Құқық | Право

«Жұмыс беруші қызметкердің еңбек құқығын бұзса, дереу тиісті шаралар қолданылады» – министр

«Қашықтықтан жұмыс істеуге шыққан болсаңыз, ол еңбекақыңызға еш әсер етпейді. Бұл мемлекеттік және жеке компания қызметкерлеріне де қатысты», – деп мәлімдеді Біржан Нұрымбетов.

Жұмыс беруші қызметкердің еңбек құқығын бұзған жағдайда тиісті шаралар қолданылады. Бұл тек мемлекеттік қана емес, жеке компанияларға да қатысты, деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің айтуынша, Сізді қашықтықтан жұмыс істеуге жіберіп, кейін айлығыңызды толық төлемесе немесе ақылы еңбек демалысын алуға мәжбүрлеген жағдайда еңбек инспекциясына шағымдана аласыз.

«Құрметті азаматтар! Егер еңбек құқығыңыз бұзылып жатса, тұрғылықты мекен-жайыңыз бойыша мемлекеттік еңбек инспекциясына барыңыз. Тиісті шаралар дереу қабылданатын болады. Қашықтықтан жұмыс істеуге шыққан болсаңыз, ол еңбекақыңызға еш әсер етпейді. Бұл мемлекеттік және жеке компания қызметкерлеріне де қатысты», – деп мәлімдеді Біржан Нұрымбетов.

Қашықтықтан демекші, мемлекеттік орган басшыларына жиын-кеңестерді бейнебайланыс арқылы өткізу ұсынылды. Сондай-ақ, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрайымы халықты қауіпсіздікпен қамтамасыз ету мәселелеріне қатысты емес, тапсырмаларды кейінге шегеруге шақырды.

«Қашықтықтан жұмыс істейтін мемлекеттік қызметкерлердің өз қаласынан ешқайда шықпауын сұраймыз. Жауапкершілік танытып, өз міндеттерін толық атқаруы қажет. Тиісті шараларды уақытылы қабылдай отырып, азаматтарымыздың қауіпсіздігін және жайлылығын қамтамасыз ете аламыз», – деді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрайымы Анар Жайылғанова.

Комментарий