Елең еткізер | АктуальноСаясат | Политика

ЕЛ ТАҒДЫРЫН ШЕШУГЕ ЕКІ АЙ ҚАЛДЫ

Сәуірдің 9-ы күні түскі сағат 13.00-де ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына үндеу жариялады. Елді елең еткізген бұл үндеуде 2020 жылдың желтоқсанында болуы тиіс сайлау кезектен тыс биыл 9 маусымда өтетінін мәлімдеді. Айта кетуіміз керек, Президент сайлауы – ел тағдырына әсер ететін өте маңызды қадам. Әсіресе, Тәуелсіздік алғалы 28 жылдың ішінде біздің елімізде әзірге Президент ауысу тәжірибесі болған емес. Сондықтан, 19 наурыз күні Елбасы Н.Назарбаев өз өкілеттілігін тоқтататынын мәлімдеген сәтте, жалпы жұртшылықтың аң-таң күйде қалғаны рас. Көпшілік көкейінде «енді жағдай не болар екен?» деген алаңдаушылық, әрі Елбасына деген қимастық пайда болды. Алайда, Елбасы Президент өкілеттілігін Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырды. Бұл ҚР Конституциясына сәйкес дұрыс шешім еді.

Баршамыз Қасым-Жомарт Кемелұлының мықты мемлекет қайраткері, жақсы дипломат екенін бұрыннан білеміз. Бірақ, оның халықаралық саясаттағы орны жайлы өзгелердің пікіріне де ден қойғанымыз жөн. Дәл сол тұста, яғни, Қ.Тоқаев ҚР Президенті міндетіне кіріскен шақта БҰҰ Бас хатшысының бұрынғы орынбасары Сергей Орджоникидзе РИА Новости агенттігіне: «Бұл кісі менің орныма БҰҰ Бас хатшысының орынбасары болған еді. Білімі терең, өте сауатты жан. Кезінде Кеңес Одағының Қытайдағы елшілігінде қызмет етті. Ағылшын тілін де, қытай тілін де жетік меңгерген. Мәскеу Мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын бітірген. Елшілікте қытай тілін ең жақсы білетін адам сол еді. Егер Тоқаев Президент болса, елдің бағы жанғаны», – деген пікір білдірген болатын.
Айтса айтқандай, Қ.Тоқаев Президент лауазымына кіріскен соң, ең алғашқы сапарын қасиетті өңір – Түркістаннан бастады. Зиялы қауым өкілдерімен, еңбек ұжымдарымен, бизнес өкілдерімен, инвесторлармен, халықаралық тұлғалармен кездесіп, халықтың хал-ахуалын біршама зерттеді. Сондай-ақ, ел өміріндегі маңызды деген бірқатар мәселелерге өзіндік көзқарасын ашық білдірді. Әсіресе, Мемлекет басшысының өңір әкімдерінің қатысуымен өткен кеңесте білім беру жүйесінің үштілділік бағдарламасын іске асыру мәселесіне қатысты
айтқан пікірі ел көңілінен шықты. «Біріншіден, қазақ тілі болуға тиіс, орыс тілі болуға тиіс. Бұлардың балаларымыз үшін маңызы зор. Тек содан кейін ғана ағылшын тілін оқыту керек»,
– деді Қазақстан Президенті. Сонымен қатар, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкімдерге
халықпен өзара ықпалдастықтың жаңа форматын дамытып, әлеуметтік желілерде белсенді болуды тапсырғаны да ерекше шешім болғандай. Жалпы, Президент лауазымына кіріскен қысқа мерзімнің өзінде Қ.Тоқаев осындай шешімдері арқылы мемлекет басшысы ретінде жауапкершілігін терең сезіне білетіндігін аңғартты.
Осы жолғы үндеуін де Президент еліміздің Конституциясына сәйкес екенін, мұндай тоқтамға келмес бұрын Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен және Парламенттің қос палата спикерлерімен, Премьерминистрмен кеңескенін атап өтті. Және де ол осы тұста еліміз Тәуелсіздік алғаннан бастап Елбасы қыруар еңбек еткенін, соның арқасында елімізде тұрақты экономикалық саясат жүргізіліп, бүгінде Қазақстан ықпалды әрі беделді мемлекетке айналғанына біраз тоқталды. Енді алда да Қазақстанның Елбасы қалыптастырған жолмен жүру керектігін және Тәуелсіздігіміздің ең жоғары құндылығы – халқымыздың біртұтастығын сақтау керектігін алға тартты.
Кезектен тыс Президент сайлауын өткізудің себебін ҚР Президенті: «Елдегі қоғамдық-саяси келісімді қамтамасыз етіп, алға басу үшін, әлеуметтік-экономикалық мақсат-міндеттерді лайықты жүзеге асыру үшін бізге айқындық қажет. Оның үстіне, әлемдегі ахуал бұлыңғыр болып тұр. Бұл Отанымыздың қауіпсіздігіне сын-қатер әкелуі мүмкін. Ішкі және сыртқы саясаттағы сабақтастық пен тұрақтылықты сақтап, Елбасы ұсынған әлеуметтік бағдарламаларды ойдағыдай сәтті әрі тиімді іске асыруымыз керек», – деп түсіндірді. Жалпы, кезектен тыс сайлау жайлы әлемдік тәжірибелерге шолу жасайтын болсақ, бірқатар демократиялық елдерде мұндай түсінік саяси терминологияда мүлдем қолданылмаса керек. Мәселен, АҚШ-та президент өз өкілеттігінен мерзімінен бұрын бас тартатын болса немесе әлдебір саяси тартыстар салдарынан өкілетті қызметін тоқтатуға мәжбүр болса, белгіленген президенттік мерзім аяқталғанға дейін барлық мемлекеттік құзырлы жауапкершілік вице-президентке жүктеледі. Ал, парламенттік-демократиялы Жапонияда үкіметтің отставкаға кетуі – кезектен тыс парламент сайлауын өткізуге себеп бола алмайды. Керісінше, парламент сайлаған жаңа Премьер-министр жаңа кабинетті жасақтайды екен. Алайда, Қазақстанның саяси құрылымы да, жүйесі де мүлдем бөлек. Бізде Президент өз өкілеттігінен мерзімінен бұрын бас тартса, оның орнына Сенат төрағасы уақытша ел тізгінін қабылдайды. Содан соң екі ай ішінде алдағы сайлау күнін белгілеуі тиіс. Яғни, барлығы Конституцияға сәйкес. Және Президент те демократиялық мемлекеттің сипатына сай, халықтың таңдауымен сайланады. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жариялаған үндеуінің соңын «Мен, Мемлекет басшысы ретінде, сайлаудың таза, ашық әрі әділ өтуіне кепілдік беремін! Бұл – менің берік ұстанымым! Алдымызда зор міндеттер тұр. Мен халқымызға, яғни, Сіздерге сенемін. Қадірлі Отандастар! «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді», – деп аяқтады. Ендеше, сайлау саяси тұрақтылыққа бастасын деп тілейік.
Мәриям ӘБСАТТАР
«Заң газеті»

Комментарий