Құқық | Право

КАРАНТИНДІК ШАРАЛАР ҚАТАҢ САҚТАЛАДЫ

Жоғарғы Сот Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында COVID-19 коронавирусын жұқтырғандар санының қарқынды өсуіне байланысты төтенше жағдай кезінде сот ісін жүргізуге тартылған азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін және олардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз етудің арасындағы теңгерімді сақтау шараларын қабылдауда.
Келушілер арасында коронавирустың таралу қауіпінің алдын алу үшін республика соттарына карантиндік шараларды қатаң сақтау тапсырылды. Судьялар мен қызметкерлердің бір бөлігіне ыңғайлы жұмыс кестесі ұсынылса, қалғандарына еңбек демалысына шығу, қысқартылған жұмыс күніне немесе қашықтықтан жұмыс істеу режиміне көшу мүмкіндігі берілді. Жергілікті соттарға қағаз тасымалдағыштағы құжат айналымын барынша азайту қажеттігі айтылды. Бұған қоса, тергеу соттарының қарауында жатқан, төтенше жағдай аяқталғанға дейін қаралуын кейінге ауыстыруға немесе шегеруге жататын және жатпайтын істер мен материалдардың тізімін жасап, мерзімі бойынша басымдықтарын анықтау тапсырылды. Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында карантин режимінің жариялануына байланысты осы өңірлердегі соттарға төтенше жағдай режимін бұзуға байланысты істер бойынша сот төрелігін жүзеге асыру, сондай-ақ, әкімшілік, тергеу және өзге де соттарда ұлттық қауіпсіздікке, қоғам мен мемлекет тіршілігінің маңызды салаларының қызметін қамтамасыз етуге, жеке бас бостандығына конституциялық құқықты шектеуге қатысты кейінге қалдыруға болмайтын істерді қарау үшін соттарда судьялар мен сот қызметкерлерінің шектеулі құрамын қалдыру ұсынылды. Соттардың күзеті мен қызметін қамтамасыз ету үшін де қызметкерлердің аз ғана бөлігін
жұмылдыру көзделіп отыр. Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асанов соттарды карантиндік талаптарды қатаң орындауға шақыра отырып: «Мұндай жағдай алғаш рет болып отыр. Сондықтан, осы ұсынымдармен ғана шектелмей, соттар ғимараттарында, сондай-ақ, туыстарыңыз бен жақындарыңыздың қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ету бойынша барлық тиісті шараларды қабылдау қажет», – деді.
Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі

Комментарий