Бас тақырып | Тема дняСаясат | Политика

Президент сайлауы: әр кандидатқа бюджеттен 7,5 млн теңге бөлінуі мүмкін

Қаражат кандидаттың сайлауалды бағдарламасын жариялауға, үгіт материалдарын шығаруға, көлік шығындары мен ғимаратты жалға алуға жұмсалады. Орталық сайлау комиссиясы президенттікке үміткер әр кандидатқа сайлауалды науқан үшін республикалық бюджеттен бөлінетін болжамды соманы атады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Сабила Мұстафинаның айтуынша, республикалық бюджеттен қарастырылатын ақша кандидаттың БАҚ-та сайлауалды бағдарламасын жариялауға, үгіт материалдарын шығаруға, ғимаратты жалға алуға, көлік шығындарына бөлінеді.

“Біз әр кандидатқа жұмсалатын шығынды есептедік. Шамамен 7,5 миллион теңгеден шығып отыр”, – деді Мұстафина ОСК-де өткен баспасөз мәслихатында.

Ол мұның тек болжамды сома екенін, бірақ бұған дейінгі президент сайлауы науқаны кезінде бөлінген сомадан міндетті түрде көп болатынын атап өтті.

Бұл биыл қаңтар айынан бастап елімізде ең төменгі жалақы мөлшерінің 42 500 теңгеге ұлғаюымен байланысты.

“Орталық сайлау комиссиясы сайлау алды науқанға қажет болжамды сметаны есептейді. Кейін оны үкіметке жібереді, қаражатты бөлу туралы шешімді үкімет қабылдайды. Сайлау кезектен тыс болғандықтан, бұл ақша резервтен бөлінеді”, – деді ол.

Мұстафина ОСК болжамды сметаны қаржы министрлігіне бүгін жібергенін айтты.

Бұған қоса, ол кандидаттың сайлау қоры қалай қалыптасатынына да тоқталды. Біріншіден, ол кандидаттың өз қаражаты мен кандидатты ұсынған республикалық қоғамдық бірлестіктің бөлген қаржысы есебінен құралады. Оның жалпы сомасы ең төменгі жалақы мөлшерiнің он екі мың еселенген сомасынан аспауы тиіс.

“Биыл ең төменгі жалақы өскендіктен, бұл сома 510 миллион теңгеден аспауы тиіс”, – деді ОСК хатшысы.

Екіншіден, республика азаматтары мен ұйымдарының ерікті салымдарынан тұрады. Оның жалпы сомасы ең төменгі жалақының он бес мың еселенген сомасынан аспауы керек, яғни 637, 5 миллион теңгеден аспауы тиіс.

Комментарий