Қоғам | Общество

Нұр-Сұлтанда 4 айлық сәби коронавирус жұқтырды

Нұр-Сұлтан қаласында коронавирус жұқтырған 28 науқастың ішінде төрт айлық сәби бар. Бұл туралы брифингте қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова айтты.

Қисықованың айтуынша, 2020 жылдың 20 наурызында тіркелген үш науқас – төрт айлық сәби мен оның ата-анасы. Париж– Минск – Нұр-Сұлтан рейсімен ұшып келген. Эпидемиологиялық ахуалы қолайсыз елден келгендіктен, 19 наурыздан бастап стационарға алынған.

Бұл отбасы 9 наурыздан бастап Францияда демалыста болған. Сол себепті Қазақстанға келген соң, бірден стационарға жатқызылды.

“Үш науқаспен жақын байланыста болған адамдармен, ұшақ бортында және басқа да жолаушылар бойынша тиісті жұмыстар басталды. Жақын қарым-қатынаста болған жеті жолаушы анықталды, оның алтауы ауруханаға жатқызылды. Тағы бір адам өз өңірінде ауруханаға жатуға дайындалып жатыр”, – деді басқарма басшысы.

Аталған рейстің қалған 63 жолаушысы үй жағдайында карантинде жатыр.

Қазір Нұр-Сұлтанда коронавирус жұқтырған 28 адам тіркелген.

Қисықованың айтуынша, дәрігерлер олардың жағдайын қанағаттанарлық деп бағалап отыр.

Соңғы мәлімет бойынша, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 53 адамға жетті. Алматы қаласында – 22, Нұр-Сұлтан қаласында – 28, Қарағанды қаласында – 2, Алматы облысында –1.

Комментарий