Без рубрикиҚұқық | Право

Тұрысбек МЫЯТБЕКОВ, Алматы қаласы Жетісу аудандық №2 сотының төрағасы:«Ақтау үкімін өзіне сенетін, кәсіби біліктілігі жоғары судьялар ғана шығарады»

– «Елу жылда ел жаңа» дейді қазақ. Жарты ғасырлық тарихы бар Алматы қалалық сотының дамуында, жұмысының жандануында әр судьяның үлесі бар. Кешегі сот пен бүгінгі сотты салыстырғанда бірінші не есіңізге түседі?
– Алматы қалалық соты – талай айтулы судьяның қанатын қатайтқан, қабілетін ашқан, шеберлігін шыңдаған үлкен мектеп, қара шаңырақ. Отандық соттың алдыңғы шебінде жүрген білікті қазылардың көпшілігі осы мектептің шәкірттері. Қызу еңбектің қазандығы саналатын бұл ортада бүгінге дейін қаншама іс қаралып, қаншама тағдырға арашашы болдық
десеңізші. Тура төреліктің мекеніне айналған Алматы қалалық сотында мен көп жылдар еңбек еттім. 1996 жылы Алматыдағы Әуезов аудандық сотына судья болып тағайындалып, ізінше Алматы қаласының соттар әкімшісі болдым. Одан кейін жеті жылдай Алматы қалалық сотында қазылық етіп, 2009 жылы Бостандық ауданының №2 сотының төрағасы, 2013 жылы Алматы облысы Талғар аудандық сотына төраға болып тағайындалдым. Жетісу ауданының №2 сотына төрағалық етіп келе жатқаныма биыл екінші жыл. Яғни, елу жыл ішінде мейлінше жаңарған, жаңғырған соттың қыр-сыры маған жақсы таныс, әрі сондай жақын. Ал, енді осы аралықта қалалық сот адам танымастай өзгерді. Күні кеше еңсесі төмен, ескірген ғимараттағы қуықтай бөлмеде бірнеше судья отыратын заман кетіп, оның орнына қазіргі кезде соттарға еңсесі биік жаңа ғимараттар беріліп, әр судьяның еркін ізденуіне, жұмыс істеуіне толық жағдай жасалған. Бұрын соттың материалдық-техникалық мәселелерін шешу сот төрағасының құзырында болса, қазір бұл міндетті соттар әкімшісі, әр соттың кеңсе бөлімдері атқарады. Біресе қағаз-қаламның мәселесін шешуге жүгіріп, біресе судьяларға істі бөліп берумен шаршайтын төрағалар, қазіргі жасалған жағдайға тәнті болып жүр. Өйткені,
жаңа ғимараттардан кең де жарық бөлме беріліп, заманауи техникамен қамтылған сот мәжіліс залдарында төрелік ететін, қағазбастылықтан құтылған судьялардың қазір жалақысы да жоғары. Істердің бәрі автоматты түрде бөлінуде, тіпті сот залының қауіпсіздігінің өзіне ерекше мән беріледі. Осындай қамқорлықтан кейін қазылардың алдында шынайы ниетпен
жұмыс істеп, тараптардың көңілінен шығатындай төрелік ету міндеті тұр.
– Қалалық сот аға буын мен кіші буын арасындағы сабақтастықты үзбей келе жатқанын білеміз. Жас судьяларға тәлімгер белгілеудің артында да ізбасарларға деген қамқорлықтың, кәсіби судьяларға деген құрметтің тұрғанын байқау қиын емес.
– Оныңыз рас. Жалпы сот құрылымында әріптестік байланыс жақсы жолға қойылған. Арнайы бөлінген тәлімгерлер жас судьялардың қатарға қосылуына барынша көмектеседі. Қалалық сот тарапынан түрлі семинар-тренингтер ұйымдастырылып, аға буын мен жас буын арасында пікір алмасатын кездер де көп. Осының бәрі ардагер-судьялардың ұмытылмауына, білгенін, көңіліне түйгенін жастарға үйретуіне жол ашып отыр.
– Жыл өткен сайын сотқа түскен істер де күрделеніп, саны да өсіп бара жатқаны жиі айтылады. Жалпы қазір қандай істер көп қаралады?
– Соңғы жылдары ұрлық пен алаяқтық қылмыстарының саны күрт өсті. Бұл жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүруді қалайтын жастардың көбейгенін көрсетсе керек. Соқталдай қыз-жігіттердің өз бауырларын алдап, тақырға отырғызуы жақсылықтың нышаны емес. Мұның барлығы түптеп келгенде қазақы тәрбиенің әлсірегенін көрсетеді. Өйткені, кейінгі ұрпақты интернет пен теледидар тәрбиелеп жатыр. Ал, біздің буынға ұят болады, обал болады, жаман болады деген үш ауыз сөздің өзі жеткілікті еді. Біздің тәрбиеміздің діңі – осы үш ауыз сөзден құралатын. Ұят пен обалды біліп өскен баланың ала жіпті аттамайтыны белгілі. Сондықтан, ұрлық пен алаяқтықты тыю үшін қазақы тәрбиені қайта қалыпқа түсіруді ойлағанымыз жөн.
– Қылмысты ізгілендірудің нәтижесінде ауырлығы орташа қылмыс жасағандарға көп жеңілдік беріліп келді. Жәбірленушінің шығынын жауып, кешірімін алғандар бостандығынан айырылмайтын еді. Спорт саңлағы Денис Теннің өлімінен кейін ғана жазаны жеңілдетудің салдарын түсінгендейміз. Осыған орай заңнамаға да өзгеріс енгізілген екен.
– Иә, Тұңғыш Президентіміз биылғы жылдың 3 ақпанында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне меншік құқығын қорғауды күшейту, төрелік, сот жүктемесін оңтайландыру және қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойды. Осы заңға сай қайтып жасалған қылмысқа жаза қатаңдатылды. Бұл дұрыс. Өйткені, жазасыздық жаңа қылмысты тудырады. Бұдан бөлек бізге халықтың құқықтық сауатын көтеру маңызды. Алаяқтардың көбеюіне сенгіш, сауатсыз жандардың көптігі септігін тигізуде. Әйтпесе, жер, үй, несие алып
берем, жақсы жұмысқа тұрғызам, балаңды оқуға түсірем дегендерге алдануға болмайтыны БАҚ бетінде үнемі жазылып, ақпараттандырылып жатады. Бірақ, бұдан жәбірленушілер саны кемитін емес. Мысалы өткенде осындай бір істі қарадым. Жәбірленуші алаяққа ақшаны өз қолымен табыстаған. «Неге ақша бердіңіз?» деп
сұрадым. Сөйтсе жәбірленуші «Медеу ауданына әкім жасаймын» деген сөзге алданып қалдым дейді. Өзі ешқашан мемлекеттік қызметте істемеген. Тіпті мемлекеттік қызметке тұру үшін тест тапсырып, сынақтан өтетінінен де хабарсыз. Осындай қарапайым дүниелерді білмей тұрып әкім болғысы келетінін қайтерсіз.
– Бірнеше аудандық сотқа төраға болдыңыз. Алдағы уақытта облыстық соттың төрағаларын екі ауысымнан артық отырғызбайды. Бұл қаншалықты дұрыс?
– Меніңше, бұл өте дұрыс нәрсе. Мысалы, қазір республика бойынша екі сот емес, 4-5 облыстық соттың тізгінін ұстаған, төрағалықтан түспей келе жатқандар бар. Ол судьялардың басқа судьялардан несі артық? Олардың да мамандығы – заңгер, бәрінің білім, білігі  бірдей. Ендеше, төрағалар да ауысып тұруы керек. Үнемі бір қызметте отырған адамда ізденіс болмайды.
– Ал аудандық соттың төрағасы ше?
– Аудандық соттың төрағасы судьялармен бірдей жұмыс істейді. Істі қарайды, сот құрамының көбі жас судьялар болғандықтан, істің күрделісі, ауыры төрағаға беріледі. Қазір істерді мәмілемен шешуге, бірінші рет ағаттық жасап, сотты болғандарды бірден түрмеге тоғытпауға
күш саламыз. Мысалы, базарда ұрлық жасап, біреудің әмиянын тартып алған бозбала ақшаны қайтарып, жәбірленушінің кешірімін алды делік. Екі тарап татуласса істі сотқа дейін сүйрелеудің қажеті қанша? Бұл жерде үлкен шығын да, залал да жоқ. Талғар ауданында қызметте болған да, медиациямен шешілетін істерді тергеу кезінде қысқартыңдар дейтінмін. Аудандық полиция қызметкерлері істің 70-80 пайызын сотқа жеткізбей, қысқартатын.
Осындай амалдарды әлі де жұмырлап, жалғастыра беру керек. Олай дейтініміз алғаш рет ағаттық жасаған адамды сотқа әкеліп, бостандығынан айыру артық. Өйткені, түрменің түземейтінін, мұндай істерді тек тәрбие арқылы шешуге болатынын өмірдің өзі дәлелдеген.
– Жоғарғы Сотта ақтау үкімі жиі шығарылып жүр. Азаматтардың ақталып, бостандыққа шыққаны жақсы. Алайда, бұл төменгі сатыдағы судьялардың біліксіздігін көрсетпей ме?
– Ақтау үкімдерінің артуын қоғамның өзі жылы қабылдап отыр. Бұл азаматтардың сотқа деген сенімін күшейтті. Мұндай үкімдер аудандық, апелляциялық сот судьяларының біліміне, біліктілігіне көлеңке түсіре алмаса керек. Өйткені, төменгі екі сатыда табылмаған деректер
жоғарғы сатыда табылып, есепке алынуы мүмкін. Рас, біздің жүйе әлі де болса айыптау сарынынан арыла алмай келеді. Меніңше, мұның барлығы алдағы уақытта шешіледі.
Тағы бір айта кететінім, ақтау үкімін тек өзіне сенетін судьялар ғана шығарады. Ақтау үкімін шығаруға бекіну өте қиын, себебі «айыптау тарабы» деп аталатын, қылмыстық ізге түсу органдары мен прокуратура органдарынан тұратын алып «машинаға» тиімді емес шешім қабылдау үшін, судьяның өзінің шығарып отырған шешіміне деген сенімі зор болуы керек.
Әрі судья бұзылған құқықтарды қалпына  келтіру мен орын алған заң бұзушылықты
жою арқылы, әрбір тұлғаның құқықтары  мен заңды мүдделерін қалпына келтіруді басты мақсат ретінде ұстануы қажет. Сотта ақтау үкімін шығарудың соңы тергеушіні, істі тергеп-тексеруге қатысқан құқық қорғау органдарының қызметкерлерін, қадағалау жасау жүктелген прокуратура қызметкерлерін жауаптылыққа тартуға алып келеді. Осы ретте, әрине
аталған мемлекеттік органдар ақтау үкімін шығаруға кедергі жасап, немесе шығарылған ақтау үкімін бұзуға барынша әсер етуге тырысады. Кей кезде ақтау үкімін шығарған судьяның сыртынан күйе жағып жатады. Жас судьялардың ақтау үкімін шығарудан қорқатыны
сондықтан. Бұл оңай дүние емес. Оған судьяның біліктілігі керек және өзінің сөзін дәлелдей алатын, айтқанын өткізе алатын аяғынан тұрған судья болуы керек. Мен осы сотқа келгелі бері екі үлкен іс бойынша ақтау үкімін шығардым. Бір істі қалалық сот өзгеріссіз қалдырды.
Ал,екінші ісім біраз уақыттан бері Алматы қалалық сотының апелляциялық сот алқасында жатыр. Осы іс бойынша үш адамның ақ екенін дәлелдеу үшін 71 бет үкім жазуға тура келді. Айыптау тарабы мен қорғау тарабының әрбір дәлелдемесін жан-жақты тексеріп, нәтижесінде сотқа берілген үш адам толық ақталуға, ал, бір тұлға ішінара ақталуға жатады деген ұжырымға келіп, әрбір ойымды үкімде толық және нақты жазып, тергеу орындары жіберген қателіктердің барлығын көрсеттім. Істі қарау барысында, жұмысыма шешуші бағаны Қазақстан Республикасының халқы беретінін жете түсінемін, ісіме үлкен жауапкершілікпен
қараймын, ал, қарапайым халық бірінші кезекте соттардан әділдік пен заң талабының қатаң сақталуын күтеді. Осы мән-жайды толық түсінген әрбір судья, ештеңеден тайсалмай, әділ шешім қабылдайды. Жоғарғы Соттың төрағасы Жақып Асанов та бір адамды негізсіз соттағанша, 3-4 адамды ақтап жіберген дұрыс  деген еді. Шынында біреуге пайда келтірмесек те, зиянымызды тигізбеуіміз керек!
Қазір қарап отырсаңыз, біз істі қайта тергеуге жібере алмаймыз. Өндірісімізге келген істі қарап, айыптау немесе ақтау  үкімін шығаруымыз керек. Сотталушы мен жәбірленуші татуласып жатса істі қысқартамыз. Яғни, келген істі мәні бойынша қарап, шешім қабылдауымыз керек. Мынаған көңіл бөлген дұрыс, мәселен сот мәжілісін жүргіземіз ғой, осы ортада барлық айып дәлелденуі тиіс. Прокурор айыптың дұрыстығын, адвокат қорғауындағы адамның кінәсіздігін нақты дәйектермен көрсетсін! Бізде осы жағы әлі жоғары деңгейде дамымаған. Ақиқат таластан туатынын прокурор да, адвокат та ескермейтін кездер көп. Біз істі қайтара алмаймыз, сондықтан тағы да қосымша материалдар жинауға тура келеді. Ал,
ол заңсыз. Неге біз материал жинаймыз, себебі үкімді бекітуіміз керек, бекітпесек үкім негізсіз болып қалады. Екінші мәселе, бізде кейбір адвокаттар іске тегін қатысады ғой. Тегін болған соң қызықпайды. Іске қатысқан екен, адвокаттық ар-ожданы үшін сотталушының құқығын
қорғамай ма? Осындайда адвокаттар үшін жұмыс жасап кетеміз. Дамыған елдерде қылмыскердің қылмысы дәлелденбесе судья «босатылсын!» деп бір-ақ ауыз сөзбен процесті бітіреді. Ал, біз олай істей алмаймыз, себебі бізде үкімде әрбір дәлелдемеге баға берілуі керек.
– Соңғы жылдары алқабилер институтына қатысты айтылатын сын көп. Жалпы алқабилер сотының қандай қажеттілігі бар?
– Бұл әлемдік тәжірибе. Өзінің қоғамға керек екенін әлдеқашан дәлелдеген институт. Тек соны көпшілік түсінбей жатыр. Алқабилер – соттағы халық өкілдері. Сот залында олар отырса, қорғаушылар мен айыптаушылардың белсенділігі артар еді. Біз одан бас тарта алмаймыз. Тек бұл институтты барынша жұмыс істету керек. Халықтың сауаттылығын арттыру маңызды. Әрбір азамат өз құқығын біліп қана қоймай, қорғай алуы керек. Сонда
алқабилердің де сауатты тобы қалыптасар еді. Ал, біз соған әлі жетпей отырмыз. Мектептерде, ЖОО-да құқықтық жауапкершілікті көтеретін пәндер енгізген пайдалы.
– Сот тарапынан халықтың құқықтық сауатын көтеру үшін қандай шаралар қолға алынып жатыр?
– Ақпараттандыру, насихат жұмыстарын бұқаралық ақпарат құралдарынан бөліп қарай алмаймыз. Тілшілермен бірге түрлі тақырыптарда семинар, кездесулер ұйымдастырып, жаңа заңдарды таныстыру бойынша жұмыстар жүргіземіз. Мектепке барып, оқушылармен кездесіп, жергілікті тұрғындарды қабылдаймыз. Бұл шара бізді халыққа жақындатады. Біз халықтың қызметшіс болғандықтан тұрғындар не істеп жатыр, қандай мәселелері бар екенін білуіміз
керек. Өйткені, ешқайсымыз халықтан үлкен емеспіз.
– Сот төрелігінің жеті түйінін басшылыққа ала отырып қолға алынған жобалар аз емес. Сіздерде қандай жұмыстар атқарылуда?
– Алматы қаласы бойынша қылмыстық соттардың ішінде бірінші болып медиация кабинетін жасап қойдық. Сол жерде медиаторлармен келісім-шартқа отыруға болады. Бүгінде 4 медиатор, 1 психолог қызмет көрсетуде. Сондай-ақ, үкімдерді ұғынықты тілмен түсіндіру
жұмысын да жолға қойдық. Нәтиже жаман емес.
Алматы қалалық сотының бүгінгі жағдайы қалай? Мерейтой қарсаңындағы тілегіңізді білсек.
– Алматы қалалық соты мұндай мерейлі күнге үлкен беделмен, көрнекі көрсеткіштерімен жетіп отыр. Онда осы салада тер төгіп жүрген әрбір қазының еңбегі, маңдай тері бар. Сондықтан, бұл күн біз үшін де мереке. Жоғарғы Сот материалдық тәуелділікті жоюды міндеттеген еді. Аз уақыттың ішінде осы межеден көріне білдік. Қағаз, поштаға төлейтін ақша, маркі деп жүгіріп жүретін күндердің бәрі артта қалды. Соттың төрағасы іс қарау керек, мұндай мәселелермен айналыспасын дедік. Сөйтіп бұған дейін төраға атқарған тірлік енді сот әкімшісінің құзырына өтті. Қазір соттардың материалдық жағдайы жақсы. Мысалы мен сот әкімшілігінде отырғанда 26 судьяға пәтер алуға қол жеткіздік. Сот төрағаларының бәрінде қызметтік көлік бар. Судьялардың да отыратын бөлмелері жарық, іс қарайтын залдары талғам мен талапқа сай, қауіпсіздікке толық жауап береді. Бұдан бөлек, қазір судьялардың жүктемесін төмендету бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Медиацияның қолданылу аясын кеңейіп, бітімгершілікпен бітетін істер саны артты. Жаңа өзгерістерге сай даусыз істер нотариустар құзырына беріліп, сот орындаушылардың қаулысын санкциялау прокурорлардың көмегімен жүзеге асатын болды. Яғни, алдағы уақытта судьялардың жүктемесінде де үлкен өзгеріс болады. Жалақы да көбейді, енді тек жұмыс істеу керек. Әсіресе, білімді, біліктілікті көтеру маңызды. Қазылықтың қара шаңырағы саналған қалалық соттың беделіне қылаудай нұқсан келтірмеуге тиіспіз. Жылнаманың елуінші белесіне куә болғалы отырған барша әріптестеріме мереке құтты болсын, Алматы қалалық сотының жұмысы ілгерілей берсін деген тілек айтқым келеді.
– Уақыт тауып ой бөліскеніңізге рақмет.
Айнұр СЕМБАЕВА,
«Заң газеті»

Комментарий