Қоғам | Общество

Коронавирус әлем елдеріне қалай әсер етті

Коронавирус инфекциясының таралуына байланысты жаһандық карантин әлемдік экономика мен денсаулық сақтау жүйесіне ғана өзгеріс алып келмей, сонымен қатар ғаламшардың экологиясына да айталықтай әсер етті. Оғаш естілуі мүмкін, бірақ пандемия талай адамға өмір сүруге көмегін тигізген.

Қытайда ауа ерекше тазарып қалды

Қытай – әлем бойынша ауа мен судың ластануы бойынша алдыңғы орында тұр. Мұнда дүниежүзі бойынша көміртегі қалдықтарының 30%-ы бөлініп шығады. Соңғы бір жарым айдың ішінде елдегі зауыттар мен фабрикалардың жұмысы тоқтауына байланысты, Қытай 200 миллион тонна көміртегін бөлуді тоқтатқан. Нәтижесінде елдің экологиялық жағдайы біршама жақсарған. Бұны Ухан көрінісін түсірген NASA-ның суреттерінен көруге болады.

 

Профессор Маршалл Берктің мәліметі бойынша, жыл сайын ҚХР-да ауаның ластануынан жүздеген мың адам көз жұмады. Бір жарым ай бойы Қытай зауыттарының жұмыс істемеуі – 70 мыңға жуық адамның өмірін сақтап қалды десе де болады.

Италияда тыныс алу жеңілдеді

Италияда COVID-19 басталуына байланысты карантин кезінде ауаның ластануы күрт төмендеді. Себебі тұрғындар үйде отыруға мәжбүр болды.

Еуропалық ғарыш агенттігі (ESA) спутник суреттерін жариялап, Италия бойынша атмосфераның ластануының 2020 жылдың 1 қаңтарынан 11 наурызына дейін төмендегенін жеткізді. Атап айтқанда, елде азот диоксиді қалдықтарының көрсеткіші азайған.

Венецияда су тазарып, дельфиндер қайтып оралды

Венецияда коронавирусқа байланысты туристер саны азайды, осы себепті моторлы қайықтардың қозғалысы тоқтады. Нәтижесінде каналдар таңғаларлық жағдайда тазарған. Венециялықтардың өздері әлеуметтік желілерде мөлдір таза суда дельфиндер мен аққулар пайда болғаны туралы жарыса жазып жатыр.

Чикагода пингвиндер океанариумда жүзуді бастады

АҚШ-тағы танымал Shedd Aquarium келушілер үшін уақытша жабылды. Осы орайда океанариум қызметкерлері жергілікті пингвиндерді шығарып, сол аумақта еркін жүзуге мүмкіндік берді. Енді пингвиндер ол жерді қалағандарынша аралап, өзге балықтармен бірге өмір сүріп жатыр.

Украинаның да экологиясы жақсы нәтиже көрсетті

Украина 2019 жылы Еуропа бойынша ауаның ластануынан адам өлімі көп 5 елдің қатарына кірген болатын. Зерттеулер бойынша, жыл сайын мұнда лас ауаның кесірінен 60 мың адам қайтыс болады. Елде карантин 12 наурыз күні жарияланған болатын. Алайда осынша қысқа мерзімнің ішінде Киевтің ауасы біршама жақсарған. Бұл туралы президент Владимир Зеленскийдің өзі де айтты.

Комментарий