Судья мінбері | Судебная система

“Жеті түйіннің” жүгі ауыр

Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асанов еліміздегі сот жүйесін кешенді дамыту бойынша жеті басым бағытты ұсынған болатын. Судьялар мен адвокаттардың, заңгерлер мен сот қызметкерлерінің ұсынысы негізінде іріктеліп, даярланған бұл жоба «Сот жүйесінің 7 түйіні» деп аталды. Бүгінде көптеген ұсыныстардың негізінде даярланған бұл жоба сот саласындағы көптеген мәселелердің шешіміне себепкер болып, саланың сапалы дамуына өз септігін тигізуде. «Мінсіз судья», «Үлгілі сот», «Әділ процесс», «Е-СОТ», «Оңтайлы орта», «Сапалы нәтиже», «Сотсыз татуласу орталығы» секілді бөлімдерге бөлінген “жеті түйіннің” жүгі ауыр.

Бүгінде бұл жоба судьялардың жауапкершілігін көтеріп, сот сапасын арттыруға ықпал етіп, саладағы электронды құжат айналымының күшеюін қамтамасыз етіп және медиацияның да дамуына өз септігін тигізді деп айта аламыз. Тұтастай алғанда, аталған жобалар қоғамның соттарға деген сенімін арттыруға оң ықпал етті. Ең бастысы бүгінде осы жеті жобаның негізінде сот жүйесін одан әрі дамыту, сот төрелігіне сенімді арттырып, сот төрелігінің әділдігін, жауапкершілігін арттыру бағытында көптеген жұмыстар атқарылуда. «Сот төрелігінің «7 түйіні» жобасы халықтың сот жүйесіне деген сенімін арттыра түсуге және сот төрелігінің әділеттілігін, оның жауапкершілігі мен тәуелсіздігін, сот шешімдерінің жоғары сапасы мен судьялардың біліктілігін арттыру арқылы құқық үстемдігін қамтамасыз ететінін көріп отырмыз.

Жеті түйіннің бірін тарқатып айта кетер болсақ, қазіргі таңда сот қабырғасында қаралатын дау-дамай саны күн санап өсуде. Даулардың басым көпшілігі ақылға қонымды екі ауыз сөзбен келісімге келетін мәселелерден тұрады. Ал осы болмашы даумен сотқа жүгіну тиімсіз, ұзақ әрі айтарлықтай шығынмен ұштасатынын көпшілік біле бермейді. Ұсақ-түйек мәселе бойынша эмоцияға берілген жандар бірден сотқа арыз түсіріп жатады. Даулы мәселені ой елегінен өткізіп, уақыт пен қаражатты жоғалтпай, өзара келісімге келу арқылы шешу, әрине, тиімді. Ал дауларды сотқа дейін реттеу сот талқылауына және онымен байланысты уақыт пен сот шығындарына ұшырамауға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, дауларды жеке қарсылық аясынан шығарып, мүдделі пікірталас аясына көшіруге тікелей жол салатын татуластыру рәсімдері сот жүктемесінің азаюына да септігін тигізеді. Демек жеті түйіннің бір ғана бөлігі сот саласының қыруар мәселесінің оң шешілуіне ықпал етіп отыр. Осы орайда аталмыш жоба сот саласын дамытуға айтарлықтай ықпал етті деп айта аламыз.

Нугуманова Арай Байгазаевна, Алматы қаласы Бостандық аудандық №2 сотының судьясы

Комментарий