Қоғам | Общество

Ербол Өтемұратов:”МАҚСАТЫМЫЗ – САПАЛЫ МАМАН ТƏРБИЕЛЕУ”

“Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы” коммерциялық емес акционерлік қоғамының Алматы қаласы бойынша филиалының құрамындағы маңызды құрылымның бірі – HR жəне СМЖ басқармасы. Елімізде енгізілгеніне көп уақыт бола қоймаған бұл құрылым немен айналысады, негізгі міндеттері қандай? Басқарманың басшысы Е.Өтемұратовпен болған сұхбатта осы жəне басқа да мəселелер жөнінде əңгіме өрбіткен едік.

Ербол Мінəжатдинұлы, алдымен қазіргі заманда трендке айнала бастаған HR жəне сапа менеджментінің жүйесі деген ұғымға түсінік беріп өтсеңіз.

– Дұрыс айтасыз. HR жəне СМЖ – Қазақстанға Америкадан, Еуропа елдерінен келген жаңа бағыт. HR (human resources) – ағылшын тілінен аударғанда “адами ресурстарды басқару” деген мағынаны білдіреді. Яғни, өзіне жүктелген қызметтік міндеттерді жоғары жауапкершілікпен атқаратын сапалы мамандарды тəрбиелеу, оларды тиімді пайдалануды қамтамасыз етуге бағытталған білім мен тəжірибені шебер ұштастырған бағыт болып табылады. Қызметкерлерді тəрбиелеу ұйымдастыруды сапалы басқару жүйесінің ажырамас бөлігі болып есептеледі.

Ал, сапа менеджментінің жүйесі (СМЖ) – сапаны басқаруға қажетті əдіс-тəсілдердің, процестер мен ресурстардың, ұйымдастырушылық құрылымның жиынтығы. Ол кез келген мекеменің қызметін жетілдіру, оның бəсекелестік деңгейін анықтау, отандық жəне əлемдік нарықтағы бəсекелестігін арттыру мақсатын көздейді.

Өзіңіз басқарып отырған басқарманың мақсат-міндеті, атқаратын қызметі қандай?

– 2017 жылы құрылған біздің басқармада 11 адам қызмет етеді. Ұжымдағы бас HR менеджер, қатардағы HR менеджерлер мен психологтар корпорация құрамындағы 2 мыңнан астам қызметкермен тығыз жұмыс жүргізуде.

Кез келген мекеменің басты күші – қызметкерлері. Өйткені, өз жұмысын жетік меңгерген маман əрқашан мекеменің абыройын арттырып, мəртебесін асқақтатып жүреді. Корпорация қызметкерлерінің міндеті – заманауи технологияларды пайдалана отырып, халықтың мемлекеттік қызметтерді тез алуына көмектесу жолында жоғары деңгейде қызмет көрсету, мемлекеттің цифрландыру саясатын барынша қолдау, жалпы жұртшылықты цифрлық сауаттылыққа үйрету, жемқорлыққа жол бермеу. Сондықтан, осындай талаптарға сай келетін, кəсіби біліктілігі жоғары кадрларды тауып, іріктеу жұмыстарына басты назар аударылады. Осы орайда, біздің басқарма 2019 жылы лауазымдық бос орындарға 10 байқау жариялады. Оған қатысқан 480 үміткердің 312-сі жұмысқа орналасты.

Сондай-ақ, бізде болашақ кадрларды қаладағы жоғары оқу орындарының жоғары курс студенттерін корпорацияда тəжірибеден өткізіп, арасындағы алғыр, қабілетті жастарды таңдап алу əдісі де жолға қойылған. Бұл бағытта Қазақ ұлттық аграрлық университетімен, Қ.Сəтпаев атындағы Қазақ ұлттық зерттеу техникалық университетімен, «Қайнар» университетімен жəне «Каспийский» университетімен студенттерді тəжірибеден өткізіп, əрі қарай жұмысқа орналастыру жөніндегі меморандумға қол қойылды. Есепті кезең ішінде 100-ден астам студенттің корпорация филиалдарында тəжірибеден өткенін айтқым келеді.

Сондай-ақ, жыл басынан бері Алматы қаласының жұмыспен қамту басқармасы арқылы филиалда тағлымдамадан өтуге 120 адам қабылданып, нəтижесінде ынта-жігерімен ерекшеленген 60 адаммен еңбек шарты жасалды.

Өмір бір орында тұрмайтыны белгілі. Көз ілеспес қарқынмен дамып келе жатқан қазіргі қоғамда енгізіліп жатқан өзгерістер өте көп. Сол себепті, жұмысқа жаңадан қабылданған жандармен, сонымен қатар, бала күтіміне байланысты декреттік демалыстан шыққан қызметкерлермен ай сайын бейімдеу курстары өткізіліп тұрады.

– Психолог мамандардың ұйымдастыруымен қандай шаралар жүзеге асырылуда?

– Корпорация филиалдарындағы қызметкерлермен семинар-тренинг, əңгімелесулер, тест өткізу, кеңес беру мекеме психологының негізгі міндеттеріне жатады. Олар көбінесе филиалдарды аралап жүреді немесе тəлімгерлерді жинап алып (10 қызметкерге – 1 тəлімгер) жұмыс жүргізеді. Семинарлардың басым көпшілігі сапалы қызмет көрсету мақсатында тұтынушылармен дұрыс қарым-қатынас жасау мəдениеті, жүйке тұрақтылығы, т.б тақырыптарға арналған.

Өткен жылдың қорытындысына тоқталар болсақ, 2019 жылы психологтың жұмыс жоспарына сəйкес, 155 семинар-тренинг өтті. Сонымен қатар, танысу, алдын алу мақсатында 1386 жеке əңгімелесу өткізіліп, бөлім меңгерушілерінің жəне жұмысшылардан түскен сұраныстар бойынша кеңес берілді.

Қызметкерлерді оқыту жəне құзырлылығын дамыту мақсатында 2019 жылы мемлекеттік корпорацияның Алматы қаласы бойынша 154 қызметкер ішкі тренер қызметіне тағайындалды. Олар арнайы бекітілген кестеге сəйкес, 1813 дəріс өткізді.

Қызметкерлердің білімдерін бағалау мақсатында былтырғы он екі айда 44 Google-тестілеу өткізіліп, 2765 маман орташа білім деңгейін көрсетті.

– Халыққа мемлекеттік қызмет көрсету сапасының деңгейі қандай? Келушілер тарапынан түсетін шағымдар бойынша кінəлі тұлғаларға қандай шаралар қолданады?

– Сұрағыңыз орынды. Халыққа қызмет көрсету орталығына келетін адам санының көп болатыны белгілі. “Бес саусақ бірдей емес” дегендей, көптің арасында əртүрлі адам бар. Біріне жақса, біріне жақпайды. Кейбіреулерінің жүйкесі жұқарған, қайсыбіреулерінің кезек күтуге шыдамы жетпейді. Оның үстіне, өзіңіз білесіз, қазір əрқайсысының қолында бір-бір смартфон. Келіспеушілік туындаған жағдайды суретке немесе бейнеге түсіріп, əлеуметтік желіге жариялап жатады. Ал, оның соңы қызметкердің мəселесін корпорацияның тəртіптік кеңесінде қараумен аяқталады. Кінəсі дəлелденген жағдайда оған тиісті жазасы беріледі. Ал, дəлелденбеген жағдайда, тұтынушылармен мұндай кикілжіңге жол бермеу туралы ескертумен шектеледі.

Қызметкерлерге ақыл-кеңестерін беруден аянбайтын психологтарымыз арнайы ұйымдастырылған шараларда тұтынушыларға құрметпен қарауға, оларға қызмет көрсету барысында төзімділік пен əдептілік танытуға, қолдан келгенше көмектесуге, тездетіп шаруасын бітіріп беруге, кəсіби тұрғыда əрекет жасауға, олар күткендегіден де артық іс-қимыл көрсетуге, жұмысты жеделдетуге бастаманы қолға алып, стандартты білетінін жарқыратып көрсетуге шақырады.

Осы бағытта мемлекеттік жəне жергілікті атқару органдарымен бірлесе жүзеге асырылып жатқан жұмыстар аз емес. «Development Day» жобасы аясында 2019 жылдың 17 қарашасында “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы” коммерциялық емес акционерлік қоғамының Алматы қаласы бойынша филиалының Халыққа қызмет көрсету бөлімдерінің басшылары мен қызметкерлерінің (175 адам) қатысуымен “Тұтынушылармен жұмыс істейтін мамандарды кəсіби даярлау” тақырыбында семинар-тренинг өтті. Семинарды “Аль-Фараби partners” ЖШС өткізді.

Қазан айында Халыққа қызмет көрсету бөлімдері мен Алматы қаласының Алмалы ауданы əкімі аппаратының жəне Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Алматы облыстық департаментінің арасында халыққа мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған семинар-кеңестер өткізудің кестесі бекітілді.

Желтоқсан айында Халыққа қызмет көрсету бөлімдері мен Алматы қалалық полиция департаментінің арасында да 2019-2020 жылдарға арналған осындай семинар-кеңестер өткізілетін болып келісілді.

Бұдан басқа корпорация филиалдарында қызмет ететін ішкі тренерлер үшін “Тренерлерге арналған тренингтер” жəне “Жоғары сервистік қызмет мəдениеті” модульдері бойынша оқу курстары өткізілді.

Біздің мақсатымыз – қазіргідей заманауи инфрақұрылымы қарқындап дамып, жаңа цифрлық технологиялар қолданылып жатқан заманда халыққа жəне бизнес өкілдеріне электрондық нұсқадағы қызметтер мен сервистерді жоғары деңгейде ұсыну. Тұтынушыларымыздың көңілінен шығу үшін мамандарымыздан жылы жүзбен тез əрі сапалы қызмет көрсетуді талап етеміз. Тұтынушының уақытын үнемдеу жəне оның өз бетімен қызмет алу деңгейін көтеру мақсатында мемлекеттік қызметтерді тез алуға мүмкіндік беретін онлайн қызметтерді дамытудамыз. Ақпараттық қауіпсіздікті басты назарға ала отырып, ұсынылатын қызметтердің дəлдігіне жəне сенімділігіне кепілдік береміз.

Бизнес-қауымдастық пен қоғамдық пікір өкілдерінің ойлары мен ұсыныстарын ескере отырып, мемлекеттік қызмет көрсету мен бизнес-процестерді жетілдіре түсуге əрқашан дайынбыз.

– Мазмұнды сұхбатыңыз үшін рахмет! Еңбектеріңіз жемісті болсын!

Сұхбатты жүргізген

Айгүл АХМЕТОВА

Әлсіз | СлабоОнша емес | Так себеЖарайды | НормальноЖақсы | ХорошоКеремет | Отлично (1 оценок, среднее: 4,00 из 5)

Загрузка...

Комментарий