Құқық | Право

Қыз пәк болып шыққан: Алматы соты жасөспірімдерді 3 жылға бас бостандығынан айырды

Бүгін, 11 сәуір, Алматы қаласында өткен апелляциялық сотта 13 жасар қызды зорлады деп айыпталған жасөспірімдердің ісі қайта қаралды. Сот әрқайсысын 3 жыл 3 айға бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарды, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі.

Алматы қаласында кәмілеттік жасқа толмаған – Максим, Валентин және Никитаға қыз зорлады деген айып тағылып, әрқайсысы 8 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Алайда 13 жастағы жәбірленуші мен оның анасы сәрсенбі күні адам құқығы бойынша Қазақстан халықаралық бюросында өткен конференцияда ешқандай зорлау болмағанын жеткізді.

“Мен ешкімді айыптамаймын. Бар болғаны істің мән-жайы анықталғанын қалаймын. Бұл балалардың 8 жылға бас бостандығынан айырылғанына қарсымын”, – деді “жәбірленушінің” анасы конференция кезінде.

2018 жылдың 22 наурызы күні жасөспірімдер Никитаның 15 жасқа толған туған күнін атап өту үшін жиналады. Туған күн иесінің анасы – Светлана Ш. бұл уақытта үйде болған. Айтуынша, арасында жасөспірімдер отырған бөлмеге кіріп, бәрін бақылап отырған. Жасөспірімдер өз кезегінде дастархан басында бас қосып, музыка тыңдап, телефоннан әртүрлі видео қараған.

 

Кейін олардың үлкендерден жасырып газдалған сусынға арақ араластырып ішкені белгілі болады. Светлана Ш. тағы бір қонақты күтіп алуға шығып, қайтып келгенде жасөспірімдердің мас болып қалғанын байқайды. Бәріне ұрысып, үйді-үйіне жібереді. Осы жасөспірімдердің арасында “жәбірленуші” қыз да болған.

Осыдан кейін не болғанын “жәбірленуші” аса жақсы білмейді.

“Менің жүрегім айни бастады. Кейін ваннаға шалбарым мен кеудешемді жуу үшін бардым. Құлап түстім. Балалар кіріп, мені төсекке көтеріп жатқызды. Ешкім зорлаған жоқ. Басынан-ақ мені ешкім зорлаған жоқ деп айтқан болатынмын”, – дейді 13 жастағы жасөспірім қыз.

Әрі қарай ол сол күні етеккірі келіп, үйге ішкиімсіз қайтуға мәжбүр болғанын айтты. Анасы мұны басқаша түсініп, зорлады деп арыз жазады.

“Немолчи” ұйымының жетекшісі Дина Таңсәрі бүгінгі апелляциялық соттың әділетсіз шешім шығарғанын айтады.

 

“Сот жәбірленушінің қыздығынан айырылғанын “көрсеткен” сараптама нәтижесіне сілтеме жасап отыр. Алайда қыздың өзі осы күнге дейін өзін ешкімнің зорламағаны туралы айтты. Балалар да жаман әрекетке бармағанына сенімді. Қыз мас болып қалғандықтан, балалар оның төсекке жетуіне көмектескен”, – деді Дина Таңсәрі Stan.kzтілшісіне.

Әрі қарай “Немолчи” ұйымының жетекшісі балалардың қызды зорлағанына қатысты ешқандай дәлел жоқ екеніне тоқталды. Ата-аналар да биологиялық материалдардың дұрыс жиналмағанын және ДНҚ сараптамасының дұрыс жүрмегенін айтқан.

“Сараптама жасау үшін заттар бір жерде үйінді болып жатпай, целлофанға салынуы тиіс. Себебі, бұл – ДНҚ жиынтығы. Мұның бәрі іске немқұрайлы қарап отырғанды көрсетеді. Өйткені бұзушылықтар көп болды. Балаларға да үлкен қысым жасалып, жәбірленушіге не айту керектігіне дейін айтқан. Тіпті, бүгін сот отырысы кезінде тергеуші қызға қысым көрсетіп, ол залдан қашып кетуге мәжбүр болды. Осындай қысым болып жатыр, балалардың психикасы құртылды”, – дейді Дина Таңсәрі.

Сондай-ақ, 2018 жылдың сәуір айында гинеколог маман жасөспірім қызды тексеріп, оның қыз екенін айғақтағаны отандық бағдарламалардың бірінде айтылды.

Судья жасөспірімдердің әрқайсысын 3 жыл 3 айға бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарды. Сот процесі барысында балалар есінен танып құлап, жедел жәрдем шақыруға мәжбүр болған.

Комментарий