Саясат | Политика

ҚАЗАҚСТАН ҚАУІПСІЗ ӘЛЕМ САЯСАТЫН ҰСТАНАДЫ

Қазақстан Республикасы мемлекеттік-құқықтық дамудың қазіргі кезеңінде өзінің сыртқы саясатын табысты жүргізіп келеді. Бүгінде егемен ел ретінде көптеген халықаралық және өңіраралық ұйымдардың толыққанды мүшесі. Осының арқасында дәйекті және болжамды сыртқы саясаты бар мемлекет ретінде бағаланып отыр. Егемендік алғаннан кейін көптеген күрделі экономикалық, экологиялық, соның ішінде саяси амбицияларға қол созған егеменді мемлекет жолына түсті. Бұл ретте әлемнің басқа мемлекеттерімен дипломатиялық қарым-қатынас орнату, әмбебап және өңірлік халықаралық ұйымдармен диалог орнату, күрделі геосаяси ортадағы жас мемлекеттің нақты қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оның заңды экономикалық мүдделерін сақтауға қол жеткізу, сондай-ақ, ішкі қайта құрулар үшін қолайлы халықаралық жағдайлар жасауға айрықша маңыз берілді.

Осы тұрғыда біздің тәуелсіз тарихымыздың сыртқы саясатын шын мәнінде таза парақтан жазуға тура келгені ешқашан ұмытылмауы тиіс. Жаңа кезеңдегі сыртқы саясатты қалыптастырудың қиындықтары туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «бізде сыртқы саяси қызмет дәстүрі болған жоқ. Сыртқы істер министрлігі дипломатиялық емес функцияларды атқарды. Күрделі проблемалар көп, бірақ, шетелде бірде-бір дипломатиялық өкілдік жоқ, сыртқы саяси мәселелер бойынша қарапайым жұмыс жоқ, сыртқы саясат дәстүрлері туралы айтпағанда, білікті кадрлар жоқ» деп еске алады.
Ел басшылығының, сыртқы саясат ведомствосының алдында тұрған міндеттерді тек доктриналық деңгейде ғана емес, жедел ұйымдастыру жоспарын да (атап айтқанда, кадр құрамына қатысты; шетелдегі дипломатиялық өкілдіктер мен миссияларды ұйымдастыру; біздің елде ашылатын шетелдік елшіліктердің  жұмысына жәрдемдесу және т.б.) қысқа мерзімде шешу қажет болды. Сонымен қатар, орасан зор табиғи байлығына ғана емес, сондай-ақ, бұрынғы Кеңес одағының ядролық әлеуетінің елеулі бөлігі болғандықтан Қазақстанға ерекше көңіл бөліне бастады.
Көптеген мемлекет пен халықаралық ұйымның тәуелсіз Қазақстан туралы шынайы ақпараты жоқ болғандықтан, олар елдің экономикалық әлеуетіне қатысты ескірген мәліметтерді пайдалануға мәжбүр болды. Осыдан келіп жағдайды түбегейлі түзету, Қазақстанды халықаралық аренада танымал ету, бүкіл әлемдік қоғамдастық шегінде елдің оң имиджін жасау қажеттілігі туындады. Осы күрделі жағдайларда мемлекеттің халықаралық саясатын дамыту үшін жауапкершіліктің барлық ауыртпалығын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті өзіне алды. Көптеген шетелдік және отандық сарапшылардың мойындауы бойынша, дәл осы жағдай Қазақстанды әлемдік саяси кеңістікте бекіту үдерісіндегі көптеген шығындарды болдырмауға мүмкіндік берді. Бұл жағдай сыртқы саяси стратегияны әзірлеу кезінде қазақстандық басшылықтың еліміздің халықаралық қызметінің басты бағдары болып қалатын көп векторлы қағидатты жүзеге асыру қажеттілігін ұғынуына әкелді. Тұтастай алғанда, тәуелсіздік жылдары көпвекторлық қағидат Қазақстанға өзінің ұлттық мүдделерін тиімді қорғауға ғана емес, халықаралық аренада дербес және ықпалды ойыншы болуға мүмкіндік берді. Жас мемлекеттің өзінің даму жолындағы прогресін және барлық мүмкін болатын бітімгершілік күш-жігерін халықаралық қоғамдастық бүгінде жоғары бағалайды.
Қазірігі таңда Қазақстан егеменді мемлекет ретінде көптеген халықаралық және өңіраралық ұйымдардың толыққанды мүшесі. Еліміз интеграция саясатын белсенді жүргізіп, әлемнің көптеген елдерімен екіжақты және көпжақты әріптестік қарымқатынастар орнатуда. Республика бүгінде БҰҰ, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы сияқты халықаралық институттармен және ұйымдармен қоянқолтық жұмыс істеуде.Экономикалық ынтымақтастық, Еуропалық экономикалық комиссия, Халықаралық еңбек ұйымы және тағы да басқа адам құқықтарына қатысты көптеген халықаралық актілерге қол қойып, бекітті.
Негізгі шаралар Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) және Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары
жөніндегі кеңес (АӨСШК) шеңберінде өңірдегі тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған. Сол арқылы ауқымды Еуразия құрлығындағы сенім, әріптестік және тұрақтылық саясатының негізі қаланды.
Айша ҚҰРМАНҒАЛИ,
«Заң газеті»

Әлсіз | СлабоОнша емес | Так себеЖарайды | НормальноЖақсы | ХорошоКеремет | Отлично Баға беріңіз | Оцените

Загрузка...

Комментарий