Қоғам | Общество

“Халық жұмыссыз отыр”. Моңғолияда қазақтар тұратын қалада неге карантин жарияланды?

Қазір Моңғолиядағы қазақтар шоғырланған Баян Өлгей қаласы карантинге жабылған. Бұған Қазақстанда коронавирус тарауы себеп болған екен. Моңғолиядағы қоғамдық денсаулық сақтау маманы Рысбек Масғұтұлы Tengrinews.kz тілшісіне Баян Өлгейде не болып жатқанын баяндады.

Рысбектің айтуынша, қазір Баян Өлгей қаласында 110 мың адам тұрады. Оның 93 пайызы қазақтар екен, қалғаны моңғол ұлты. Сондықтан, Қазақстанда коронавирус тараған кезде Моңғолия билігі қазақтар шоғырланған Баян Өлгей қаласын жауып тастаған.

“Қазақстанда коронавирус анықталғаннан кейін Баян Өлгей қаласында Қазақстаннан эпидемия тарау мүмкіндігі өте жоғары деп есептеп, бізді карантинге жауып тастады. Бізге Моңғолияда тұратын 200-ге жуық азамат Қазақстаннан келген. Олардың бәрі оқшауланды. Бәрінен коронавирусқа сынама алған, бірақ эпидемия табылған жоқ. Кейін олардан екінші рет тест алынып, Моңғолия астанасына жіберілді. Соның нәтижесі келгенше Баян Өлгейде төтенше жағдай жариялап, қозғалыстарды тоқтатып, кіріп-шығуға тыйым салып, карантинге жапты”, –  дейді Масғұтұлы.

Оның айтуынша, қазір Баян Өлгейден басқа қалаларда карантин жарияланбаған.

“Моңғолияның басқа қалаларында төтенше жағдай жоқ, бәрі қалыпты өмір сүріп жатыр. Моңғол мемлекеті Түркия, Ресей, Қазақстан, Оңтүстік Корея, Жапония секілді елдерге ұшақ жіберіп, азаматтарын екі-үш рет әкелген. Сол азаматтардың ішінен бірнеще адамнан коронавирус анықталды. Олар қазір Моңғолиядағы жұқпалы ауруларды зерттеу орталығында карантинде жатыр”, – дейді моңғолиялық қазақ.

Ол қазір Моңғолия шекарасының жабылғанын айтады. Билік шетелдің азаматтарын кіргізбеу туралы қаулы шығарған.

Рысбек Масғұтұлының айтуынша, қазір Баян Өлгейдегі аурухананың жағдайы нашар.

“Баян Өлгейді екі-үш айға жететін тамақ қоры бар деп жатыр. Бірақ та қаладағы аурухана басшылары қандай да бір ауру шыққан жағдайда дәрі-дәрмек жетпей қалуы мүмкін екенін айтады. Аурухананың жағдайы нашар. Осындай қиын жағдайда, моңғолиялық қазақтар жергілікті үкіметпен қатар, Қазақстан билігінен де көмек сұрайды”, – дейді қоғамдық денсаулық сақтау маманы.

Ол қаладағы мекемелер жабылып жатқанын айтады.

“Біраз дүкен ашық. Бірақ қаладағы базар жабық. Мектеп, балабақша мен жоғары оқу орындарының тоқтатылғанына екі айдан асты. Биыл елде Наурыз тойланбайды”, – дейді ол.

Ол қазір тұрғындар арасында дүрбелең бар екенін айтады. Бәрі биліктің жаңа қаулысын күтіп отыр екен. Тұрғындардың көбі қазір жұмыссыз отыр. Әзірше мемлекет ешқандай жәрдемақы қарастырмаған, дейді моңғолиялық қазақ.

Комментарий