Бас тақырып | Тема дняҚұқық | Право

Төтенше жағдай тәртібін бұзған 143 адамға іс қозғалды

Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев төтенше жағдай режимін бұзған 143 адамға қатысты әкімшілік іс қозғалғанын айтты. Бұл туралы NEGE. kz  хабарлайды.

«Бүгінгі күні құқық қорғау органдары Қылмыстық кодекстің «Санитарлық және гигиеналық нормативтерді бұзу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 476-бабы бойынша 143 тұлғаға қатысты әкімшілік іс қозғалды. Мысалы, дәмханалар мен мейрамханалар рұқсат етілмеген уақытта жұмыс істейді. Жиын-той өткізеді. Осының барлығы адамдардың өміріне қауіп төндіреді. Сондықтан да олар жауапқа тартылады. Толықтай алғанда Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы блок-бекеттердегі жағдай тұрақты. Халық енгізілген шараларға түсіністікпен қарауда», – деді министр.

Министрдің айтуынша, бүгін еліміздің бас санитарлық дәрігері халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жаңа қаулыға қол қойды. Аталған қаулыға сәйкес, коронавирус инфекциясы тараған елдерден келген азаматтардың барлығы 14 күнге карантинге жатқызылады және вирусты анықтауға арналған тест тапсырады.
«1 А санатына кіретін: Франция, Иран, Испания, Германия және Италия елдерінен келгендер қатаң қадағаланады. Қалған елдерден келген азаматтар коронавирусты анықтауға арналған сараптамалар тапсыру үшін стационарлық карантинге 1 күнге оқшауланады. Тіпті, теріс нәтиже болғанның өзінде олар 13 тәулікке үйде оқшауланады», – деді Дәурен Абаев.

Министрдің айтуынша, транзит арқылы ұшып келген азаматтарға да тексеру талаптары күшейеді. Олар барлық сараптамаларды тапсырады. Ал Қазақстан аумағына транзиттік рейстер қонған жағдайда, жолаушылар ұшақ бортынан шықпайды.

Комментарий