Аптадағы сұхбат | Интервью неделиЕлең еткізер | Актуально

Бибігүл ИМАНҒАЗИНА, «БИБІ–АНА» қайырымдылық қорының президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:«Қалам сыйлағандар да қайырымдылық жасадым деп жүр»

Бибі – Ана есімімен барша Алаш жұртына танылған белгілі жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «БИБІ–АНА» қайырымдылық қорынының президенті Бибігүл Иманғазинаның бүгінге дейінгі атқарған елеулі жұмыстары мен оның нәтижелері қоғамның биік бағасын алып үлгерді. Осы орайда, Бибігүл Иманғазинамен сұхбаттасудың сәті туып, бірқатар мәселелерге орай көзқарасын білген едік.

Бибігүл Қабиқызы, қазіргі таңда биліктегі өзгерістерден бөлек, мемлекет тарапынан көпбалалы аналар мен мүгедектерге әлеуметтік қолдау шаралары жүргізіліп жатыр. Десек те, 21 000 теңге сол аналар мен балалардың жағдайын қамтамасыз ете ала ма?
– Көпбалалы аналар мәселесі расымен де өзекті тақырыпқа айналып отыр. Тіпті, «жағдайы жоқ болса, баға алмаса, неге дүниеге ұрпақ әкеледі?» деген сынға ұшыраған бүгінгі көпбалалы аналардың жайы қиын. Мемлекетті осы тұста түсінбеймін, адам саны керек кезде 18 миллионға жеттік деп ауыз толтырып айтады да, жәрдемақы төлеуге келгенде, басқаша сөйлейді. Әйтсе де, демографияны көтеріп жатқан олардың түсінігіндегі жағдайы төмен «кедейлер» емес пе?! Өздеріңіз қараңыздаршы, қай бақуатты әйелдің қазір алты баласы бар? Осы орайда, неге себеп іздемей, тығырықтан шығар жол іздемеске?!
Мүгедектерге көрсетілетін әлеуметтік шараларға келсем, бүгінде мүгедек болсаң, адам қатарына кіргізбейтін, ойыңмен санаспайтындар көбейіп келеді. Менің көтеріп жүрген ең өзекті мәселем де осы. Неге мүгедектер соңғы сорттағы адамдар қатарында болуы керек? Мысал ретінде Франклин Рузвельтті айтсам, елді мүгедектер коляскасында отырып басқарған адам. Жиырма жыл бойы алып АҚШ-қа басшылық етті. Ол кісінің әділеттілігі, тазалығы сондай, халық өзі бірауыздан, ешкім қарсы шықпай таңдады, құрметтеді. Сол себепті, егер мемлекетте әділеттілік, шындық, қайырымдылық, жан тазалығы болғанда ғана нағыз мемлекет бола алады. Әрине, көпбалалы аналарға, мүгедектерге әлеуметтік қолдау көрсетіліп жатқанын жоққа шығармаймын, тек тереңнен қаралып, айрықша көмек көрсетілсе, нұр үстіне нұр болар еді.
– 1990 жылы «БИБІАНА» республикалық мүгедек аналар қоғамын құрдыңыз. Сол уақыттағы сізге деген, бастап жатқан жұмысыңызға деген жақындарыңыздың, достарыңыздың көзқарасы қандай болды?
– Қайырымдылықты бала кезден естіп емес, көріп өстім. Әкем прокурор болатын. Ал, анамның әрдайым аяқ машинкасы дайын тұратын. Үйге қонақ келмей қалса, отыра қалып балалар үйіне киім тігетін. Сол кезде балалар үйіне Украинадан, Беларусь, Ресейден балалар көп келетін. Анам оларға жиі киім тікті. Әлі есімде, сап-сары сатин деген матадан қыздарға етегі бүрмелі көйлек дайындайтын. Оған қоса, тамақты молынан пісіріп, бізді қасына ертіп, балалар үйіне барып тарататын. Міне, біз осыны көріп өстік. Қайырымдылық десе ішкен асымды жерге қоятыныма ата-анамның тәрбиесі дәнекер болды десем, еш қателеспеймін. Біз орысша ойлап өстік, Құдайдың бар екеніне сенбедік. Алайда, Жаратушы оған да сендірді. Осы күнге дейін талай ота жасаттым, бүгінде денсаулығым жақсы, шүкір етемін. Бұның бәрі қайырымдылықтың түбіндегі алғыста жатыр. Қасымдағы көп адамдар «Жасың келгенде мүгедек адамдарға көмектесіп не қыласың, олардан не қайтады дейсің?» деп жатады. Сонда «Қайырымдылықты өзіңе пайда табу үшін жасау керек пе?» деп мен тыйып тастаймын. Онымен қоса, «Жұрт бір қалам берсе де теледидарға шығарады, оның қасында сіздің атқарып жатқан жұмыстарыңыз өте көп. Неге шығармасқа?» дейтіндер де аз емес. Қазақта «сол қолыңның бергенін оң қолың білмесін» деген жақсы сөз бекер айтылмаса керек. Осы тұста қоғам қайырымдылық деген дүниеге сенбей қалған ба деп те қынжылатыным бар.
– Қазіргі құрылып жатқан қайырымдылық ұйымдарына, олардың атқарған жұмыстарына көңіліңіз тола ма?

– Менің ойымша, қайырымдылықпен пейілі кең, жүрегі жомарт, шынайылықты сүйетін жандар айналысады. Иә, бүгінде қайырымдылықпен айналысып жүрген бірқатар ұйымдар, адамдар бар. Бар тілегім, олар не жасаса да шын көңілмен болса игі. Себебі, қазір көп адамдар біреуге жақсылық жасап, көмегін тигізсе, оның қайтарымын күтіп тұрады. Ол дұрыс емес. Сол себепті, қайырымдылықпен айналысатын жандарға айтар ақылым, бір адамның барынша аяққа тұруына көмек көрсетсеңіз, сол сіз жақсылық жасаған адам оны ары қарай дәл сіз сияқты кем дегенде 10 адамға қол ұшын созып игі істі жалғап әкетсе, міне осы қайырымдылық деп аталады. Сондайақ, адамдар арасында тәуелділік жойылса екен деймін.
Тіпті, анасы мен туған баласының арасында тәуелділік болмауы қажет. Ана деген баласын шын сүйгендіктен, аналық махаббатының арқасында бар жақсылықты жасайды. Еш уақытта оның қайтарымын баласынан сұрамайды. Ештеңенің де қайтарымын күтпе, тек Алланың разылығы үшін қарекет ету керек. Көп жағдайларда бұл нәрсені қанша айтсаң да бәрі түсіне бермейтіні өкінішті. Қазақтың әрбір мақалының мән-мағынасы тереңде, сол секілді, «Санасызға сан айтсаң да болмайды», «Болмайтынға болыспа» демекші, санасыз болмайық. Ең бастысы, қайырымдылық жолында адамшылықтан озбайық дегім келеді.
– Өзіңіз білесіз, Елбасы биылғы жылды «Жастар жылы» деп жариялады. Бүгінгі қазақ жастарына айтар тілегіңіз, лебізіңіз?
– Қазіргі қазақ жастарының болашағын уайымдайтыным бар, әрине. Жақыныңнан сатқындық
күтетін қиын заман болды ғой. Еліміздегі біршама өзгерістер орнығып, бәрі ретіне келсе, Қазақстанның болашағы жарқын боларына сенемін. Тек қана жастарымыз еліктеушіліктен бойларын алыс ұстап, қырмызы қыздарымыздың қазақи қылығы мен ер жүрек жігіттеріміздің намысшыл қасиетінің қаймағы бұзылмаса деймін. Қазақтың жалынды жастарының алар асуы қашанда биікте болатынын мен әрдайым айтамын. Себебі, оларды қолдап, демейтін
кешегі Алаш ардақтыларының, ұлы даналарымыздың жігерлі рухы. Оған мысал ретінде Қазақ елін әлемге танытып жүрген Димаш Құдайбергенов сынды талантты баламызды айтсақ болады. Жастарға айтар тілек-лебізім, тек «Жастар жылында» ғана емес, әрқашан еліміздің даңқын асқақтата беріңіздер! Өсе беріңіздер, өне беріңіздер!
– Сұхбатымызды қалай түйіндер едіңіз?
– Бұл өмірде адамға қуаныш сыйлаудан асқан бақыт жоқ. Өйткені, әр адам бақытты сезінуге лайықты. Бастысы, деніміздің саулығы ғой. Ендеше, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Ал, «Заң газетінің» ұжымына шығармашылық табыс тілей отырып, қаламдарыңыз қарымды болсын деймін!
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Ақерке САБЫРҚЫЗЫ,
Шынар ТӨЛЕУХАН
«Тұран» университетінің
студенттері

Комментарий