Без рубрикиЭкономика

Айтуар ҚОШМАМБЕТОВ, Алматы қаласы кәсіпкерлер Палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары:«Кәсіпкерлерді жөнсіз тексеруге жол берілмейді»

– Өз кәсібін ашқандардың құқығын қорғау Кәсіпкерлер палатасының басты міндеті. Айтыңызшы, кәсіпкерлер өз құқығын біле ме?
– Бес саусақтың бірдей болмайтыны сияқты, алматылық кәсіпкерлердің құқықтық сауаттары да әртүрлі деңгейде. Жалпы, Алматы қаласы республика көлеміндегі ең ірі мегаполис
болғандықтан, мұндағы кәсіпкерлердің саны да өзгеріп тұрады. Шамамен қазір шағын және орта кәсіпкерліктің саны 150 мыңнан асса, мұның сыртында мыңға жуық ірі бизнес субъектілері тіркелген. Біз кәсіпкерлердің құқығын қорғаумен ғана шектелмейміз, сонымен қатар, оларға құқықтық кеңес беру, түсіндіру, оқыту сияқты маңызды шараларды да қоса атқарамыз. Сондықтан, өз құқығын білмейтін немесе түсіндіруді қажет ететін кәсіпкерлер бізге хабарласып, анықтап алуларына болады.
– Ал құқығы бұзылған кәсіпкерлер қайтпек?
– Мұндай жағдайда кәсіпкерлер бізге өзінің құқығы бұзылғандығы туралы арыз немесе өтініш жазады. Болмаса қабылдауға жазылып, сол жерде орын алған құқықтық киындықтары жайлы айтады. Кей жағдайда біз түрлі құқықбұзушылық туралы арнайы түсіндіру жүргіземіз
Қазіргі уақытта кәсіпкерлерге сауалнама жолдап, оларды толғандырып жүрген мәселелерді анықтауға әрекеттеніп жатырмыз. Нақты сандарды сөйлетсек, 2018 жылы кәсіпкерлер палатасына Алматы қаласы бойынша 167 шағым түсті. Оның ішінде, 88-і кәсіпкерлердің пайдасына шешіліп, 1 миллиард 200 миллион теңге төңірегіндегі дау оң шешімін тапты. Бізде «Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл» жөніндегі арнайы кеңес бар. Бұл кеңесте ең өзекті деген құқықтық мәселелер қаралады. Өткен жылы осы кеңесте 22 сұрақ қаралып, оның 19-ы бизнестің пайдасына шешілді. Мысалға айтатын болсақ, Алматы қаласында жарнаманың өзектілігі артып келеді. Заңсыз жарнаманы мемлекеттік органдар емес, «Алматы бас жо спары» ЖШС анықтап, мемлекеттік органдардың орнына құқық бұзған кәсіпкерлерді суретке түсіріп, мәліметтерді салық органдарына жіберген. Біз ЖШС-нің бұл әркетін заңсыз деп танып, мәселені кеңесте қарадық.
Жеке кәсіпкерлер көп шағымдана ма?
– Жеке кәсіпкерлер туралы айтар болсақ, алматылық Мадатов деген кәсіпкердің үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы, 2-тармағы, 3 бөлімі, 419-бабы, 3-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалып, іс ҚР Жоғарғы Сотына дейін барды. Алты айға созылған дау біздің араласуымызбен жүз пайыз Мадатовтың пайдасына шешілді. Мұндай мысалдар көп. Сондай істердің бірі Алматы қаласының Түрксіб ауданындағы «БТК Групп» жеке меншік балабақшасы мен Қаржы басқармасы арасындағы азаматтық дау сотта қаралуда. Онда Алматы қаласының
Қаржы басқармасы «БТК Групп» балабақшасы орналасқан ғимаратты босату және 58 миллион теңге өндіру туралы сотқа талап арыз түсірген. Біз өз тарапымыздан кәсіпкердің құқығын қорғап, сот процесінде қарсы тарап талабының заңсыздығын дәлелдеп, нәтижесінде
балабақша иесі жеңіске жетті. Алайда, қазіргі уақытта аталған балабақша мен Түрксіб аудандық әкімшілігі арасында тағы да дау туындап отыр. Яғни, әкімдік пен балабақша арасындағы «Балапан» бағдарламасы бойынша келісімшарт жасалып, оған қос тарап қол қойған. Бірақ, арада бір ай өтпестен әкімшілік арадағы келісімшартты бұзу туралы хат жолдаған. Бұл жағдай «Балапан» бағдарламасымен балабақшаға барып жүрген 39 бала ата-анасының наразылығын туғызып отыр. Осыған орай біз бұл мәселені де сот арқылы шешуге бел буып отырмыз.
– Кәсіпкерлердің жұмысына кедергі келтірмеу мақсатында соңғы жылдары тиісті органдардың жөнсіз тексерулеріне тыйым салынды. Дейтұрғанмен, кәсіпкерлер кейде өздеріне келген тексерудің заңды не заңсыз екенін түсіне алмай дал болады. Мұндай жағдайда сіздерден көмек сұрауға бола ма?
– Әрине. Егер кәсіпкер қандай да бір күмәнді тексерулерге тап болса, бірден бізге хабарласып, кеңес алуына болады. Мысалы, биыл жыл басынан бері дәл осындай сұрақпен 25 кәсіпкер қоңырау шалды. Оның 8-і бойынша оқиға орын алған жерге барып, мәселенің мән-жайын тексердік. Үш жағдайда тексерудің жөнсіз екені анықталды. Кейде оқиға орнына
бармай-ақ, мәселені телефон арқылы шешеміз. Жалпы, түрлі сұрақтармен кәсіпкерлер республика бойынша 1432 қысқа нөміріне немесе Алматы қаласының кәсіпкерлері 33-101-33 байланыс нөмірлеріне қоңырау шалып, мамандардан кеңес ала алады. Сол сияқты, Кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар немесе ірі монополист компаниялар арасындағы дауларды да реттеуге қатысады. Атап айтқанда, өткен жолы
«Алматы Су» компаниясы он мың кәсіпкерге хат жолдап, онда олар кәсіпкерге ескі су есептегіш құралдарын заманауи онлайн су есептегіш құралдарына ауыстыру жөнінде талап қойған. Осы мәселені зерттей келе, біз егер кәсіпкердің қолданыстағы есептегіш құралының мерзімі бітпесе, жаңасын ауыстыруға міндетті емес деген байламға келіп, оны заң жүзінде дәлелдедік. «Алматы Су» компаниясы райларынан қайтып, жолданған хаттарын қайтарып алды. Осылайша, бір мезетте он мың кәсіпкердің құқығын қорғауға қол жеткіздік.
– Кәсіпкерлік саласына қатысты жаңа заң талаптарын насихаттау жағы қалай?
– Қазір ақпарат құралдары өте жедел жұмыс істейді. Әлеуметтік желілер одан да жылдам. Десек те, заңдарымызға енгізілген өзгертулер мен толықтыруларға екінің бірі көңіл аудара бермейді. Осы орайда, мен кәсіпкерлерге қатысты мына бір өзгеріс жайлы айтып кетейін.
11 сәуірден бастап «Жарнама туралы» заңның жаңа талаптары күшіне енеді. Басқаша айтсақ, енді жарнама заңы айтарлықтай қатаймақ. Мұны кәсіпкерлер қауымы білуі тиіс. Мысалы, сіз дүкен иесі болсаңыз, дүкеніңіздің сыртына түрлі тауарлардың суреттерін іле алатынсыз. Алайда, 11 сәуірден бастап мұндай безендірулер жарнамаға жатқызылып, салық төлеу енгізілді. Мұнда кәсіпкерде екі таңдау бар. Бірі, дүкен сыртына сурет ілместен бес күн бұрын «Сәулет және қала құрылысы» басқармасына электронды портал арқылы хабарлама жолдайсыз. Хабарламада қандай сурет ілетініңізді де көрсетесіз. Бес күнде еш жауап келмесе, жарнама ілуге рұқсат берілді деген сөз. Жаңа заң бойынша, сауда орындарының
сыртында атау, жұмыс кестесі жазылған тақтайшаға ғана рұқсат беріледі. Ал сурет сауда орнының ішіне ілінсе ол жарнамаға жатпайды. Сондықтан, кәсіпкерлерге айтар кеңесім, сауда нүктелерінің сыртына бір үңіліп, басы артық қағаздарды алып тастағандары жөн. Аяқасты тексеру жүрсе, заң талабына сай жауапқа тартылып, айыппұл төлеп қалулары мүмкін.

Сұхбаттасқан
Камила ЫСҚАҚОВА,
«Заң газеті»

 

 

 

Комментарий