Құқық | Право

Карантин талаптарын бұзғандар енді 15 тәулікке қамалады

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев карантин режимі күшейтілген кездегі көшеде жүру талаптарын түсіндірді.

“Бүгін түнгі он екіден бастап үйден шығуға шектеу қойылады. Үйден тек азық-түлік, дәрі-дәрмек алуға немесе жұмысқа бару үшін шығуға болады. Сонымен бірге, отызыншы наурыздан бастап мекемелердің басым көпшілігі жұмысын тоқтатады. Көшеде полиция қызметкерлері тоқтатып, қайда бара жатқаныңызды сұраса, оған түсіністік танытып, жауап беру керек”, – деді Абаев онлайн брифингте.

Жұмысқа шақырғанды растау үшін тікелей басшының немесе кадр қызметкерлерінің телефон нөмірі болғаны жөн.

“Азық-түлік дүкендері мен дәріханалар әдетте тұрғын үйлерге жақын орналасады. Сондықтан полиция қызметкерлері тұрғындардың қажетті затын сатып алып, үйге қайтқанын бақылауы мүмкін. Оған да түсіністік таныту қажет”, – деді министр.

Ол қала тұрғындары үй жануарларын үй маңында серуендете алатынын атап өтті.

“Ал егер адамдар басқа себептермен сыртқа шықса, онда алдымен ескерту, одан кейін 26,5 мың теңге айыппұл салынуы немесе он бес тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынуы мүмкін”, – деп ескертті Абаев.

Полиция қызметкерлері хаттама толтырып, істі сот қарайды.

Төтенше жағдай кезінде билік өкілінің заңды талабына бағынбағаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген.

Сонымен қатар, ол қоғамдық көліктердің қозғалысы шектелуі мүмкін екенін айтты.

Айта кетейік, коронавирус инфекциясымен Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 60 адам, Алматы қаласында – 48 адам, Қарағанды қаласында – 4, Жамбыл облысында -3 адам, Атырау облысы – 3 адам, Шымкент қаласында – 2 адам, Алматы облысында – 1 адам, Ақтөбе облысында – 1 адам, Солтүстік Қазақстан облысында – 1 адам, Ақмола облысында – 1 адам, Павлодар облысында – 1 адам, жалпы 125 науқас тіркелді.

Комментарий