адамдар еркін жүріп-тұра алады.

Батыс ақпарат құралдары мен кейбір мамандар Қытай билігінің вирус жұқтырғандар мен қайтыс болғандар санына байланысты жариялаған ресми дерегіне күмән келтіреді. Жергілікті дәрігерлердің статистика азайтылып көрсетілді деген айғақ-пікірлері бар. Қытайдағы статистиканың дұрыстығын дәлелдеген тәуелсіз дереккөз жоқ. Коронавирус туралы ақпарат елде қатаң цензураға ұшыраған.

Комментарий