Құқық | Право

Төтенше жағдай кезінде мұғалімдерді жұмысқа шығуға міндеттеген мектеп директорлары жазаланды

Мұндай жағдай, әсіресе, Түркістан және Алматы облыстарында бой алғаны анықталды.

 16 наурыздан бастап еліміздегі барлық педагог көктемгі демалыс уақытында қашықтық режимінде жұмыс істейтініне қарамастан, кейбір мектеп басшылары мұғалімдерді жұмысқа шығуға міндеттеген, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

“COVID-19 жұқтыру қаупін азайту бойынша шараларды күшейту аясында қабылданған ҚР Білім және ғылым министрінің бұйрығына сәйкес, педагогтар қашықтықтан жұмыс істейді. Алайда, кейбір мектеп басшылары мұғалімдерді жұмысқа шығуға міндеттеген. Мұндай жағдай, әсіресе, Түркістан және Алматы облыстарында бой алғаны анықталды. Ұстаздарды жұмысқа шақыртқан мектеп басшыларына тәртіптік жаза қолданылды”, – делінген министрліктің хабарламасында.

Педагогтер әдістемелік және каникулдан кейінгі сабаққа дайындық жұмыстарын  қашықтан атқаруы тиіс. Сондай-ақ, пандемия кезеңінде педагогтердің еңбек ақысы толық көлемде сақталады, яғни үйден жұмыс істеу ұстаздардың айлығына әсер етпейді.

Комментарий